Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданында 28 жобаны жүзеге асыру ұсынылды

02.02.2024, 13:45 313

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Шиелі ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Нұржан Ахатов биыл 5 млрд 635 млн теңгенің 28 жобасына қаржы бөлінгенін айтты.

Былтыр Шиелі ауданында халықпен кездесу кезінде аяқ су, электр желілері және жедел жәрдем көліктерінің ескілігі жөнінде мәселелер қозғалған еді. Аяқ суға байланысты депутаттар, шаруашылық төрағалары, өндіріс орындары басшыларымен бірлесіп, демеушілік арқылы біршама жұмыстар атқарылды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 6 млн 200 мың теңге бөлініп, Шиелі кентіндегі «Базар арығы» каналын күрделі жөндеуді аяқтауға сараптама қорытындысы шыққан. Каналдың ұзындығы 8400 метр, 2016 жылы 2886 метріне темір-бетонды науа (лоток) салынған. Мұнан бөлек, 62 тік дренажды ұңғыманың бірінші кезекте іске қосуды қажет ететін 24-іне жоба-сметалық құжат дайындап, қаржыландыру ұсынылды.

Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне былтыр 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда, аудан орталығының электр желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады.

Кенттің электр желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңін жүзеге асыру үшін демеушілікпен жоба-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Екі кезең толық біткенде 38 мың тұрғын электр энергиясын үздіксіз тұтынады. Сонымен қатар, қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді.

Мұнан бөлек, аудан әкімі 9 елді мекеннің (Алмалы, Бестам, Ақмая, Байсын, Тұрсынбай датқа, Бәйгеқұм, Жөлек, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев) электр желілерін жөндеуге демеушілер көмегімен жоба-сметалық құжат әзірленгенін айтты. Сараптамадан өткізілген жобаға қаржы бөлуді сұрады. Баяндама соңында ауданның өзекті мәселелерінің бірі ретінде арнайы автокөлікпен қамту жайын да қозғады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: