Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Генералиссимус Суворов

16.04.2023, 10:00 517

HALYQLINE.KZ

1729 жылы генерал Василий Суворовтың отбасында ұл бала дүниеге келгенде өмірін әскерге арнаған әкесі ұлының есімін Македонскийдің атымен Александр деп атады. Баласы өте әлсіз, аурушаң болып өсті. Әкесі баласының әскерге жарамайтынын біліп мемлекеттік қызметші болады деп ойлады. Алайда, баласының есіл-дерті армия болды, ақыры 1742 жылы Семенов полкінің лейб-гвардиясына (жас ұлан) қабылданды. Осылайша дүниежүзіне теңдесі жоқ ұлы орыс қолбасшысының әскери мансабы басталды. Суворов өмір бойы адамдарды таң қалдырумен болды. Бала кезінде қарт адам сияқты көрінді, 15 жасында француздың әскери инженері Вобанның еңбектерін жатқа айтып беретін, бес шет тілінде сөйлеп, жаза білді. Ал, қартайғанда атақты шайқастарға қатысып, жас жігіт сияқты әскердің алдыңғы сапында болды. Мінезі бірбеткей, ешкімнен тіпті патшадан да жасқануды білмеді. Осы мінезі үшін талай таяқ та жеді. Суворов өз сөзінде: «Мен 32 рет жараландым 2 рет соғыста, 10 рет үйде (әйелінің жеңілтек мінезінен), 20 рет патша сарайында» деген болатын.

Атақты қолбасшының даңқын қызғанған сарай генералдарының бірі: «Суворов тактиканы не себептен білмейді екен?» дегенде, ол: «Мүмкін мен тактиканы білмейтін шығармын, бірақ тактика Суворовты біледі!» деген болатын. Бірде сарайдағы балда бәрі шампан ішкенде Суворов арақ сұрап алып ішеді, ІІ Екатерина патшайым: «Ханымдар ортасында иісі шығады ғой» дегенде: «Ханымдар арақтың иісі арқылы менің солдат екенімді біледі ғой» деді.

Өмірін әскерге арнаған қолбасшы өте кеш үйленді, қатыны Варвара Прозоровская 24 жас кіші еді. Ұлы Аркадий 1811 жылы қайтыс болды, қызы Наталья әкесінің қуанышы болғанмен, жеңіл жүрісті Варвара әлемге әйгілі генералиссимус Суворовтың жанын жегідей жеді. 1779 жылы қатынымен ажыраспақшы болғанда ІІ Екатерина патшайым қарсы болды. 1784 жылы отбасынан біржолата кетті. Совет өкіметі кезінде Е.Пугачев көтерілісін аяусыз басқан Суворов екендігі «СССР тарихында» жазылған жоқ. 1774 жылы Пугачев көтерілісін халық жаппай қолдай бастағанынан қорыққан ІІ Екатерина патшайым Суворовты түрік-орыс майданынан шақыртады. Суворов қанша асығыс келгенмен Пугачевты өзінің бақталас орыс-казак атамандары патша әскеріне ұстап берген болатын. Бірақ та Суворов көтеріліс басшысы Пугачевті Москваға апару құрметіне ие болды. Ол үшін арнаулы темір тор соғылып, 1774 жылы 18 қыркүйекте Жайық өзені бойынан Суворов өз отрядымен жолға шықты. Темір тор ішінде Пугачев, әйелі София, ұлы Трофим отырды. Бұл халыққа көрсетілген сес еді, кім патшаға қарсы шықса, осындай күйге түседі деген. Суворов отрядында 350 жаяу әскер, 5 зеңбірегі бар каваллерия болды. Суворов отряды 1 қазан күні Симбирскіге жетіп, басты соғыс олжасы – трофейді қайдағы бір капитанға патшайым бұйрығы бойынша тапсыруға мәжбүр болды (қызғаныш дегеннің жүрмейтін жері жоқ екен ғой). Бұған өкпелеген Суворов ең төте жолмен Москваға жетіп, Пугачев пен отбасы мүшелерінің басы шабылғанын халықпен бірге көреді.

Сонымен қатар «СССР тарихында» Суворовтың 1794 жылы Польшадағы Тадеуш Костюшко басқарған ұлт-азаттық көтерілісті аяусыз басып-жаныштағанын жазбады. Суворов солдат өмірін жоғары бағалады, сондықтан оның жорықтарында адам шығыны аз болғандықтан солдаттар Суворов үшін жанын беруге әзір тұрды. Варшаваны қорғаушы көтерілісшілердің 13000 адамы өліп, 2000-ы Висла өзеніне батып кетсе, орыстардың 580 адамы өліп, 960-ы жараланды. Суворов Польшаны басып алған соң орыс патшасының қарсы болғанына қарамастан елден кетем деген көтерілісшілерге қарсы болмады. Польшаны тастап кеткен генерал Михаил Клеофас Огинский эмиграцияға кеткесін өзінің еліне деген сағынышын білдіретін «Отанмен қоштасу» деген поленезін жазды, кейін ол «Огинский поленезі» деген атпен дүниежүзіне белгілі болды.

Өзінің алғашқы «қасиетті Анна» орденін 40 жасында алғанмен, одан кейін 3 дәрежелі «қасиетті Георгий» орденін Польшадағы қырғыны үшін, Тортукай шайқасы үшін осы орденнің 2-ші дәрежесін, Ноғай ордасын талқандағаны үшін 1 дәрежелі «қасиетті Владимир» орденін, Кинбура шайқасы үшін «Андрей Первозванный» бриллианталған орденін, түріктердің Измайл қамалын алғаны үшін Александр Невский орденін, бұдан басқа Пруссия, Австрия, Франция, Италия, Швейцария елдерінің басты ордендерімен марапатталды. Ең бастысы, әрине Генералиссимус атағы еді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: