Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бористің бағын байлаған бақталастық

02.11.2022, 9:15 240

HALYQLINE.KZ

Б.Новиков ұлы театр артисі болатын еді, бірақ Бористің бақталастары оған жеткізген жоқ. Театрдан кетіп, 150-ден астам кинодағы эпизоттық ролімен-ақ «Эпизод королі» атанды. Оның әсіресе «Көлеңкелер түсте жоғалады» («Тени исчезают в полдень») фильміндегі кейіпкерінің: «Эх, біз фанфарлардың астына түсеміз» («Эх, загремим под фанфары»)» деген сөзі қанатты сөзге айналды. Ол маскүнем, қаңғыбас, алаяқ, саудагер, аула сыпырушы, т.б. рольдерді ойнаса да, ұмытылмастай әсер қалдырады. Мысалы, 4 сериялы «Жоғары мәртебелі адъютант» («Адютант его превосходительства») фильмінде зергер-еврей Либерзонның 5 минуттық монологның өзі неге тұрады? Осы 5 минуттың ішінде кемпірі екеуі қайғыдан қан жұтып отырғанын шебер жеткізеді. Чекистер бүкіл зергерлік бұйымдарын тәркілеп кетсе де, Либерзонға қаладағы зергерлердің тізімін көрсетіп, осылардың қайсысы қылмыскерлермен байланысы болуы мүмкін деп сұрағанда, тыңдап тұрған кемпірі есікті ашып: «Исак, оларға Федотов қой керегі» дегенде, екінші чекист: «Сайтан алғыр қатын» дегенде, Либерзон: «Чекист мырза, неге олай дедіңіз, сіз айтқандай сайтан алғыр қатынның жалғыз ұлын петлюрашылдар атып кетті, біздің Монниді… еш себепсіз жай атып тастады…» дейді, кемпірінің қайғыдан есі сәл ауытқып кеткенін білеміз…

Б.Новиков 1925 жылы 13 шілдеде дүниеге келді, соғыс басталғанда сол кездегі патриоттық тәрбиенің әсерінен майданға сұранумен болды, жасы келген жылы соғысқа аттанды. Соғыс аяқталған соң бала күнгі арманы артист болсам деп, 1948 жылы атақты режиссер Юрий Завадскийдің студиясының актерлік курсына қабылданды. Бітірген соң «Моссовет» атындағы театрға қабылданды. М.Горкийдің «Сомов және басқалар» пьесасындағы басты рольден бастады. Жұлдызды сәті 1961 жылы туды, А.Твардовскийдің «Василий Теркинін» сахналағанда басты рольді ойнады, жоқ ойнаған жоқ, сол рольмен өмір сүрді, бір қойылымда терлеп кеткендіктен 13 шинельді ауыстырып отырды. Соғыстағы Теркин орталарына келгендей әсер алған соғыс ардагерлері жылап отыратын. «Теркин» аптасына 4 рет қойылса да, билет алу қиын еді, тез өтіп кететін. Жас артистің ойынына риза болған поэма авторы «Новый мир» журналының бас редакторы, КПСС ОК-нің мүшесі А.Твардовский Бориске Москваның қақ ортасынан пәтер алып берді.

Теркиннің ролі Бористің басына бәле болды, атақты әріптес артистер сөзбен күнделікті кекетіп-мұқататынды шығарды.

1963 жылы совет үкіметі «артист Б.Новиковты Лениндік сыйлыққа ұсыныңдар» деген қатынас қағаз жібереді. Бірінші қарсы болған өзінің ұстазы Социалистік Еңбек Ері, 2 рет Сталиндік сыйлық иегері, 4 мәрте «Ленин» орденінің иегері Ю.Завадский еді. Ол театрдың бас режиссері ретінде Лениндік сыйлықты байырғы артистер В.Марецкая мен Р.Пляттың әлі де алмағанын алға тартты (өзі де алмаған еді). Бұны білген Борис арақ ішетін болды, бақталастарына керегі де осы еді, оны жолдастық сотқа салды. «Репитицияға неге арақ ішіп келесің?» деген сұраққа: «Мен ішетінімді сендерден сұрамаймын» деді, «арақ ішкенінді қоясың ба?» дегенде «мен арақты қойсам, барлықтарың бас рольдеріңнен айырыласыңдар ғой» деп қырсығып жауап берді. Ақыры өз еркімен театрдан кетті. Бориске қимаған Лениндік сыйлықты бас режиссер Ю.Завадский 1965 жылы алды.

Борис жұмыссыз көп жүрген жоқ, «Сатира» театрының бас режиссері В.Плучик жұмысқа шақырды, «неге мені шақырдың?» дегенде, В.Плучик: «Сіз Теркинді ойнағанда, Твардовский көзіне жас алып: «Менің Вася Теркинім өлмеген сияқты» деген болатын деді. Жаман әдеті серік болып, арақты қоя алмағасын, 1972 жылы театрдан өз еркімен кетті, себебі киноға көп түсетін.

1985 жылы қайта құруға байланысты кино аз түсірілетін кездің өзінде кино режиссерлері жиі шақыратын, оның қайталанбайтын ыржиып күлуінің өзі неге тұрады, мұрны мен ауызын сәл қисайтып күліп келгенде, түсіру алаңында шаттық атмосфера орнайтын, барлығы оны жақсы көретін. Оны сондай-ақ мультфильмді дыбыстауға көп шақыратын. Атақты «Простоквашинадағы» пошташы Печкин Новиков дауысымен сөйледі.

Өмірде ақжарқын адамның тағдыры аянышты болды, жалғыз ұлы ақыл-есі кем болып туды, соны бақты, өзі қант диабетімен ұзақ уақыт ауырып, 1997 жылы 25 шіледеде қайтыс болды. Қайтыс болған кезде әйелі СССР Кинематография комитетіне жерлеуге ақша бөлінуін сұрағанда, телефонмен «ақша жоқ, өздеріңіз жерлеңіздер» деді.

Сол кезде Москвада халықаралық фестиваль өтіп жатыр еді, фестивальге шақырылған кино жұлдыздары Джина Лоллобриджида мен Софи Лорен 1 млн доллардан екі конверт тапсырды. Совет халқының сүйікті актерінің басы қарайтылмағанын білген «Комсомольская Правда» газетінің оқырмандары қаражат жинап, моласына ескерткіш орнатты да, оған «Халық артисі Борис Новиков» деп жазды, ол шынымен халық артисі еді.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: