Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Суға шомылу ережесін сақтайық!

21.04.2020, 16:00 2166

HALYQLINE.KZ –| Санаулы күндерден кейін суға түсу маусымы басталады. Аптап ыстықта судың жағасына келіп, салқындағысы келетін тұрғындар көбіне қауіпсіздік қағидаларын қаперіне де ілмей, түрлі жағдайларға душар болып жатады. Көбіне ішкілікке сылқия тойғандар арасында суға кетіп қалу фактілері жиі тіркеледі.

Мәселен, өткен жылы тәртіпке бағынбай, қауіпсіздік талаптарын ескермеген 26 адам суға шомылу кезінде мерт болды, өкінішке қарай, оның 10-ы – бала. Облыс аумағында рұқсат етілмеген 64 қауіпті учаскеде 146 ескерту тақтайшасы орнатылған. Жабайы жағалаулардың кіреберісіне арнайы ілінген тақтайшаларға қарамастан, тұрғындар суға түсуді әдетке айналдырған.

Десе де, құтқарушылар жыл сайын тынығушылардың қауіпсіздігі үшін моторлы қайықпен барлау жүргізіп, оларға қауіпсіздік ережесі жазылған парақшалар табыстап, суға түсуге болмайтынын түсіндіруден еш жалыққан емес.

Жалпы халықтың суда мерт болуының негізгі себептері – азаматтардың қауіпті су айдындарына демалуы, тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде, мас күйінде шомылуы, судағы қауіпсіздік ережелерін білмеу немесе сақтамау, суда жүзуді білмеу және балаларды үлкендердің қарауынсыз су жанында қалдыру.

Қызылорда облысы аумағындағы су айдындарында балық аулау кезіндегі қайғылы оқиғаларды болдырмау, су айдындарында қауіпсіздікті сақтау бойынша 285 қызметкер, 115 еріктілер (волонтер) профилактикалық рейдке жұмылдырылып 1985 тұрғынға (оның ішінде 455 жасөспірімге) түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, жазғы демалыс және жазғы сауықтыру лагерлерінің ашылуы қарсаңында Еңбек және демалыс сауықтыру лагерьлерінің қызметкерлерін оқыту ұйымдастырылды.

Өткен 2019 жылдың шомылу маусымында облыс бойынша 869 бала жүзуге оқытылды. Ағымдағы жылы да мұндай игі бастамалар өз жалғасын табатын болады.

Құрметті Қызылорда тұрғындары және қонақтары!

Қызылорда облысы ТЖ департаменті Сіздерден судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, төменде көрсетілген ережелерді қатаң сақтауға шақырады!

• ағыны жылдам судан аулақ болыңыз;

• жалғыз суға түспеңіз;

• таныс емес жерлерде суға түспеңіз және сүңгімеңіз және «жабайы» жағажайларда шомылмаңыз;

• тыйым салынған белігіден ары жүзбеңіз;

• суда қауіпті ойындарды ойнауға жол бермеңіз;

• алкогольді ішімдік ішіп суға шомылудан аулақ болыңыз;

• ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмаңыз!

Су – тіршілік көзі, сондай-ақ тілсіз жау екенін де естен шығармаңыз!

Әлия ЕРЕЖЕПОВА,

Қызылорда облысы ТЖД

Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: