Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі мәжіліс өткізіп, онда алғашқы тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу барысы талқыланды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов мәселенің маңызына тоқталды.
Қала бойынша барлық негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң динамика бар. Бюджеттің игерілуі қалыпты, 1-ші мамырға бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша шығындары 100 пайыз орындалды.
– Дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын, бөлінген қаржының мерзімінде игерілуін тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Сонымен қатар, қаланың экономикалық өсімі барлық көрсеткіштер бойынша қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – 2025-2026 оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, суға шомылу мезгіліндегі сақтық шаралары пысықталып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Биыл қала бойынша 4 436 оқушы 11 сыныпты аяқтайды. Осыған орай шаһар басшысы бірқатар мәселені бақылауды қатаң тапсырды. Оның ішінде, ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күндері төтенше жағдайлардың, оқыс оқиғалардың орын алмауын қамтамасыз етуді, соңғы қоңырау және аттестаттарды салтанатты табыстау мерекелік іс-шараларында бейберекет шығынды болдырмауға, мектеп ұжымдарына сыйлыққа қаражат жинауға, жалға берілетін автокөліктермен экскурсиялар, кортеждер жасауға жол бермеуді міндеттеді.
«Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ өмірін тәуекелге тігетіндер бар. Әр шомылу маусымы басталар алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонда да ескермей, аяғы ауыр жағдайларға жетеді. Қайткенде де жағажайлар мен суға түсуге тыйым салынған айдындарда қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынуы керек» деді шаһар басшысы.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!