Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сыр дарыны» сәулесі

15.05.2023, 15:48 885

HALYQLINE.KZ Баланы ілім-білімге баулу – мемлекеттің өсіп-өркендеуіне жасаған нақты қадамы. Айтып отырған өркендеуімізге көбіне  ғалымдар мен инженерлердің, оның ішінде жаратылыстану ғылымы өкілдерінің жеткізетіні белгілі. Осы орайда біз аталған ұстаныммен ғылымға қарай бет ала бастаған жарқын  жоба туралы сөз етпекпіз.

Арал ауданында орналасқан  «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы 2022 жылдың қазан айынан бастап «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынын өткізіп келеді. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаға  7-10 – сыныптардан іріктеліп алынған 480 оқушы қатысып жатыр. Олар жаратылыстану ғылымы саласындағы информатика (робото-техника), география, химия, физика, биология және математика пәндері бойынша тереңдетілген білім алып, олимпиадалар мен түрлі байқауларға қатысып, облыстың білім көкжиегін дамытуға өз үлестерін қосуда.

«Қамбаш» пансионаты бір мезгілде 120 оқушыны қабылдайды. 7-10 – сынып аралығындағы дарынды оқушылар өз жастарына сәйкес, қазан айы мен мамыр айының аралығында 10 күннен 3 мәрте келіп кетеді. Олар жатын орынмен, 5 мезгіл тамақпен, келіп-кету жолақысымен қамтылған. Біздің жолымыз 10-сынып оқушыларының білім алу кезеңінің ақырғы күндеріне түсіпті. Көңілі тоқ, ойы сергек оқушылар жоғарыда аталған 6 пән бойынша топ-топқа бөлініп, әр күн сайын өз мамандықтарына сай, тек бір пән бойынша қатарынан 7 сабақтан білім алып жатыр. Сабақтың жыл бойғы ұзақтығы 210 сағатқа тең. Информатика пәнінің мұғалімі  Насипа Шамсейтова оқушыларына «ACMP» тереңдетілген бағдарламасы бойынша есеп шығартады екен.

     – Бізде олимпиадаға дайындалатын  курстар, 2000-нан астам есеп бар. Теория және тәжірибелік сабақ өткіземіз. Осындағы 16 баламның 8-і – олимпиада мен түрлі байқаулардың жүлдегері. Мысалы, Диас Руслан ғылыми жобаның гран-при иегері болса, Рамазан Сайфулла робото-техника саласы бойынша республикалық жарыстың  (Қызылорда мен Алматы қаласы – авт.) 1-ші және 2 – орын иегері атанды. Бұл жеңісіне Аққасен Құлахметов ағайының да еткен еңбегі орасан, – дейді Насипа Шамсейтова.

Информатика тобы. Пән мұғалімі – Насипа Шамсейтова

«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының директоры Рахан Қалиев мұнда 5 жылдан бері басшылық қымет атқаруда. Оның айтуынша, орталық жыл 12 ай жұмыс істейді. Оқу маусымы кезінде дарынды оқушылардың сабағы өтеді. Ал үш ай демалыста басқа балалар келіп, лагерь қызметі өз жұмысын бастайды. 

     – Қазіргі істеп жатқан жұмысымыз балалардың болашағына өте жақсы әсер етеді. Біздің орталықта ҰБТ-ға дайындалып кеткен оқушылардың алды шетелде білім алуда. «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады. Балалардың білім алуына бар жағдайды жасап жатырмыз. Тіпті, смартфондарын жинап алып, тек қажетті жағдайларда ғана қайта береміз. Оған ата-аналары разылығын білдірмесе, ренжіген емес, – дейді Рахан Байтілесұлы.

Бұл орталық келушілерге терең біліммен бірге өзара ұйымшылдыққа негізделген тәрбие жұмыстарымен де айналысады. Сабақ арасында ой сергітетін жаттығулар мен ұлттық ойындар ойнатылды.

«Дарын» облыстық қосымша білім орталығының директоры Айжан Тұрғанбекқызының айтуынша, іріктеуге сұраныс берген 3000 оқушыдан 960 оқушы таңдалып, «Талдысу» мен «Қамбаш» облыстық  олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтарының оқу-жаттығу жиындарына қатысуға мүміндік алған. Екі орталыққа 480 оқушыдан бөліп берген.

     – Мақсатымыз – Сыр бойындағы дарынды жастарды анықтау, қолдау және дамыту. Оқу-жаттығу жиынында ең шебер ұстаздар білім беруде. Мықты мамандардан дәріс алған Қызылорда облысының 7-8 – сынып оқушылары жуырда ғана өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында екінші орын иеленсе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқушыларымыз үздік  үштікке ілінді, – дейді Айжан Қиянбекова.

Оқушылар кешкі серуенде

Орталықта тұйық немесе басқа да оқушылардың ортаға бейімделуіне жағдай жасау мақсатында психолог маман қызмет етеді. Әсия Нұрділдаева бұл жерде  2019 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Әсия Нұрділаева оқушылармен жұмыс істеу тәсілін түсіндіруде

     – Оқушылар келген бетте олардан сауалнама алып, өздерін осы ортада жайлы сезіну-сезінбеуін анықтаймын. Түрлі әдіс-тәсілдер қолдану арқылы оқушының жаңа тынысын ашуға, өздерін еркін сезінуге жұмыс істейміз, – дейді психолог.

Сырдария ауданындағы  №132 орта мектептің 10 – сынып оқушысы Көркем Төлебай жаңа ортаның аурасы бөлек болады екен дейді. 

     – Мұнда оқушылардың бар жағдайы жасалған. Түске дейін 4 сабақ, түстен кейін 3 сабақ өткізіледі. Білімділермен бірге жүргесін сабаққа деген ынтаң ашыла түседі. Ойымыз да, бойымыз да сергек екенін айтқым келеді. Өйткені, мұнда білім алумен бірге лагерьде жүргендей сезінесің. Жаңа ортадан дос-құрбы таптық. Бізге көрсеткен қамқорлығы үшін «Қамбаш» орталығына алғыс айтқым келеді, – дейді Көркем Төлебай.

Химия пәнінің мұғалімі Нұрталап Жарылқасынұлы оқушылармен тәжірибелік сабақтарды өткізуге тырысамыз дейді.

     – Балалармен бірге Қамбаш суының тоқ өткізгіштігін, көл жиегіндегі табиғи минералды тастардың құрамын тәжірибе жүзінде анықтадық. Дарындылармен сабақ өткізу өте қызықты. Екі есе дайындықты қажет етеді.

 Жігітте де жігіт бар,

Азаматы бір бөлек.

Жылқыда  да жылқы бар,

Қазанаты бір бөлек, – демекші,  Нұрасыл Төленді, Махаббат Асанхан, Назгүл Жұмабай есімді алғыр оқушыларымның есімін атап кетсем деймін, – деп ағынан жарылды Нұрталап Жақсылықұлы.

Таңғы жаттығу

Қамбаш көлінің дәл жанына орналасқан  «Қамбаш»  олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына бір күндік сапар барысында  оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай қарастырылғанын көзбен көрдік. Мұнда суға түсу бассейні, үстел теннисі, сурет салу кабинеті секілді бос уақытты тиімді пайдалануға тамаша мүмкіндік қарастырылған. Оқушылар таңғы ауаның жұпарымен көл жағасында жаттығу жасайды.  Кешкі серуенге де шығып, бір сәт көңіл көтереді. Көпшілікке үлгі боларлық жоба жұмысының жандана беруіне тілекшіміз. Бұл жобаның жалпы білім беретін мектептің білім деңгейінің көтерілуіне  тікелей әсер ететініне шүбәміз жоқ. 

Жасұлан Асқарұлы,

Қызылорда – Қамбаш – Қызылорда

Пікірлер:
  • Керемет! Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! Мерейлеріңіз үстем болсын!
    Оқушылардың сапалы білім алуына толық заманауи тұрғыдан жағдай жасалған. Нағыз»Көшбасшылар корпусы» әзірленіп жатыр. Білімді шәкірттеріміз көп болсын!
    Мәртебелеріңіз арта берсін! Несібелі жыл жақсылығымен келсін!

  • Химия пәні мұғалімі Нұрталап Жақсылықұлы

    Тегім жазылуында сәл қателік кетіпті.
    Корректировка жасап жіберсеңіздер!
    Рақмет, Сіздерге!!!

  • Мен 9-шы сынып оқушысымын, беремін.Осы Қамбаш лагерьіне келіп, 30 күн жанымда болған жандар менің өмірімнің бір бөлшегі атанды.120 баланың бәрімен қатар араласпасамда,бәрі мен үшін өте ыстық.Біз «СЫР-ДАРЫНЫ” олимпиадасының балқаймақтары,ешқашан осы “ҚАМБАШ” оқу- жаттығу лагерьіне келгенімізге өкінбейміз.Қамбаш бізге көптеген мүмкіндіктер берді,көп нәрсеге үйретті.30 күн бойы біз сонда білім алып,өз-өзімізді дамыттық,күнделікті іш- шара сияқты нәрселерден қашпай, керісінше соған асықтық. Топ болып ауызбіршілікпен жұмыс істеуді үйрендік,бір-бірімізге қолдау көрсете білдік.Қиналғандада, қуанғандада бір-біріміздің жанымызда болдық. Тіпті тәрбиешілердің өзі менің әпке-ағаларым секілді болып кетті.Еш қиналмай оларғада сыр шерте алдым.Менің жанымда 30 күн болған адамдар, менің өмірімдегі кей адамдарданда жақын болып кетті. Өкінішке орай бізге енді бұл лагерь арман болып қалмақ… Келесі жылға дейін бірі болса,бірі жоқ.ҚАМБАШ лагерыі өзіндік естеліктерімен менің жүрегімде мәңгіге қалады жәнеде бізді дайындаған Қожатай Балдырған ағайға алғысым шексіз!!!

Мусаева Сабира үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: