Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Аралбай Махамбетов жүлдесіне арналған шахмат турнирі басталды

02.05.2026, 17:10 34

Қызылорда қаласында классикалық шахматтан Аралбай Махамбетовтың жүлдесіне арналған Қазақстан Республикасы балалар кубогының ресми ашылу салтанаты өтті.

Он сегізінші рет ұйымдастырылып отырған зияткерлік дода «Нұрсәт» теннис орталығында басталды. Биылғы жарысқа Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірінен келген 400-ге жуық жас шахматшы қатысуда. Олар 20 команда құрамында өз шеберліктерін сынға салады.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов, Аралбай Махамбетовтың інісі Сұлтанбек Махамбетов және облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қатысты.

Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет облыс әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстап, жарысқа қатысушы жас шахматшыларға сәттілік тіледі. Ол шахматтың адам ойлауын дамытып, зейін мен төзімділікті қалыптастыратын ерекше спорт түрі екенін атап өтті.

– Шахмат ғасырлар бойы адамзатпен бірге дамып келе жатқан зияткерлік ойын. Оны тек спорттық жарыс ретінде ғана емес, логикалық ойлауды шыңдайтын, тәрбиелік мәні зор өнер деп те айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шахмат – адамның ақыл-ойын және қарым-қабілетін ұштауға мүмкіндік беретін бірегей спорт түрі» деп ерекше атап өткен болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінде танымал болған бұл ойын күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай, талай жасты тәрбиелеп, олардың зияткерлік қабілетін дамытып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мейрамбек Шермағанбет өңірде шахмат спортына қызығушылық жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Қызылорда облысында 17 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде шұғылданады. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылар да бар.

– Бүгін қаламызда он сегізінші рет ұйымдастырылып отырған сайысқа бірнеше мемлекеттен және еліміздің барлық аймағынан 20 команда, 400-ге жуық жас шахматшы қатысуда. Барша жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін. Шын мықты жеңіске жетсін, – деді ол.

Сондай-ақ шара барысында Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов құттықтау сөз сөйлеп, федерация атынан естелік сый-сияпат табыстады. Аралбай Махамбетовтың жақын туыстары да дәстүрлі жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Ашылу салтанаты шахмат сүйер қауымға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта кетейік, Аралбай Махамбетов жүлдесіне арналған классикалық шахматтан ҚР балалар кубогы 10 мамырға дейін жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: