Уақыт жүгін де, талап жүгін де көтеру – оңай шаруа емес. Қызылорданың батыс аудандарына бастар жолдың сағасындағы Сырдария ауданы осынау уақыт иірімінде атакәсіптің алдын бермеген. Талай дәуірдің куәсі болған Сейхун – бүгінгі Сырдария өзені қанша мәрте арнасын өзгертіп, талай сын сағатын өткерсе де, осы өңірдегі елдің еңбекке деген ықыласын әлсірете алған жоқ. Шаруаға шымыр сырдариялықтар жыл сайын агросалада серпін көрсетуді дағдыға айналдырған. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де осы сөздің айқын дәлеліндей. Биылғы жартыжылдықтың өзінде аудан бюджеті 13 млрд теңгеге жетіп, өнеркәсіп өнімінің көлемі 55,8 млрд теңгені құрады. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 42,5 млрд теңгеге жетіп, өңірдегі іскерлік белсенділіктің арта түскенін аңғартады.
Ең бастысы, Сырдарияның тірегі – агросала. Биыл ауданда 32 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 18,5 мың гектарын күріш алқабы алып жатыр. Бұл – жердің де, елдің де қадірін білетін еңбек адамдарының маңдай терінің жемісі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев ауданның жартыжылдық қорытындысын саралап, ел игілігі жолында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен баяндады.
Сыр бойындағы жұрт ежелден жердің тілін түсінген. Бір тамшы судың қадірін, бір уыс топырақтың қасиетін білетін ел еңбекті тұтас тіршіліктің өлшемі деп білген. Сондықтан болар, бүгінде Сырдария ауданы тек күрішімен ғана емес, келешекке құлаш сермеген кемел бастамаларымен де ерекшеленіп келеді. Қай өңірдің де мерейін үстем ететін – маңдай термен қатар, заманның тамырын тап баса білетін сергек қадам. Осы тұрғыдан келгенде, Сырдарияның бүгінгі тынысы бөлек. Кеше ғана егіннің қамын күйттеген ел енді өндірістің өрісін кеңейтіп, инвестицияның іргесін бекемдеуге бет бұрған. Бұл – қоңыр тірліктің қамымен ғана күн кешпей, келер күннің кәдесіне жарар іс қылуға ұмтылған жұрттың ниеті. Өйткені, уақыт өз дегенін істейді, кей өңір оның соңынан шаң жұтып қалса, енді бірі уақыттың өзін жетектеп отырады. Сырдария сол соңғысының сапынан көрінуге талап қылып келеді. Оны аудан басшысы да тілге тиек етті.
– Ауданымыздың негізгі саласы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінуде. Биыл ауданда 32 473 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, күріш 18 541 гектарға егілді. Су тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін дақыл егу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында құны 40 млрд теңгеге «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытының» құрылысы жүргізілуде. Биыл бірінші кезеңде өнім жинау қоймасы мен кептіру қондырғысы орнатылып, қазан айынан бастап жүгері дақылын қабылдай бастайды. Өнім қабылдау қуаттылығы – 20 мың тонна. Өндірістік нысан толық аяқталғанда 500 адам жұмыспен қамтылатын болады. Осыған орай, аудандағы шаруашылық құрылымдары 738 гектарға жүгері дақылын егуде, — деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Соңғы жылдары Сырдария ауданында инфрақұрылым бағытында да ілкімді істің ізін байқаймыз. Жаңарған жолдар, күрделі жөндеуден өткен көшелер, салынып жатқан тұрғын үйлер мен көпірлер – мұның бәрі ауданның күн сайын жаңарып келе жатқан келбетін көрсетеді. Жыл басынан бері ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетті. Тереңөзек кентінде осал топтар үшін 100 тұрғын үй сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлінсе, Нағи Ілиясов ауылында инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқын алған. Ал аудандық маңызы бар жолдардың 99 пайызы бүгінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
– Алты айдың қорытындысымен ауданда 10,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл жол саласына 740,2 млн теңге қаржы бөлініп, 4 жоба аясында жалпы ұзындығы 15,1 шақырым автомобиль жолдары жөнделуде. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Қызылорда – Жалағаш» автомобиль жолының Тереңөзек кенті тұсындағы көпірі күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кентінде заманауи талаптарға сай жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүргізілуде, — дейді аудан басшысы.
Сырдарияны әлеуметтік әлеуеті де жоғары аудан ретінде білеміз. Әсіресе, білім мен денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер көпшіліктің көңілінен шығуда. Ауданда апатты немесе үш ауысымды мектептердің болмауы, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейінің 100 пайызға жетуі – бұл саладағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Өткен оқу жылында 585 түлек мектеп бітіріп, олардың 89-ы ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған. Ал аудандық ауруханаға компьютерлік томография аппараты, цифрлы маммограф пен заманауи медициналық құралдардың алынуы медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтерді.
– Ауданда 27 мектеп, 1 өнер мектебі, 14 балабақша және 16 шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 100 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында халыққа 1 аудандық аурухана, 3 ауылдық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық бекет қызмет көрсетуде. Биыл аудандық ауруханаға жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынып, медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Қай кезде де Сыр елі руханияттан кенде болмаған. Жыр мен өнерді жанына серік еткен жұрт бүгінде де мәдениет пен спорт саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Ауданда 140 үйірмеге мыңнан астам өнерпаз тұрақты қатысса, жыл басынан бері жүздеген мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Ал спортпен тұрақты шұғылданатын тұрғындардың үлесі 44,4 пайызға жетіп отыр. Бұны саламатты өмір салтын серік еткен аудан халқының ортақ жетістігі десек те артық емес.
– Ауданда мәдениет саласында 21 мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 11 кітапхана, 9 мәдениет үйі мен клуб және аудандық музей бар. Сонымен қатар, биыл мәдениет және өнер саласында 438 іс-шара өткізіліп, оған 35 мыңнан астам көрермен қамтылды. Спорт саласында бүгінде 122 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері аудан спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 293 медаль жеңіп алды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, — деп қорытындылады аудан әкімі.
Бүгінде көне Сейхунның жағасындағы Сырдария ауданы жаңа белеске қадам басып келеді. Уақыттың талабы өзгергенімен, бұл өлкенің еңбекке деген құрметі, елге деген адалдығы өзгерген емес. Сырдарияның суы секілді тоқтаусыз ағатын тіршілік пен толассыз еңбек ауданның ертеңіне деген сенімді одан әрі нығайта түспек. Рас, бүгінгі күннің өз уәжі, өз талабы бар. Су тапшылығы, нарықтың құбылмалы мінезі, жаһандық экономиканың желі – мұның бәрі Сыр бойындағы жұртты да айналып өтпейді. Алайда, «көш жүре түзеледі» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны анық. Өйткені бұл – бір кездері дарияның мінезімен арпалысып, тағдырын топырақпен тамырластырған жұрт. Бабадан қалған қара жерге қиянат жасамай, келер ұрпаққа кемел келешек қалдыруды мұрат еткен өлке. Кеше Сейхунның жағасында ақ күріштің ырзығын терген ел бүгін өндірістің өрісін кеңейтіп, инвестицияның иінін игеруге бет бұрды. Ал, Сырдарияның бүгінгі қарқынына қарап, ертеңіне деген сенімнің селкеу тартпайтынын аңғару қиын емес.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!