Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақмола атты әскер дивизиясын ажалға айдап салған Хрущев еді

05.05.2025, 15:25 221

HALYQLINE.KZ

1941 жылдың 24 қарашасында Ақмола облыстық партия ұйымы №106 Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясын құру туралы Шешім шығарды. Кавалериялық дивизия құрылғанмен, қару-жарақпен жабдықтауы өте нашар болғанын дивизияны қабылдап алу туралы Актіден байқауға болады:

№109 Ақмола кавалериялық дивизиясын қабылдау туралы Акт

ӨТЕ ҚҰПИЯ

Дивизия құрамы – 4091 адам.

Қару-жарақ саны:

Автомат саны: 0

Наган саны: 0

Винтовка саны: 102 дана

Миномет 50 мм саны: 43 дана

Миномет 82 мм: 18 дана

Жылқы саны: 3180

102 дана винтовка бөлінді:

269 кавполкке: 25 дана

288 каваолкке: 16 дана

307 кавполкке: 10 дана

Артиллерия дивизионына: 13 дана

Күзет взводына: 7 дана

Ескерту: 4091 адамның 3220-сы кавалеристің 3100-де қылыш бар.

Міне, осындай нашар каруланған дивизияны 1942 жылдың 21 наурызында дереу майданға жіберілсін деген нұсқау-телеграмма келіп, асығыс түрде 23 наурызда 20 эшелонға тиеліп майданға жөнелтіледі.

Қазақтың атты әскер дивизиясы майданға келіп жеткенде Сталин басқарған советтік командование Харьков облысының Красноград қаласы маңында қарсы шабуылға шығып, Харьков қаласын жаудан азат етуді көздеді. Бұл жоспарды жау жағы біліп қойып, Қызыл армияға қарсы «Фредерикус-І» операциясын жүзеге асырады. Нәтижесінде 270 000 біздің әскер қоршауда қалды. Бұған кінәлі Оңтүстік Батыс майдан қолбасшылары кінәлі еді. Қазақтың қылышпен ғана қаруланған атты әскерін жау танкілеріне қарсы шабуылға шығуға бұйрық берді. Ең алдымен кінәлі осы майдандағы Жоғары Бас қолбасшы Сталинге тікелей бағынатын Әскери Кеңестің өкілі Н.С.Хрущев нашар қаруланған дивизияны көрер көзге ажалға айдап салды. Жергілікті өлкетанушы музей қызметкері Татьяна Крупа: «Бұл шайқасты көрген әжелеріміз қызыл атты әскерлер қылышпен фашистердің танкілеріне қарсы шабуылға шыққандығын айтып отырғанда, жас болсақ та оған сенбейтін едік, біздерге ертегі сияқты айтып отырған шығар деп ойлайтынбыз. Кейін музей қызметкері ретінде сол шайқасты зерттегенде рас екендігіне көзім жетті» деп Қазақстандағы «Время» газетіне берген сұхбатында айтқан болатын. Хрушев кезінде «Ұлы Отан соғысы» деген тарихи көп омдық шықты, сонда осы шайқаста жеңілген дивизия 1942 жылдың наурыз айында шегінген әскерден асығыс түрде жасақталғандықтан дивизия жеңіліс тапты деп, қаза тапқан қазақтарға бар кінәні жаба салды. Қазақтың ұлттық атты (кавалерия) дивизиясы дейтінім, құрамының 90 пайызы зиялы қазақтар болды және басым көпшілігінің арнаулы білімі болғандығын мынадан білуге болады: Дивизия командирі майор Б.Н.Панков болғанымен, комиссарлары Темірхан Мәмбетов, кейін оның орнына Нұрхан Сейітов болады. Саяси бөлімді аға политрук Сағдат Құлмағанбетов, 269-шы атты полк командирі, майор Сауғабай Ахманбетов, оның штаб бастығы капитан Жандаров, комиссары Ыбырай Қасенов, 288-ші атты полк комиссары Шоқыр Мәметов болған.

Сталин өлген соң орнына келген Хрущев өзінің осы дарынсыздық қолбасшылығының кесірінен қаза тапқан жүз мыңдаған адам үшін жауап беруден қорқып, осы дивизиямен басқа да әскери бөлімдер туралы мәліметтерді жойып жіберді.

Жоғарыда айтылған немістердің «Фредикус-І» операциясы нәтижесінде немістер Донды, сосын Кавказды басып алып, генерал Паульс басқарған 6-шы дивизияның Сталинградқа шығуына жол ашты. Жоғарыда қоршауда қалған 270 000 адамның 171 000-ы тірі қалғанмен көрмегендері жоқ. Бүкіл дивизияны танкілерге айдап салған соңғы шайқас 27-29 мамырда болған. Бұл туралы 288-ші атты әскер полкінің кіші политругі Сыдық Түменбаев былай деп еске түсіреді: «…біз тек қана қылышпен қаруланып, танкілерге қарсы шабуылға шыққанмен еш нәрсе істей алмадық. Немістер біздерді атпен қоса танкінің шынжыр табанымен таптап өтіп, ұрыс даласы жылқы мен адам еті араласып мыжғыланды, бүкіл полктен 3-ақ адам тірі қалдық».

Тұтқынға түскендер Красноград түбінде уақытша ұйымдастырылған «Дулаг-205» лагерінде ұсталып, кейін Германиядағы түрлі концлагерьге тегін жұмыс күші ретінде жіберілді. Кейін оларды Совет армиясы азат еткеннен кейін НКВД-ның соты оларды сатқын ретінде соттап, сталиндік лагерьлерге жіберді. Солардың қатарында политрук Сыдық Түменбаев пен дивизия комиссары Нұрхан Сейітов тірі қалғаны үшін жазықты болып, сатқын ретінде 25 жылға сотталып, сталиндік лагерьде жаппа шегіп, Сталин өлген соң амнистиямен босап шықты. Ал кейбіреулері Түркістан легионына өтіп кетті, олар дивизия штабы жанындағы ерекше бөлім бастығы Құтпанов, пулемет эскадронының взвод командирі Жамкенов, т.б.

Жоғарыда атап өткендей, 106-шы дивизияның 90 пайызы қазақ деген болатынмын, олардың басым көпшілігі жоғары не арнаулы білімі бар қазақтың бетке ұстар зиялы қауымы: мұғалімдер мен милиционерлер, дәрігерлер мен ауылшаруашылық мамандары еді. Ақмола 106-шы атты әскер дивизиясындағы 4019 адамның тек 200-і тірі қалғандықтан есімдері анықталып отыр, қалғандардың аты-жөні белгісіз, себебі 1954 жылы қазақ жерінде тың игеруге қарсы болған Жұмабай Шаяхметовке: «ты за это ответишь» дегенде Жұмабай көкеміз де тайсалмай Хрущевке: «ты ответишь за Акмолинскую дивизию» деген еді. Келешекте бұл дивизия тағы да алдымнан шығып жүрер деп, 1956 жылы осы дивизия туралы құжатты СССР басшысы Н.С.Хрущев жойып жібергендіктен белгісіз болып қалды. Никита Хрущевтің қазақта не әкесінің құны бар екенін қайдан білейін, кейін Ақмола қаласының атын Целиноград етіп өзгертті ғой. Бірақ та, оған өзіміздің қазақтың үлесі бар, Ақмола деген сөздің орысша атауы қалай дегенде, оған сөздің мағынасын тікелей аударып: «Белая могила» деп жауап берген ғой… Бір қазақтың басшысы «ақ» сөзі қасиетті деген сөзді білдіреді деп те айтуға жарамапты ғой…

№1 және 2-ші фото: дивизияның қазақ командирлері

№3 фото: политрук Сыдық Түменбаев.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: