Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚ ТІЛІН қорлаған адамға сот үкімі шықты

02.05.2024, 15:40 181

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi болып табылады, оны ешкім даулай алмайды. Конституциямен орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылатындығы бекітілген.

Елімізде соңғы кезде құс келерде немесе қайтқанда, яғни көктемде, күзде қазақтың ата-бабаларынан мұра болып қалған қасиетті жеріне, тіліне тіл тигізіп «құсатын», шовинистік пығылдағы өз азаматтарымыз бой көтере бастағанын БАҚ-тардан, әлеуметтік желілерден оқып жүрміз.

Ешкімді тегiне, әлеуметтiк жағдайына, жынысына, ұлтына, тiлiне, дiніне, саяси көзқарасына, тұрғылықты жерiне байланысты кемсiтуден аулақпын. Қасиетті қазақ еліне кімнің ата-бабасы қай ғасырда келсін, мейлі Ресейдің Еділ бойынан, Сібірінен, Кап тауының етегінен, мейлі басқа өңірден келсін… Бірақ, қазақтың нанын жеп, суын ішіп, ауасын жұтып, қазақтың өзін, қасиетті елін, жерін, тілін қорлаған адамға кешірім болмауы тиіс. Ондай адамдар Қазақстанның қолданыстағы заңына сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы, қоғамдық, мемлекеттік, құқық қорғау, сот органдары мемлекеттік емес ұйымдар бейжай қарамауы тиіс. Өкініштісі сол, басты міндеттері елімізде барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатта ұйыстыра отырып, тұрақтылықты сақтау мен ел дамуына үлес қосып, этносаралық және конфессияаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылатын Қазақстан Халық Ассамблеясы бұл мәселеде бейтараптық,енжарлық, әрекетсіздік, немқұрайдылық танытуда.

… Егер ертең менің тілім жоғалса,

Мен бүгін өлуге дайынмын… – деп бекер айтпаған болар авар, кеңес ұлы ақыны Расул Гамзатов.

Қор болған тілім-ай!

Осы жылдың 5 сәуірінде Алматы қаласы, Әуезов аудандық соты (судья К.Дуанбекова) 2003 жылы Алматы қаласында туған, орта білімді, уақытша жұмыста жоқ, отбасылы емес, тәрбиесінде жас баласы бар Лю Элина Анатолийқызына қатысты үкім шығарды. Тегіне қарасаң, 1937 жылы Қиыр Шығыстан көшіп келген корей халқының өкілін есіңе салады, мүмкін сол ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, соның тегін алған славян тектес болар, бірақ, арандатушылық бағыттағы істеген ісі шовинистік әрекеттермен тікелей байланысып жатқан Қазақстан азаматы.

Қазақтың Абай мен Шәкәрім, Ахмет пен Міржақып сөйлеген қазақтың қасиетті тіліне орта білімді, қоғам түгілі, отбасы, айналасына да пайдасы тиіп үлгірмеген 20-дан жаңа асқан «блогерсымақ» әйел азаматша мыңнан астам адамның қатысуымен қазақ тілін «мамбет тіліне» теңеді. Айдың күні аманында Алматыдан жеткен бұл хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Жасы жиырмадан енді асқан, тәрбиесі, білімі, ой өрісі әлі жеткілікті дамымаған, түк қиындық көрмеген Элина не бүлдірді? Ол жеті мыңнан аса шақырым жерден қарулы күзетілген мұздай вагондармен аш-жалаңаш күйде жеткізілген ата-әжелерін баспанамен, балалаларының аузындағы тамағымен, жылы төсегімен бөліскен қайырымды қазақтардың арқасында аман қалғанын ұмытып, қазақ халқын қорлауға жол берген.

Э.Лю Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 174-бабының 1-бөлігімен екі жылға ең төменгі қауіпсіздік колониясында жазасын өтеуге сотталған. Ал баласы әжесіне берілді. Бұл іс БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық пікір тудырды.

Сот үкіміне сәйкесЭ.Лю жаһандық интернеттің белсенді пайдаланушысы ретінде Алматы қаласында орналасқан үйінде 2023 жылдың 13 қазанында өзінің ұялы телефонымен атына тіркелген TikTok әлеуметтік желісінде мессенджер арқылы бейне байланыс онлайн көрсетілімін жүргізген. Ол мыңнан аса жазылушылардың қатысуымен жүргізілген тікелей эфирдегі онлайн платформа ақпараттық жолдарында өзінің сұрақтарға жауап беру, түсіндірмелерінің көпшілікке ашық түрде жарияланып жатқанын және қозғалып отырған тіл туралы мәселенің республикада өзекті екенін жете түсіне, біле, көре отырып, қоғамдық мораль нормаларын бұзып, қазақ ұлтты азаматтарға теріс, жағымсыз көзқарас танытып, кемітіп қорлаған. Ол жұрт көзінше, жариялық түрде БАҚ-тар арқылы әдепсіз қылық әрекеттерін жасап, қазақ ұлтты азаматтарының ұлттық ар-намысы мен абыройына тіл тигізген.

Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес Э.Лю сұхбат барысында «Алға қазақ» логинымен тіркелген ер-азаматпен оның ұлты, егер де мұсылман болса, неге орамал тақпайтыны туралы берген сұрағына қазақ халқы мен Мемлекеттік тілге қатысты кемсіту, қорлау сөздерінайтқан.

Э.Лю азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың діни қозқарасы, әлеуметтік, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттап, бұл іс-әрекеттерді жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасаған. Бұл іс-әрекеттер сотталушыға екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға, не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сот үкімінде орыс тілінде көрсетілген бұл сөздерді қазақ тіліне аудармай, сол қалпында жариялауды жөн санадым. Ол қазақ тілі туралы «…Мамбеты», которые так пишут и эти слова написаны «мабетиозный язык… Қазақша жақсы көрмеймін сөйлеуге, не люблю на казахском разговаривать. Национализм Ваш ужасный, вообще я орыска. Мне не нравится казахский, такой «мамбетский язык» если честно. Знаете на самом деле я люблю? Вот таких, вот людей на конфликт выводить, потому что, какого …….(анайы сөздер) в современном мире сейчас живете. У нас в Казахстане на казахском никто не разговаривает почти, только вот эти приезжие мамбичи общаются и все. Кстати, эти приезжие «мамбичи», еще приезжие с аула всяких, из-за них у нас в городе, в Алмате, такие пробки страшные. Вообще я с Алматы со всех аулов понаехали и по Абая вечно пробка. Я с Алматы, солай, по-этому я не люблю. Я не знаю, мне не нравится казахский, честно, «мамбетозный язык», что киргизский, что казахский вообще некрасивая, но что благодаря тому, что какую-то часть казахского языка я знаю. Я осуждаю язык не за то, что я его не знаю, я осуждаю за то, что он некрасивый,… Ты на казахском, общайся……(анайы сөз) езжай в свой город, затухлый, там общайся на казахском, мы в Алматы, все мы в Астане, это продвинутые города». Далее она говорила, что мы живем в современном мире, что в Казахстане никто не разговаривает на казахском языке, только приезжие «мамбичи» разговаривают…» деп 20 миллионға жақын қазақтың Ана тілін қорлауға жол берді.

Э.Лю Э. өзіне тағылған айыпты мойындамай, төмендегіні көрсетті. TikTok-қа өзінің абонеттік номерімен «Lemaachik» логин арқылы 2021 жылы тіркеліп, 2023 жылдың қаңтар айынан 1000 жазылушымен жиі эфирге шығып, көрсетілім жүргізіп жүрген. 2023 жылдың 13 қазанында сағат 07-ден 08-ге дейін эфир жүргізіп отырғанында ер-азаматтың арандатуына жол берген. Ол оның ұлты мұсылман болса, неге орамал тақпайтыны туралы сұрағына «Мамбеттер» осылай жазады, бұл сөздер «мамбетиозный» тілде жазылған, «Қазақша жақсы көрмеймін, сөйлеуге не люблю на казахском разговаривать. Мне не нравится казахский, такой «мамбетский язык если честно, т.б. сөздерді анасының, басқа да жанұя мүшелерінің қазақ тілін білмегендері үшін қазақ және орыс тілінде тіл тигізген сұхбаттасқан адамға айтқанын, ол өздерін Қазақстаннан кетуі керек екендігі туралы айтқасын оның сұрақтарына дөрекі жауап қайтарғанын, Қазақстанда ешкім қазақ тілінде сөйлемейді, тек сырттан келген «мамбичтер» ғана сөйлейді, солардың кесірінен қалада көлік кептелісі орын алуда дегенін, бұл сөздерді өзін қазақ тілінде сөйле деп жүрген адамдардың сезімін жаралау үшін айтқанын, қазақ тілін мінеуге, айыптауға себеп қазақ тілін білмеуі емес, қазақ тілін білетінін қазақ тілін «ұсқынсыз тіл» деген себебі қазақ тілінің анайы сөздерін айтқанын көрсетті. Бейнежазбадағы өзінің даусы екенін мойындап, өзінің қателігі эфирдегі адамдармен сұхбаттасып, олардың арандатушылық сұрақтарына жауап беруім деп көрсетті. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай ақталмақшы болғанмен оның мемлекеттік тілді кемітіп, қорлауысот талқылауы кезінде өз дәлелін тапты. Оның жасаған қылмысы Алматы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Н.Әбеннің Алматы қаласының Полиция департаментіне жазған баянаты арқылы белгілі болды. Куә қатарында сотта жауап берген ол 13 қазан 2023 жылы «Телеграмм» әлеуметтік желісінің «Алға қазақ» каналын мониторинг жасау кезінде 5.00 минуттық жарияланған бейнежазбада жеке басы анықталмаған әйелдің қазақ тілін «Мамбет тілі» деп тіл тигізіп, қорлағандығын анықтап, стенограммасын жасақтап, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық, діни алауыздық белгілерінің болуы мүмкін деп, әзірленген құжаттарды Алматы қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасына жолдағанын көрсетті.

Сотта куә қатарында жауап берген С.Атахан 13 қазан 2023 жылы жеке басы анықталмаған әйелдің бейнежазбасында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық, діни алауыздық белгілерінің орын алуы мүмкін болғасын тиісті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде бұл деректерді таратқан Э.Лю екені анықталды.

Сотта сотталушының қорғаушы-адвокаты А.Төлегеновтың өтініші бойынша шақырылған лингвистика (тіл) маманы Р.Қарымсақова өзіне зерттеуге ұсынылған құжаттарға сәйкес Э.Лю тарапынан сұхбаттасушы адамға айтылған кейбір сөзінің жалпы мазмұны оның қазақ тілін субъективтік теріс бағалауын шынайы білдіруі байқалған, бейне жазбалалар мәтінін талдау көрсеткендей оның белгілі бір қалыптасқан этникалық топтың өкіліне бағытталған сөздері бойынша ақталатын негіз жоқ. Алайда, сотталушының бейнежазба мәтінінде экстремистік мағына белгілері, яғни адамдарды ұлтына, тіліне қарай қастастық, алауыздық, араздық белгілері жоқ екендігін көрсетті.

Сотта маман ретінде куәлік берген сарапшы Г.Шынқожаева зерттеуге ұсынылған бейнежазбада сотталушы тарапынан: «…шындығында маған мамбет қазақ тілі ұнамайды…» деп қазақ ұлтты азаматтардың ар-намысына тіл тигізіп, оларға төзбеушілік танытып, әдепсіз лексика түріндегі нормативтік емес жағымсыз баға берілгендігін, «мамбет – ауылдық жерлерден шыққан азаматтарды кемсіту, қорлау үшін «мәдениетсіз», «сауатсыз», «тоғышар топқа» қойылған лақап ат екенін, оның қоғамдық нормаларды бұзғанын, зерттеліп отырған мәтінде ұлттық қастастық, алауыздық, араздық белгілері бар екенін көрсетті.

Сот сотталушының қорғаушы-адвокаты А.Төлегеновтың Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін заңсыз деп тауып, қылмыстық-процесуальдық заңнамасының бұзылуына, психология-филологиялық сараптаманы қайта тағайындау, қорғауындағы Э.Людің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс белгілерінің болмауына байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы уәждерін негізсіз деп тапты.

Сот іс құжаттарын зерделеп, сотталушының жазылушылармен сұхбаттасу кезінде олардың сұрақтарын оқып, оларға өз еркімен, мәжбүрсіз жауап берген, тергеу орындарымен ешқандай заңбұзушылыққа жол берілмеген деген тұжырымға келді. Сонымен қатар, сот Э.Людің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға тек тәрбиесінде кішкентай баласының бар екенін ескеріп, оның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармағында көрсетілген бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы бағытталған ауыр қылмыстар қатарына жататынын, жасаған қылмыстың сипатын, қоғамға қауіпті екенін ескеріп, сотталушыға тағайындалған бас бостандығынан айырумен байланысты қолданылған жаза әділ деп есептейді. Сотталушыға бұған дейін қолданылып келген «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау қолхат бұлтартпау шарасын «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасымен өзгертіліп, сотталушы сот залында қамауға алынды.

Журналист Михаил Козачков өзінің телеграм-арнасында Э.Люге қатысты: «…оған заң тұрғысынан жаза тағайындалған. Ол осы жасына дейін көп нәрсеге қол жеткізді: дүниеге бала әкелді, әлеуметтік желілерге тіркелді, енді міне, түрмеде отыр. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған әрекеті» үшін сотталды»деді.Дұрыс, әділ жазатын журналистің бұл сөздеріне менің қосып, алатыным жоқ.

Бұған дейін Бас Прокуратура ұлтаралық алауыздық туғызатын адамдар жазадан құтылмайтынын, яғни 2-7 жылға, ал ауыр салдары болса, 12-20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан хабарлаған болатын.

Сот Э.Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келіп, ол өзінің іс-әрекетімен ұлтаралық алауыздықты тудырып, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлап, қазақ ұлты өкілдерінің намысына тиіп, Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық және саяси деструктивті көзқарас тудырды делінген сот үкімінде.

Әрине әрбір сот үкімі адамға, оның жанұясына аса ауыр қасірет әкеледі. Адам білгілі бір құқығынан шектеледі, кейде бостандығынан айырылып жатады. Мен Э.Людің темір торға тоғытылғанына, әрине, қуанбаймын, бірақ, Ана тілімізді қорлап, тапталуына жол берген адам жауапкершіліктен құтылмауы тиіс. Бізге ата-бабамыздан мирас болып қазақтың қасиетті жері мен тілі қалды. Сондықтан мемлекеттік тілді бәріміз, бүкіл халық болып қорғауымыз керек. Сотталушыны қорғаған ұлты қазақ адвокат, сот талқылауына қатысқан куәгерлер, сарапшылар, прокурор, төрағалық етуші судья бұл істен қандай әсер алды екен? Оларда сотталушыға аяныш сезімі болды ма екен? Бұған дейінгі еліміздің Тәуелсіздігіне, жерімізге, қазақ халқының мүддесіне, тіліне тіл тигізіп, арандатушылыққа жол бергендерге қатысты шығарылған барлық үкім әділ шығарылған үкім деп есептеймін және алдағы уақытта оларға үлкен сабақ болу керек Олар қорқып, тілдерін тарту керек. Соңғы кезде саясаттан, экономикадан, құқық, басқа да салалардан түк білмейтін, өзі жетік білмейтін тақырыптарды қозғайтын «саяси блогерсымақтарға да сабақ болу керек. Олардың басымызға шығуына жол бермеуіміз керек.

Алдағы уақытта мемлекеттік тілге тіл тигізу қылмыстары бойынша Қылмыстық кодекске сотталушыға жаза тағайындалғанда мемлекеттік тілді мәжбүрлеп, оқып үйренуді міндеттеу туралы қосымша жаза тағайындау мәселесін көтеру қажет деп есептеймін. Бұл бізге, біріншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, кез келген адамның тіл тигізуінен қорғап, екіншіден, мемлекеттік тілді қорлап, таптап, тіл тигізгендерді оны мәжбүрлеп оқуға міндеттейміз.

Қазақ жері кімді қабылдамады? Кімге көмектеспеді, өзінің жерімен, нанымен, жылы төсегімен кіммен бөліспеді? Елімізге кім келіп, кім кетпеді? Иә шешен, ингуш, қарашай, балқар, қалмақ, дұнған, күрд, грек, поляк, неміс, тағы кім? Қазір баспасөз беттерінен бұл халықтар өкілдерінің, әсіресе шешен, неміс халықтары атынан айтылған қазақ халқына алғыстарын оқып жатамыз. 

1997 жылғы «Тіл туралы» Заңның қалай қабылданғаны әлі есімде. Өздерінің құқықтары бұзылады деп есептеген елімізді мекендейтін түрлі этнос, әсіресе славян ұлты халықтары, «Лад», «Казачество» қозғалыстары Алматы көшелеріне шеруге шығып, үндеулер таратып, қатты қарсылықтар көрсетіп, біраз уақыт тоқтамай, кейін әрең басылған еді. Олардың іс-әрекеттері ашуын туғызған «Желтоқсан», «Азат» партия, қозғалыстары өре түрегеліп, үкіметтен оларды таратуды талап еткендігі туралы сол кездегі БАҚ-тарда жарияланды.

Мемлекеттік тіл мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болуы тиіс. Жалпы, мемлекет негізін құраушы және жердің байырғы иесі болып табылатын халық тілі мемлекеттік тіл болып бекітілуі заңдылық. Ұзақ мерзім отар болған елдер халқының тілі ұмытылып, жаулап алушы отарлаушы елдің тілі мәжбүрлі түрде мемлекеттік тіл болып енгізілетіні тарихтан белгілі. Американы, байырғы халқы үндіс тайпаларының, Сібір, т.б. халықтар тілдері жоғалуға жақын. Біз де үш ғасырға жақын Ресей бодандығында болдық, осының әсерінен Ана тіліміз не көрмеді?

«Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза ағамыз. Тілсіз бүкіл бір халық түгіл, дара адам өмірін елестету мүмкін емес. Тіл – ұлттың басты құндылығы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, тіл тарихы – ел тарихы. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген болатын.Тіл – ұлттың тұғыры, рухы мен намысы. Әр ұлт өз тілін келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл – ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. Ұлттық тілді жоғалту ел келешегі үшін үлкен кесел екенін ұмытпаумыз керек.

Жаһандану процесі жүріп жатқанда мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, әрбір азаматты, мемлекеттік қызметкерлерді, болашақ ұрпағымызды туған елін, жерін, мемлекеттік тілді сүюге, қадірлеуге, құрметтеуге үйретуге елді, қоғамды біріктіруші қуатты күшке айналдыру керек.

Ана тілінде сөйлей алмайтын кейбір бауырымыздың арқасында мемлекеттік тілдің адамдар арасында тар қолданысқа ие болып, еліміздегі басқа этнос өкілдері тарапынан қазақ тіліне шүйлігу де тоқтар емес. Заң жобасының қазақ тілінде жазылуы да – көптен көтеріліп жүрген мәселе.

Тіл мәселесі әлемдегі этносаралық наразылықтар, ұлтаралық қақтығыстардың, соғыстардың негізгі себебі екенін де ұмытпаумыз керек.

Хұсайын  ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер,  полковник,  журналист.

Ақпарат  саласының  үздігі.

Қызылорда  қаласыСурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: