Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Текті ұлттың тұлғасы

10.08.2023, 10:20 157

Ұлан-ғайыр қазақ даласында талай ту ұстаған баһадүр, әлемге мәшһүр болған дүлдүл ақын да, ел бастаған хан да, халқына берер ғибраты мол ғалым да, көмейінен ән сыңғырлаған бұлбұлдардың да әсте көп болғанын тарих беттерінен білеміз. Ұлтымызды ұлықтаған ұлылардың да, ұрпағының да, бойынан тектілік танылып тұратыны ақиқат. Осындай текті ұрпақтың бірі – таудан аққан тасбұлақтай білім мен ғылымның айдынында шуағы төгілген «Шығыстың жарық жұлдызы» боп аталған Шоқан Уәлиханов. Шоқанның бойындағы тектілік  сарыны қайдан, кімнен дарыған? Тектілік  дегеніміз  не?

Халқымыз бір адамға риза не ісіне тәнті болғанда «текті атаның баласы» деп айтады. Тектілік – қанмен берілетін адамдықтың, жақсылықтың жиынтығы. Көргені жақсы көш бастап, ту ұстар ұлықты ұл болады. Қазақ тектілікті ұрпағының топ жарып, қатарының алды болуымен және басқа бақ қонса тасымайтын, бақ тайса жасымайтын ерекше үлкен адамгершілік қасиет деп таныған. Тектіліктің ең бірінші сыры халқымыздың жеті атаға жетпей қыз алыспауынан деп ойлаймын. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы Жиренше шешен қатты науқастанып қалыпты. Көптеген емшінің шипасы қонбапты. Сонда атақты Өтеу­бойдақ Тілеу­қабылұлы деген емшіні шақыртады. Өтеубойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен құлан таза тәуір бопты. Жәнібек хан емшіге ризалығын білдіріп, қандай ауру­дың жазылмайтынын емшіден сұрайды. Емші еш кідірместен тұқым қуалайтын аурудың жазыл­майтынын, мұның алдын алу үшін «Жеті атаға» дейін туыс адамдар қыз алыспау керек­тігін  айтыпты. Өтеубойдақ емшінің сөзінен соң, Жәнібек хан: «Кімде кім жеті атаға толмай үйлен­се, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығарыпты. Бұл дала заңы осы уақытқа дейін сақталып жүр. Егер жеті атаға жетпей туысатын болса, балалары әлжуаз, ауру, есі  кеміс  болып туатынын қазір ғылым да дәлелдеген. Ж.Бабалықұлының  деректеріне сүйенсек, Оңтүстік Кореяның ғалым­дары дүниежүзін­дегі  халықтың  қан құрамын   тексеріпті.  Қазақтың  43  руының  қанын  тексергенде,  әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Сонда ең таза қан қазақтың қаны деп танылыпты. .Бұл – жеті атаның қасиеті. Бұл біздің өзге ұлттардан бас­ты айырмашылығымыздың  бірі  деп санаймын.

Тектілік түйсігі жан-жануарлардың бо­йында да болады. Қазақ судың тұнығын ғана ішетін, шөптің шипалысын ғана жейтін малдың тектісі ер қанаты, қымызы бал, еті дертке дауа болатын жылқыны пір тұтқан. Құс тектісі қыран бүркіт те қартайғанда аң аулауға шама­сы келмесе, тышқан аулап, ұяда жатқанды қорлық көріп, қиядан құзға қанатын соғып өледі. Бұл  да – тектіліктің  тағы  бір  дәлелі.

Менің өмірімдегі ең алғашқы қызықтап оқыған кітабым – Жарылқап Бейсенбайұлының «Жасын тағдыр жарқылы». Бұл кішкентай кітапта Ш.Уәлихановтың балалық шағынан өмірінің  соңына дейін жазылған болатын. Бұл кітаптан  Шоқанның кішкентай кезінен зерек болып, үлкендердің жиынында, олардың сөзін  түсініп  тыңдап  отырғанында  әжесі Айға­ным  «шоқиғаным Шоқаным» деп еркелетуінен Шоқан аталғанын білемін. Ә.Марғұлан: «Айға­ным – Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы» деген. Тектіліктің тағы бір сыры әже тәрбиесі деп білемін. Қазақтың ұлы ақыны Абайды әжесі Зере тәрбиеледі емес пе?

«Бала Шоқан қандай болды екен?» деген сұраққа жауап іздегенімде мына мәліметпен таныстым. Бірде Шыңғыс үйіне қазақтың игі жақсылары келіп, төрге жайғасып, ет жеп отыр­ғандарында, «маған да ет бер» деген дауыс шығады. «Бұл дауыс қайдан шығып жатыр?» деп қонақтар түсінбей отырғанда, бесікте жатқан баланың даусы екенін түсініп, баланың қолына құйрық ұстатады. Бесіктегі Шоқан құйрықты аузына салып сорғылап жата бере­ді. Бесіктегі бір жастағы бала Шоқанның тілі де ерте шығып, ерекше бала болып өскенін байқаймыз. Шоқанның тағы бір қасиеті араб, шағатай, парсы, орыс тілдерін жетік білген әрі тез  меңгерген.

Мені  қызықтырған  тағы  бір сұрақ «Мұхаммед­қанафия» деген ерекше есімді ғалым­ға кім қойған екен? Хан немересіне есімді бір дара тұлға қойса керек. Осы сұрақты зерттей келе мына бір тарихи мысалға назар аудардым.

Бірде Абылай хан жайшылықта жалғыз өзі аңға шығады, сол кезде оны қалмақтар ұстап алады. Оны тұтқындап, қалмақтың ханының алдына әкеледі. Дала заңы бойынша ханды соғыс кезіндегі қан майданда адал күресте тұтқындайды екен, ал бейбіт, жай күндері ханды тұтқындауға ешкімнің құқы жоқ, бостандық беру керек екен. Сонда қалмақтың ханы Абылай ханды сынамақшы болып, нөкерлеріне тұт­қынды бір апта қамап, аш  қалдырып, апта  соңында тостағанға қатқан тоң  майды  беруін бұйырады. Нөкерлер дәл солай жасайды. Тұтқын Абылай: «Мынау немене?»  деп  тостағанды сыртқа лақтырып жібереді. Сонда қалмақтың ханы: «Егер тұтқын тоң майды жесе, қараның баласы, жеме­се, онда  хан  баласы»  дейді.

Қалмақтың ханы тұтқынды тағы бір сынап көрмекші болады. Нөкерлеріне: «Тұтқынның алдына бәрің жан-жақтан қылыштарыңды жарқылдатып, денеңді паршалап бөлеміз» деп сес көрсетіңдер!» деп бұйрық береді. Нөкерлер дәл солай жасайды. Бірақ тұтқын Абылай мүлдем қорықпай, басын төмен қаратып бұғып қалмай, керісінше, қас батырша қасқайып тұрады. Мұны көрген қалмақ ханы тегін адам емес  екенін  аңғарады.

Бірақ үшінші рет тағы бір сынамақшы болады. Хан ордасында төрдегі тақты бос қалдырып, қалмақ ханы айнала отырған нөкерлерінің жанына жайғасады да, сырттан тұтқынды кіргізуді бұйырады. Тұтқын ордаға кіріп, қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, тура тұрған таққа барып отырады. Сол кезде қалмақ ханы: «Есіктен кіріп, төрге шығып, таққа неге отыр­дың?» дегенде, тұтқын Абылай: «Бұл таққа қалмақтың ханы Қалдан Серен отыр­маса, не қазақ­тың ханы Абылай отырмаса, кім отырады?» деп жауап берген екен. Сонда қалмақтың  ханы  Қалдан  Серен Абылайға риза болып, тұтқындағаны үшін кешірім сұрап, (Дала заңы бойынша жайшылықта ханды тұтқындауға болмайды.)  өзінің  қазақ әйелінен туған екі қызын сыйға тартады. Сонда қазақ әйелі келіп: «Ұлы сөздің ұяты жоқ, үлкен қызым түзге дәрет сындырғанда, жерді тесіп жібереді, одан батыр ұл туады, екінші қызым дәрет сын­дырған жерін көміп кетеді, одан ишан молда туады» деген. Абылай өзінің хан екенін Қалдан Серенге мойындатып, қалмақтың сый-сыяпатымен елге оралады. Қалмақ ханы Қалден Серен­нің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай  өзіне, Фатима атты екіншісін Құрман атты емшісіне әйелдікке береді. Ол Абылайдың батырларының бірі де бірегейі, бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар, тағы бір қасиеті адам емдейтін тәуіп болыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүниеге келген. Марал баба Қалдан Сереннің туған жиені, Кенесары, Наурызбай батырлардың туған бөлесі. Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалыдан 18 шақырым жердегі «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген дейді. Ал Марал баба мен Қалқай ишан қорымы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан. Бұл киелі жер саналып, арнайы дұға етушілер  зиярат  етеді.

Қазақ халқының мақтанышы Шоқан Уәлиханов туғанда атын қойып, ақ батасын берген осы Қалқай ишан болатын. Қалқай ишан мен Шоқанның әжелері баяғы қалмақ ханының қыздары болып туысып тұр.

Шоқан туралы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында баян етеді.

Иә, батамен көгеріп, көктеген елміз, шынында да Қалқай Ишанның батасы дарып, Шоқанның әлемге аты мәшһүр ғалым болғаны да, ғұмырының келте болғаны да рас. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келіп, 1865 жылдың 10 сәуірінде бар-жоғы отыз жасында қайтыс болған. Саяхатшы-геог­раф, ғалым, публицист,  әдебиет зерттеушісі Шоқан  Шыңғысұлының  жасындай жарқ  еткен  келте  ғұмырында  философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебие­ті, әдебиет теориясы жайындағы ғылыми  зерт­теулері аса  құндылығымен арта түспек. Шоқан Абылай ханның шөбересі болған, атасы Уәли хан патша үкіметі ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы ханы еді. Шоқанның әкесі 1834 жылы Омбыда Сібірдің казак әскери училищесін бітіріп, орыс армия­сында жоғары әскери шен – полковник атағын алған, Құсмұрын округінің аға сұлтаны, Сібір қыр­ғыздарының облыстық басқармасының кеңесшісі, Көкшетау округінің аға сұлтаны болды. Шоқаннын анасы – Зейнеп Шорманова, ғалымның нағашылары Бая­науыл өлкесіндегі атақты Шорманов­тар әулеті болатын. Шорманов Мұса орыс армиясының полков­нигі, белгілі қазақ биі, Баянауыл  сыртқы  округының  аға сұлтаны еді. Осындай игі жақсылардан туған Шоқанның  даналығы мен даралығына, тектілігіне  қалай  қайран  қалмаспыз?!

Халқымыз «Сұңқардан сұңқар туар  саңқылдаған, Қарғадан қарға туар  қарқылдаған» дейді. Тектілік атаның күшімен, ананың ақ  сүтімен, аялы алақанымен келетін құбы­лыс  болса  керек. Мұхамеджан Тазабековтің айтыста айтатынындай «Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз, Құнанбайды дәретсіз емізбеген». Ұлылар­ды әлемге танытқан осындай аналарымыз  емес  пе?

Сыпыра Сұрғалтайұлының «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар. Хан  баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл  баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар. Ханның ұлы қарауыл, Бидің ұлы шыңдауыл» дегендей, Тектілік – тек рухы, ататектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, осы қасиет қонған тұлғаларды үлгі етер ұлттың  ұлы  ұрпақтары  мың  болғай!

Анар ҚАРАЖАНОВА,

педагог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: