Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Брежневті өлімнен құтқарған батыр қазақ

22.06.2023, 15:00 214

HALYQLINE.KZ

СССР Әскери-Теңіз Флотында І рангалы капитан (полковник) шенін бірінші рет алған және сүңгуір кемесінің командирі болған алғашқы қазақ Кіші жүздің Беріш руының азаматы Қуанғали Жұмалыұлы Ықаров болды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында батыр ағамыз әлі де өзінің лайықты орнын алған жоқ және есімі де айтыла бермейді. Соғыс кезіндегі немістердің үрейін туғызып, «қара өлім» атанған теңіз-десантшысы ретінде көрсеткен ерлігі үшін даңқты маршал Жуковтың өзі 1945 жылы 24 маусымда болған Жеңіс шеруіне қатыстырған болатын. АҚШ-тың Қытайға жасаған агрессиясы кезінде көрсеткен ерлігі үшін үкімет басшысы Дэн Сяопин ең жоғары марапатты кеудесіне тақса, осындай интернационалдық борышын өтеген Алжирде оны ұлттық батыр деп есептейді. Брежневтің өзі ерекше құрметтеген қазақ батырының Алматыдағы пәтері мен тұрмыс деңгейін көрген Қазақстандағы қытай елшісі шошып кетіп, өз қаражатымен пәтеріне күрделі жөндеу жүргізіп береді.

Қуанғали Жұмалыұлы Ықаров (тегі орысша Ихаров деп жазылып кеткен) 1923 жылдың 12 қазанында Атырау облысының Нарын ауылының құмды даласында дүниеге келді. Ашаршылық кезінде жетім қалған Қуанғали ағасы Кәкім Каспий теңізінен балық аулаушыларға жалданып інісіне қамқоршы болды, теңізге деген құштарлық Қуанғалидың болашағына ықпал етті. 1941 жылы Баку қаласындағы теңіз техникумын бітіріп, 18 жасында соғысқа қатысып «Бодрый» крейсерінде оқ атушы болды, Севастополь, Одесса, Новороссийск, Керчь, Туапе, Армавир қалаларының қорғанысына, кейін осы қалаларды азат етуге қатысты. Даңқты десантшы кейін Совет Одағының батыры атағын алған майор Цезарь Куниковтың отряды құрамында Кіші жерді азат етуге қатысады, 1943 жылы бір шайқаста 18-ші армияның саяси жетекшісі полковник Леонид Брежнев мінген катер минаға жарылып, аман қалған теңізшілер суға бата бастағанда, етжеңді толық Брежневті әрең дегенде кеме палубына көтеріп салып жатып, «ну ты тяжелый как бревно» дегенде, ол күліп, лейтенант жас қазақ жігітінің аты-жөнін сұрап алады. Жау снайпері атып тастамауы үшін полковник Брежнев басқа да қатардағы теңізшілер сияқты қара бушлят киіп алған болатын, әйтпесе бүкіл армияның саяси жетекшісі полковникке жас лейтенант ондай сөз айта алмас еді ғой. Кейін Хрущевтің орнына келіп, суреттері газетке жариялана бастағанда сол судан құтқарған адамы екенін бір-ақ біледі. 1945 жылы совет армиясы Одер өзенінен өтуі үшін қорғаныс шебі туралы білетін немістердің жоғары шенді офицерін «тіл» ретінде қолға түсіру керек болды, осындай тапсырманы орындау үшін басын өлімге тігетін барлаушыларды іріктегенде, таңдау Қуанғалиға түсті, ол қасына өзі сияқты екі десентшымен түн жамылып жау жағына өтті, үш күннен кейін «тілді» алып келді, ол SS-тің группенфюрері Рудольф Шиллер болып шықты. Фашистің генералын Берлин операциясын іске асыру үшін келген Жоғары Бас Қолбасшысының бірінші орынбасары, маршал Г.К.Жуковтың өзі тергеді, алған деректің құндылығына байланысты Қуанғали Ықаровты жоғары шенді офицерлерге ғана берілетін «Суворов» орденін өз қолымен қазақ батырының кеудесіне тақты. Исатай мен Махамбеттің аруағы жар болып, басын 99 пайыз өлімге тігіп барған Беріш руының батыры осылайша аман қалды және Сталиннің бірінші орынбасары Жуковтың қолынан орден алды.

1946 жылы Ленинград қаласындағы әскери-теңіз училищесін, 1949 жылы Владивостоктағы жоғары шенді офицерлер курсын бітіреді. «Щука» деген сүңгур кемесінің командирі болып, 1949 жылы 1 қазанда Қытай елі тәуелсіздігін жариялап ҚХР-ы құрылғанда, оған қарсы АҚШ агрессиясы басталғанда, Қытай елін шығыс-қытай теңізі жағынан қорғайды. Осы теңіз жағынан американдық кемелер Шанхай қаласын атқылай бастағанда, АҚШ-тың 6-шы флотының мақтанышы атақты «Техас» линкорін өзінің «Щука» сүңгуір кемесінен атқан бір торпедосымен суға батырып жібереді. Осы ерлігі үшін қытай үкімет басшысы Дэн Сяопин қолынан сол елдің ең жоғары марапаты «Қызыл Ту» орденін алды. Кейін Қытай компартия басшысы Мао Дзэдун ҚХР-ның құрметті азаматы атағын берді. 1962 жылдың 5 шілдесінде Алжир өзінің тәуелсіздігін жариялағанда Франция өзінің отар елінен айырылғысы келмей соғыс бастағанда І рангалы капитан Қ.Ықаров командирі болған «Щука» сүңгуір кемесі Жерорта теңізінде Алжир елін француз басқыншыларынан қорғады. Ерлігі үшін ең жоғары марапаты І дәрежелі «Батырлығы үшін» орденіне ие болып, Алжир халқының батыры деп жарияланды. Осы екі елде өзінің интернационалдық борышын өтеп келген соң, сүңгуір кемесінің командирі ретінде СССР-дің теңіз және мұхит арқылы өтетін шекарасын қорғады.

Сол жылдары «Вильгельем Пик» кемесінің командирі болып қызмет істеп жүргенде Ұлыбритания жағалауларындағы шағын портты қалаға тоқтағанында команданың төрт теңізшісі кафеге түскі ас ішуге тапсырыс беруге барады. Кафеде бір американдық теңізші негр даяшы қызға дөрекі сөйлеп айғайлап жатқанда совет теңізшісі шыдамай ескерту бергенде негр оның бетіне түкіріп жібереді, қырғын төбелес басталып кетеді. Кеме командирі Қуанғали 15 теңізшімен келгенде, төбелеске кірісіп кетіп тоқтатпақшы болады, бірақ арақ ішіп мас болған американдық теңізшілер қару қолданып ата бастағанда Қуанғали да ТТ тапаншасымен екі американдық теңізшіні атып өлтіреді. Бұл кез АҚШ пен СССР арасындағы қырғиқабақ соғыс шегіне жетіп тұрған кез еді, совет кеме капитанның қару қолданғаны дұрыс болғанмен де, Гагадағы халықаралық сот Қ.Ықаровты 10 жылға соттап жазасын сол елде өтеуге шешім шығарады, жау жеріндегі түрмеден тірі шыққанмен мүгедек қылып шығаратынын білген флот басшылары Бас хатшы Л.И.Брежневтен көмек сұрайды. Соғыс кезінде өзін өлімнен құтқарған қазақты ұмытпаған екен, араласып жазасын 5 жылға түсіріп, Норильскідегі түрмеге ауыстыруға қол жеткізді. Норильскідегілер оның соғыс кезіндегі ерліктерін білетін болып шықты, түрмедегі зат қабылдаушы қылып қойды, 5 жыл мерзімін 2,5 жылға түсіріп түрмеден шыққасын Брежневтің тікелей араласуымен 1967 жылы шені мен бар марапатын қалпына келтіргенмен батыс баспасөзі шу шығаруы мүмкін деп, Қ.Ықаров әскери кемеге қызметке жіберілген жоқ, сондықтан доғарысқа шығам дегенше, флотта «АТ-312» танкерінің командирі болды. Флоттан кеткісі келгенмен де жібермей Астрахан теңіз училищесінде, Калинград әскери-теңіз училищесінде оқытушы болады, жеке өтінішіне байланысты Атыраудағы теңізшілер мектебінде үстаздық жолын жалғастырып, 1984 жылы біржолата демалысқа шығып Алматы қаласында тұрды. Отанға қызмет етудің үлгісін көрсеткен батыр теңізші ағамыз Қуанғали Ықаров жоғарыда аталған ордендерден басқа «Ленин», «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Невский», «Кутузов», «Суворов» ордендерімен және Одесса, Новороссиский, Севастополь, Керчь, т.б. портты қалаларды азат еткені үшін медальдармен марапатталған еді. Небәрі 18 жасында соғысқа қатысып, ержүрек десантшы жауынгер ретінде талай ерлік жасап, аңыз адамға айналып, 22 жасында ең жоғары 9 орден мен 19 медальмен марапатталған ағамыз Қуанғали Ықаров 2002 жылдың 25 қыркүйегінде Алматыда қайтыс болды.

Мақаламның соңын батыр ағамыздың бақытты сәтімен аяқтайын. 1981 жылы 19 желтоқсанында КПСС ОК бас хатшысы, СССР ЖК төрағасы, Совет Одағының Маршалы, төрт мәрте Совет Одағының батыры, Социалистік Еңбек Ері Л.И.Брежнев өзінің 75 жасқа толған Кремльдегі мерейтойына арнайы шақырады. 18-армияның ардагері, белгілі совет жазушысы Юрий Ильминский қалдырған жазбасында банкет қызған кезде Брежнев ортаға Қуанғали Ықаровты шығарып, «Міне, мен мына қазаққа өмірімен қарыздармын» депті.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: