Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Студент аналар алаңдамайтын болады

25.02.2022, 18:00 829

Студенттік шақтың негізгі міндеті – білім алу болғанымен, өзге де жүктемелерді қатар алып, алдыңғы шеппен ілесіп жүрген жандар жетерлік. Әсіресе нәзік жандыларымыз ауыр жүкті еңсеріп, ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Мысалы, өңірімізде 2000-ға жуық отбасылы студент білім алып жатыр екен. Олар күнделікті қарбалас тіршілікке қарамай, өзі білім алып, ұлт ұрпағын да тәрбиелеп үлгеруде. Осындай жандарға Евразия қоры жүзеге асыратын, АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасының қолдауымен «Ізденіс Жолы» қоғамдық қоры және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Облыстық студент аналар кеңесі» құрылды.

– Бұл игі істің негізгі мақсаты – отбасылы студенттерді қолдау. Үш бағыт бойынша алдағы уақытта жүзеге асатын болады. Атап айтсақ, әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік тегін кеңестер беріледі. Алғашқы іс-шарамызды білікті мамандардың семинар-тренингінен бастауды шештік. Жалпы, бұл жобаның қоғамға берері мол. Отбасылы студенттеріміз білім алу процесінде көптеген қиындықтарға тап болады. Мәселен, оқытушылармен түсініспеушілік, жәрдемақы алуға үлгермейді. Сондай-ақ моральдық тұрғыда да көмек қажет, – деді «Ізденіс Жолы» қоғамдық қорының жетекшісі Серікхан Жүзеев.

Расында да, отбасын құрып, алайда оқуын аяқтай алмаған студент аналар бар. Сол себепті Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасы аясында өтетін бұл жобаның маңызы зор. Аймағымыздағы студент аналардың мәселесін шешуге бағытталған жобаның алғашқы тұсаукесеріне жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және отбасы институттарының өкілдері қатысты. Жобаның алға ілгерілеуіне елеулі үлес қосатын төрайым да іс-шара барысында сайланды. Бұл қызметті жас аналар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 4-курс студенті Айсара Болатқызына табыстады.

– Студент болсам да, екі баланың анасымын. Жүктілік кезеңде білім алуға қиындықтар көп болды. Емтихан тапсыратын кезде балаларымды жалғыз үйге қалдырып кете алмаймын. Сондықтан көптеген келеңсіз жағдайларда болдым. Дегенмен мұндай сәттерде қолдау көрсеткен ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Студент аналар маған үміт артып және осы кеңестің құрылғанына қуаныштымын, – деді Айсара Болатқызы.

Қазіргі таңда кеңес құрамында 40 адам мүше. Алдағы уақытта бұл құрам кеңейіп, жоба аясында жұмыстарын бастамақ дейді ұйымдастырушылар. Және іс-шарада әлеуметтанушылар, заңгерлер, психолог мамандар студент аналармен кездесіп, өз тәжірибелері бойынша кеңес берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: