Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі: 52 науқастың 43-і – бір ауылдан

09.04.2020, 9:27 496

HALYQLINE.KZ –| Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 92-ге жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 23 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 92 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 23 жағдай анықталды. Оның 17-сі – Шиелі, 4-еуі – Сырдария, 1-еуі – Арал ауданынан және 1 науқас – Қызылорда қаласынан. Осы науқастардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 92 адам, правизорлық стационарда – 55, карантинде – 416 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 92 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1143. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 564, потенциалды байланыста болғандар – 579 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 113 адам келген. Оның барлығы үй карантинінде.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы атап мәлімдегендей, облысымыздағы жағдай күннен-күнге күрделеніп барады.

«Облысымыздағы ахуал күннен-күнге күрделеніп барады. Бір тәулікте 23 жағдайдың анықталуы – дабыл қақтыратын жағдай. Өңіріміздің тұрғындары бұл мәселені түйсініп, дұрыс шешім шығармағаннан кейін осындай оқиғамен бетпе-бет келіп отырмыз. Қайталап айтатынымыз – тұрғындар карантин тәртібін сақтауы керек. Барлық өңір тұрғындары, елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, карантин талаптарына мән берілмей келеді», – деді басқарма басшысы.

Бүгінгі күнде облыс аудандарының арасынан бір ғана Шиелі ауданында 52 жағдай анықталып, жаға ұстатарлық жағдайға жетті. Басқарма басшысы, мұның себебін – аудан тұрғындарының бейқамдығымен түсіндірді.

«Соңғы тәулікте Шиелі ауданында 52-ші науқас тіркелді. Оның 43-і – 1 ауылдан. Бұл әлі күнге дейін бейқамдықты көрсетеді. Неге әрбір азамат өзін, отбасын қауіпті індеттен қорғауға әрекет етпейді? Бір адам бүкіл ауылға жұқтыруы мүмкін. Облысымыздың әрбір тұрғыны елін, ұжымын, отбасын сақтауға мән беруі қажет. Баршаңызға бір ғана сұрағым бар: Сіз осы індеттің алдын алуға қандай үлес қостыңыз? Облысымызда қауіпті індеттің таралмауына әрқайсысымыз жауаптымыз!», – деді ол.

kyzylorda-news.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: