Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр  медицинасы:  Сапалы  қызмет  пен  сенім

03.08.2026, 11:30 34

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары ең көп қаржы бағытталған және ең ауқымды өзгерістер жүрген салалардың біріне айналды. Ауылдық жерлерде жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылып, аудандық ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жоғары технологиялық операция көбейіп, бұрын республикалық клиникаларда ғана жасалатын күрделі емдеу тәсілдері бүгінде өңірде қолжетімді бола бастады. Мұның барлығы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларын таныстырды. Брифинг барысында тек статистикалық мәліметтермен қоса, саланың бүгінгі ахуалы мен шешімін күткен мәселелер де сөз болды.

Бүгінде облыстағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 821 мыңнан астам тұрғынтіркелген. Оның 673 мыңнан астамы мемлекеттік, ал 147 мыңнан астамы жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметін пайдаланады. Халыққа 29 стационар, 24 емхана, 101 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік-акушерлік және 92 медициналық бекет қызмет көрсетуде.

Денсаулық сақтау саласының жұмысы ең алдымен медициналық-демографиялық көрсеткіштер арқылы бағаланатынын білеміз. Осы тұрғыдан алғанда алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы жаман емес. Жалпы өлім-жітім деңгейі өткен жылдың көрсеткішінен өзгермеген. Ал бірқатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша оң өзгеріс байқалады. Мәселен, туберкулезге шалдығу 10,5 пайызға, осы дерттен болатын өлім 33,3 пайызға төмендеген. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 7,5 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім 13,9 пайызға, сәби өлімі 5,1 пайызға азайған. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – биылғы алты айда облыста ана өлімі тіркелмеген. Бұл көрсеткіштердің артында дәрігерлердің күнделікті еңбегі жатыр. Бір тәуліктің өзінде облыс емханаларына орта есеппен 17 910 ересек пен 9 075 балақаралады. Жедел жәрдем қызметіне күніне 1400-ге жуық шақыртутүседі. Стационарларға тәулігіне 210 ересек пен 115 бала жоспарлы және шұғыл түрде жатқызылады. Күн сайын 40-50 сәби дүниеге келеді. Жыл басынан бері 6616 босану тіркеліп, 6883 нәресте өмір есігін ашқан.

Сонымен қатар, басқарма басшысының дерегінше, алты ай ішінде облыс дәрігерлері 56 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп, бұрын өңірде жасалмаған 4 жаңа операция түрін тәжірибеге енгізді. Олардың қатарында асқазан-бауыраралық жыланкөзді клипациялау, мениск түбірін тігу, балаларға лапароскопиялық пиелопластика және нейрохирургиядағы вагусты нейростимуляция әдістері бар.

84 аритмологиялық операция, 77 жамбас буынын, 151 тізе буынын эндопротездеу отасы жасалды. Онкологиялық көмектің де мүмкіндігі кеңейіп келеді. Жыл сайын облыста 800-ге жуық жоғары мамандандырылған емдік-диагностикалық қызмет көрсетіледі. Дәрігерлер халықаралық стандарттарға сәйкес торакоскопиялық, лапароскопиялық және реконструктивті операцияларды бейнеқондырғылардың көмегімен орындауда. Ерте диагностикаға басымдық берілуі қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға және ем нәтижесін жақсартуға ықпал етіп отыр, — дейді Алмас Әбдіғаппарұлы.

Брифинг барысында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына да ерекше тоқталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 10,7 миллиард теңгені құрайтын 28 медициналық нысан пайдалануға берілген. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге арналған 6 жоба толық аяқталды. Қазір облыс орталығында 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр. Құны 36,4 миллиард теңге болатын бұл нысанның құрамында емхана мен онкологиялық бөлімше қарастырылған. Құрылыс биыл қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтыңқұрылысы басталады. Сондай-ақ, Титов кентінде №5 қалалық емхана, Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған емхана, Арал қаласында 250 келушіге арналған жаңа емхана бой көтермек.

Брифингте кадр мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі күні өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша 197 резидентке, ал жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығына 190 грант бөлінген. Соңғы екі жылда ауылдық жерлерге барған 14 жас маманға жергілікті бюджеттен 8,5 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы төленді. Биыл тағы 10 дәрігерге осындай қолдау көрсету көзделген.

Осы ретте, БАҚ өкілдері тарапынан аймақтағы ахуалды мәселе – кей қалалық емханадағы маман тапшылығы турасында сауал қойылды. Аса қажет деген кадрларды қалай толықтырып жатыр және маман жетіспеушілігімен алдағы уақытта қандай жұмыстар жүргізілмек?

Алмас Әбдіғаппарұлының жауабына сүйенсек, арнайы өңірге бөлінген гранттар бойынша оқуын тамамдаған түлектерді тарту және жұмыспен қамту келісімшарты бойынша бұл мәселе бірізділеніп келеді екен.

– Астана, Ақтөбе, Қарағанды секілді жоғары медициналық оқу орындарына өңірлік қолдаумен грант иеленген болашақ жас мамандарға жұмыс ұсыну жоспарлы түрде жүргізііліп жатыр. Сондай-ақ, осыдан бірер жылдар бұрын тапшы болған реаниматолог мамандары қазірде жекелеген емханаларда да қызмет етуде, демек, маман тапшылығы мәселесі өз кезегінде шешімін тауып келеді, — деді А.Әбілпатта.

Денсаулық сақтау – нәтижесі бір күнде көрінетін сала емес. Дегенмен, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы өңір медицинасында қозғалыс бар екенінен хабар береді. Жаңа ғимараттар, жаңа технологиялар, күрделі операциялардың көбеюі, ауыл медицинасының қолжетімді болуы, мұның барлығы бір ғана мақсатқа – тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне бағытталған. Ендігі міндет – басталған жобалардың уақытында аяқталуы мен қол жеткізілген көрсеткіштердің тұрақты сақталуы.

Перизат  ЗАХРАДИН

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: