Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шах – патша, мат – құлату»: Бұл қандай идеология?

02.07.2026, 7:40 33

«Әлемдегі  ең  интеллектуалды  спорт түрлерінің  бірі  саналатын  шахмат ойыны тарихи, мәдени және идеологиялық тұрғыдан қайта саралануы керек» деген көзқарастар бой көтеріп келеді. Негізінен, шахмат – ойлау қабілетін дамытатын, стратегиялық шешім қабылдауға үйрететін зияткерлік ойын. Алайда, кей зерттеуші мен қоғамдық пікір өкілдері оның  атауының астарында терең тарихи әрі саяси  мағына жатқанын алға тартады. Олардың пайымдауынша, «шах» – патша,  ал  «мат» – патшаның  жеңілуі  немесе  құлауы  деген  ұғымды  білдіреді.  Осы тұрғыдан  қарағанда, ойын  атауының  өзі билікке  қарсылықтың  символикалық моделін  қалыптастырады  деген  пікірлер  бар.

Бұл  көзқарас  қаншалықты  негізді? Шахмат шынымен де революциялық санаға қызмет ете ме әлде бұл тарихи терминнің қазіргі заманға бейімделген даулы түсіндірмесі ғана ма? Ғасырлар бойы ғылым мен білімнің, логика мен парасаттың құралы ретінде  мойындалған  ойынның  атауын  өзгерту туралы  бастама  нені  көздейді?  Осы сауалдар  төңірегіндегі  пікірлер  мен уәждерді  саралап  көрелік.

Шахматтың шығу тарихына үңілсек, бұл ойынның тамыры ежелгі Үндістандағы «чатуранга» ойынына барып тіреледі дейді әлеуметтік желідегі ақпарат көздері. Кейіннен Парсы жеріне таралып, одан әрі араб және еуропалық өркениеттер арқылы әлемге кеңінен танылды. Дәл осы парсы тілінен енген «шах – мат» тіркесі «патша  дәрменсіз жағдайда қалды» немесе «патша жеңілді» деген мағынаны білдіреді деген  түсінік  қалыптасқан.

Бүгінде бұл термин тек ойын ережесінің бір бөлігі ретінде қабылданғанымен, кейбір қоғамдық пікір иелері оның астарындағы саяси-­идеологиялық мазмұнға назар аудару қажет деп санайды. Олардың пікірінше, қоғамда қалыптасқан көптеген ұғым мен символдар уақыт өте келе қайта бағаланып, ұлттық дүниетаным  сүзгісінен  өткізіліп  отыруы  тиіс.

Соңғы жылдары Қазақстанда тарихи атау­ларды қалпына келтіру, отарлық кезеңнен қалған атауларды өзгерту, ұлттық сана мен мәде­ни кодты жаңғырту мәселелері жиі көтеріліп келеді. Осы үдерістің аясында шахмат атауына қатысты пікірдің де айтылуы кездейсоқ  емес.

Байқоңырлық Мейрамбек Қалменовтың айтуынша, шахмат ойыны мен федерациясының атауын өзгерту қажет. Әлгінде айтқанымыздай, шах – патша болса, мат – оны өлтіру. Қоғам белсендісі, осы интеллектуалды ойын түрін 1994 жылдан бері зерттеп, тамыр тарихын тереңінен қазбалаған Мейрамбек Құбанұлы аталмыш ойынды Үндістан елі емес, қазақ ұлты­ның ойыны дейді. Оған дәлел, алғашқы шахматтың ойын құралдары асық болса, көшпенді моғолдар ойлап тапқан ойын түрі дегенді  алға  тартады.

– Көшпенді моғолдардың дәуірінен, яғни көшпенді заманынан келе жатқан бұл ойын әу бастан-ақ, төрт түлік малдың асық жілігінен алынған асықтар болған. Әлемдік ойын деңгейіне жеткеннен соң әр ел өзінің қалауына қарай өзгертіп отырған деседі. Мәселен, Қытай Респуб­ликасын айтуға болады. Ал атауының өзі революциялық  бағытта екені әлі де айтылып келеді. Шахмат атауын «шах» атауына өзгерту жайлы пікірімді осы тамыз айында өтетін үлкен отырысқа ұсынсам деймін. Бұлай деуімнің көпжақты  дәлелі  бар, — дейді  М.Қалменов.

Расымен-ақ, ойын түрі қазір әлемдік деңгейде. Байқасақ, Шахмат федерациясының да атауы әлемдік ойындар алаңында ағылшын тілінде «Chess Federation» деп аталады. Сарапшымыздың пікірінше, бұл – нағыз екіжүзділік. Атауды екі түрлілендірмей-ақ, шах деп өзгертуді жөн көремін дейді. Өз кезегінде, бұл өскелең ұрпақты патша болуға, ойынды рухтанып ойнау­ға, жоғары болуға шақырады. Кейіпкеріміз шахмат атауына қатысты көз­қарасын ұлттық сана мәселесімен байланыс­тырады. Оның пайымдауын­ша, атаулар мен ұғымдар кездейсоқ пайда болмайды, олар – белгілі бір тарихи кезеңнің, идеологияның және құндылықтардың жемісі. Сондықтан қоғам қолданысындағы әрбір терминнің астарына  үңіліп, оның  бүгінгі ұрпақ санасына қандай әсер  беріп  жатқанын  саралау  қажет.

Сарапшының айтуынша, шахматтың тари­хын тек Үндістанмен байланыстыру – әлі де толық дәлелденбеген тұжырым. Ол бұл ойынның түп-тамыры қазақ даласындағы көшпелі өркениетпен сабақтас болуы мүмкін деген пікір айтады. Оның пайымдауынша, ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің асығын тұрмыс пен ойын құралы ретінде кеңінен пайдаланған. Тіпті шахмат тақтасындағы фигуралардың бастапқы үлгі­лері де асықтар арқылы ойналған көне ойын­дардан бастау алуы ықтимал. Сарапшы бұл пікірін қазақ  халқының  дәстүрлі мәдениеті мен зият­керлік  мұрасымен  байланыстырады. Оның айтуынша, көшпелі өмір салты тек күш-қайрат­қа емес, терең ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауға да негізделген. Сондықтан шахматты сырттан келген ойын ретінде емес, қазақ даласындағы ежелгі таным мен ойлау мәдениетінің бір көрінісі ретінде қарастыру қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, ол шахматты қазақ қоғамында ұлттық зияткерлік мұраның бір бөлігі ретінде насихаттау маңызды деп есептейді. Демек, ғасырлар бойы әлемдік өркениет­ке телініп келген көптеген құндылықтың түп-төркініне жаңаша көзқараспен қарап, ұлттық тарихтағы орнын қайта зерделеу уақыт  талабы  болып  отыр.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: