Бүгін Сырдария ауданындағы «Руханият» орталығында аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев Семей ядролық полигонына қатысушы ардагерлерді қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аудан әкімінің орынбасары ел тарихындағы тағылымы терең айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.
– Биыл қазақ даласына қасірет әкелген Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. 29 тамыз – Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық үшін тарихи күн. Себебі, 1991 жылы дәл осы күні Невададағы полигоннан кейінгі әлемдегі екінші қуатты Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. 2009 жылдан бері бұл күн атаулы күндердің тізбесіне енгізілді. Семей ядролық полигонының жабылуы – көптен күткен және тағдырлы шешім. Тарихқа көз салсақ, қазақ халқының басынан өткерген қиындықтары аз емес екенін бағамдаймыз. Солардың бірі – осы полигон қасіреті. Болашағын бейбітшілікпен байланыстырған мемлекетімізде Семей полигоны жабылып, оның зардаптарын жоюға ел азаматтары атсалысты. Олардың қатарында сырдариялықтар да бар. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу арқылы Сіздер Отанымыздың патриот азаматы екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Сынақ алаңына ауданнан 150-ге жуық азамат барса, бүгінде 20 ардагер мемлекет тарапынан көмек алуда. Сіздерге ел намысын қорғап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, — деді Талғат Мейрамханұлы.
Сонымен қатар, апат зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерге сый-құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!