Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таңдауды біз жасаймыз ба әлде қоғам ба?

05.06.2026, 10:30 6

Фото: Ашық дереккөз

Адамның өмірі оның таңдауы қалыптастырады. Бірақ сол шешімді шынымен өзі жасап жүр ме?

Күн сайын біз жүздеген таңдау жасаймыз. Не киеміз, не жейміз, қайда барамыз, кіммен араласамыз, қандай мамандық таңдаймыз, мұның бәрі — біздің өмірімізді қалыптастыратын шешімдер. Бірақ, бір сәтке ойланып көрейікші: бұл шешім шынымен біздің өз таңдауымыз ба, әлде қоғамның қысымы бекен?

Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – адамдардың өз бетінше шешім қабылдай алмауы. Көптеген адам, тіпті қарапайым нәрселерде де өз пікіріне емес, өзгенің ойына тәуелді. Біреу қандай киім әдемі екенін айтса, соны киеді. Біреу қай жерден тамақтану керегін айтса, соны таңдайды. Өзінің не қалайтынынан бұрын, басқалардың не ойлайтыны маңыздырақ және дұрыс секілді.

Уақыт өте келе бұл әдет адамның бүкіл өміріне әсер етеді. Кейбір адамдар өздері үшін емес, қоғамның айтуы бойынша өмір сүре бастайды. «Ел не дейді?», «Көршілер қалай қарайды?», «Ұят болып қалмай ма?» деген ойлар олардың әрбір қадамын сөгіп бақылап тұрады.

Мұндай тәуелділік адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді. Әркімнің көңілінен шығуға тырысу, әр пікірді жүрекке жақын қабылдау адамды шаршатады. Ол бірте-бірте өзінің кім екенін, нені қалайтынын ұмыта бастайды. Өз қалауын емес, өзгелердің талабын орындап жүрген адам ақырында күйзеліске ұшырап, өмірден ләззат алуды тоқтатады.

Бұл өзекті мәселе әсіресе мамандық таңдауда анық байқалады. Көптеген ата-ана баласының қызығушылығына емес, мамандықтың тұрақтылығына мән береді. Сондықтан олар көбіне медицина немесе мұғалімдік сияқты мамандықтарды таңдауға мәжбүрлейді. Әрине, бұл мамандықтың маңызы зор. Алайда әр адамның қабілеті мен арманы әртүрлі, біреу шығармашылыққа жақын болса, енді бірі кәсіпкерлікке немесе технология саласына қызығуы мүмкін. Бірақ қоғамның немесе ата-ананың қысымымен таңдалған мамандық адамды бақытты ете бермейді.

Қорытындылай келе, қоғамның пікірі маңызды болғанымен, ол біздің өмірімізді басқармауы тиіс. Адам өз таңдауын өзі жасап, оның жауапкершілігін де өз мойнына алуы керек. Себебі бұл өмірді біздің орнымызға ешкім сүрмейді. Сондықтан ең маңызды сұрақ – қоғам не дейді емес, мен не қалаймын деген сұрақ болуы керек.


Жұлдыз СӘДУАҚАС,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: