Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арда туған ауылдастарым

09.09.2023, 9:00 294

HALYQLINE.KZ

Бұл  да  –  тарих

Арда – жылқы төлінің енесін екі жаз бойы еміп, бұла өсу үрдісінің атауы. Демек, арда ему – уызға жарыған, тойынып бұла өскен деген түсінік. Оны тек жылқының төліне ғана қатысты айтады. Осы құбылыс сиыр, қой мен ешкі малдарында да кездескенімен, оны қысыр емген дейді.

Оның сыры – бір кездері «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген» сайын даланың еркін ұрпақтарының жылқы мінездес болғандығы. Әр ісін асыл текті жануар – жылқы мінезімен салыстыра отырып атқаруы да көп нәрсені аңғартады.

«Арда емген, уызында жарыған» деген сөз тіркестерін кез келген адамға қолдана бермеген. Оны жастайынан ұлттық тәрбиені бойына молынан сіңірген, парасатты, ұлтқа деген сүйіспеншілігі артық, толыққанды азаматтарға ғана лайықтаған.

Бүгінде оқыған, білімі мол адамдарды зиялы дейтін ұғым қалыптасқан. Тіпті, «арда», «уызында жарыған» деген сөздерді де оңды-солды қолдануға машыққандар да көптеп кездесе бастады. Бірақ, бұл дұрыс емес!

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейтін ұлы анықтаманы Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы тегіннен-тегін айтпаса керек. Білімі мол, бірақ ұлтына қызмет ете алмағаны былай тұрсын, бүкіл өмірін ұлтына қастандықпен өткізген зиялы емес, зиянды оқымыстыларымыз тарихта қаншама! Бұл турасында, кешегі Алаш қайраткерлері оқыған қызметкерлерді «бірі ұлтқа жаны ашитындар да, екіншісі орталық не айтса, соған бас шұлғи беретін жай шенеуніктер» деп екіге бөліп қараған.

Бұл пайым – бүгінгі жаһандану қоғамындағы көзқараспен қарағанда да, әлі сол қалпында. Демек, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген пайым – мәңгілік! Мәңгілігі сол, бұл ұғым – оқымыстылар арасында ғана емес, қарапайым халық арасында да кеңінен тараған пәлсапа!

Біздің ауылда да «уызында жарыған», «уызында жарымаған» деген ұғым әлімсақтан бар. Бола береді де!

Мен білетін сонау өткен ғасырдың 60-жылдарында да ұлтқа шын көңілімен жаны ашитын арда азаматтар мен орталық не айтса, соған бас иіп, тапсырманы артығымен орындауға тырысатын небір ұлт сатқындары дүниеден жиіркенішпен өтті.

Менің әңгімелейін деп отырғаным, рухты түсіретін ауыл сатқындары туралы емес, өз шамасында ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, ел рухын асқақтататын ауылымның қарапайым да арда азаматтары туралы.

Әңгімем түсінікті болуы үшін, балалық шағымдағы ауыл көрінісі мен қоғамдағы жағдайға біршама жалпылама сипаттама бере кетейін.

Ол кездегі ауылымыздағы басты өндіріс пен өнеркәсіптің бірі – балық қабылдап, сақтап, Аралдағы балық комбинатына жөнелтіп отыратын балық тресі. Мұнда жүзден артық адам еңбек етті. Содан кейінгі ірі мекемкенің бірі – рабкооп. Яғни, жұмысшылар тұтыну одағының сауда мекемесі. Оның қоймалары мен дүкендерінде, конторында отыздай адам нәпақасын тапты. Он жылдық мектеп, аурухана, кітапхана, теміржол мекемелері, ауыл әкімшілігі сол кезде де болған, қазірде де бар. Тек аурухана емхана боп ауысты.

Орыс империясының шовинистік идеологиясы Кеңес тұсында да өңін өзгерткенімен, жан дүниесін сақтап қалды. Ұлттық идеология барынша тұншықтырылып, діни наным-сенім жаншылды. Жер-жерде ауыл молдалары аяусыз қудаланып, жойылып отырды. Шежірешіл, тарихымызды ауызша болса да денін сақтап келген ақсақалдар жер-жерде қатты қуғынға ұшыратылып, ұлтымызды орыстандыру саясаты аса қатыгездікпен іске асып жатты. Соғысқа дейінгі әр кезеңдегі қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, ұлт зиялыларын репрессияға ұшырату, соғыс зардабы, соғыстан кейінгі халықтарды жер аудару, қазақ жеріне тың игеруді желеу етіп, славян тектілерді тоғыту, қазақ мектептерін еріксіз жаптырып, орыс мектептерін қаптату, тілімізді әлсіретіп, қасірет үстіне қасірет әкелді. Жерімізді бөлшектеп, ұлт бірлігін ыдырату жолында санамызды арақ-шараппен улау белең алды. Қазақ арасында арақ ішуді насихаттау мықтап қолға алынды. Нәтижесінде, халық жаппай ішкілікке салына бастады.

Ол-ол ма?! Ауыл адамдарының жекеменшік мал ұстауына да қатаң шектеу қойып, бір ғана сиыр, не бір ғана жылқы өсіруіне рұқсат беріп, қосымша еңбекке де тыйым салған болатын. Қандай қиындықты басынан өткерсе де, адамдығын жоймаған, әзілін тастамаған қазекем мұндайда:

«Сталин берген байталды,

Хрущев келіп қайта алды.

Айналайын Брежнев,

Бие қылып қайтарды» деп, әзілге де басып жіберетін қилы заман болды-ау!

Зейнетақы да бүгінгідей емес. Қанша жерден еңбек өтілің болса да, 19 сомнан артылмайтын. Дүкеннен қант, шай, тұз секілді ауылда өндірілмейтін азық-түлік түрлерін сатып алуға ғана зорға жететін.

Ең сорақысы, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында, 1921 жылы аштыққа ұшыраған Еділ бойы халықтарына көмек ретінде 14 вагон балық тиеген жүк алаңы – «Бекауыз» (Пакауыз) маңында қыста тау-тау болып үйіліп жатқан балықты да ел арасынан шыққан, биліктің артын жалағыш шолақ белсенді сатқындар алдыртпайтын. Аштан өлсең де, мейлі! Алған адам бірден сотталатын. Мұндай үрдіс қазақ ауылдарының бәріне де ортақ қорлық еді. Есесіне, Мәскеуде «Арал балығы», «Арал табан балығы» деген бірнеше дүкенде Аралдың дәмді де бағалы балығы арзан бағамен сатылып жатты.

Ол кезде нан аса тапшы болатын. Жұрт қара нанға да зар еді. Себебі, Кеңес үкіметінің ең авантюрист басшысы Н.С.Хрущев «Американы қуып жетіп, басып озамыз!» деген ұран тастап, бүкіл жарамды жерлерге жүгері еккізіп, елді аштан қатырып, естерінен тандырып жатқан-ды.

Мұны аз десеңіз, бұл кез Кеңес үкіметінің аштан қырылуға шақ қап тұрған қазақ халқының дініне ғана емес, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне де қол сұғылып жатқан аса бір қиын сын сағаты еді. Атап айтсақ, ғасырлар бойы мұсылмандықты таза сақтап келген қазақ халқына шошқа бақтыруды тықпалағаны былай тұрсын, есек фермалар ұйымдастырып, есек сүтін дайындатпақ болған қорлықтарын айтсайшы!

Бұл турасында, естеліктерінде халық жазушысы Х.Ерғалиев: «Қонаевтың орнына Никита Сергеевич әкелген басшы И. Юсупов шошқамен шектелмей, есек етін де пайдаға асыруды армандапты. Исмаил әка түркімен жазушыларын қабылдай отырып: «Біз жеңсік тағам ретінде ет комбинаттарына есектің етін тапсыртамыз» дегенде, қасында тұрған қазақ атаулының бастары салбырап, жерге қарағаны өмірі есімнен кетпейді» деп жазады (Ерғалиев Х. «Алаштың ардақтысы»)

Бұл жерде өзге ұлттың «қазақ» десе, «ішінде бір бау жантағы» жататыны әр кез жадымызда болуы керек екендігінің айқын дәлелі.

Шошқа бағып, 21 жасында Социалистік Еңбек Ері атанған Қостанай облысының тумасы Дәмелі Жақсылықованың омырауына Н.С.Хрущевтің өзі Ленин орденін және алтыннан құйылған «Орақ пен Балға» медалін таққан екен. Ата-баба жолынан адасқан, шошқашының тағдыры кейін өте қасіретті аяқталады. Бұл да қазақ трагедиясының бір парасы боп тарихқа енді.

Міне, осындай рухани қысымшылықтарға да қарамастан ұлтына адал арда азаматтар қазақ даласының әр түкпірінен озбырлыққа іштей қарсы үн қосып отырды. Мұндай арда азаматтар біздің де ауылда көп болды. Елге қамқорлығын аямады. Әсіресе, күйеулері мен балалары соғыста қайтыс болып аңыраған аналар мен жетім-жесір, қамқорлықсыз қалған балалар мен қарттарға ерекше көмек беріп отырды.

Біздің де әңгіме етпегіміз осындай ұлтын сүйер арда азаматтар туралы, олардың елге қамқорлығы, өзара сыйластықтары, адамгершіліктері, достыққа адалдығы, бойға қуат берер рухты әзілдері жайлы болмақ.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: