Соңғы жылдары өңірлердің дамуы туралы көп айтамыз. Инвестиция көлемін талқылаймыз, жаңа өндірістерді, жолдарды, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды сөз етеміз. Бұлардың барлығы маңызды. Бірақ мені бір сұрақ жиі ойландырады.
Өңірдің шынайы дамуы неден басталады?
Бұл сұраққа ұзақ уақыт жауап іздедім. Қоғамдық қызмет барысында түрлі адамдармен кездестім. Мемлекеттік қызметкерлермен де, кәсіпкерлермен де, мұғалімдермен де, дәрігерлермен де, ауыл тұрғындарымен де пікір алмастым. Әрқайсысының мәселесі әртүрлі болғанымен, арманы бір екенін аңғардым. Барлығы әділетті қоғамда өмір сүргісі келеді. Барлығы еңбектің бағаланғанын қалайды. Барлығы баласының туған жерінде кең мүмкіндіктер болғанын армандайды.
Сонда мен бір қарапайым ақиқатты түсіндім. Өңірдің дамуы ең алдымен адамның дамуынан басталады.
Біз көбіне жаңа ғимарат салсақ даму болады, жаңа жоба іске қосылса мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Алайда ғимараттың сапасы оны пайдаланатын адамның жауапкершілігіне байланысты. Жолдың ұзақ қызмет етуі де, қоғамдық мүліктің сақталуы да, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі де, түптеп келгенде, азаматтың санасына тіреледі. Сондықтан бүгінгі таңда ең үлкен инвестиция бетонға емес, адамға салынатын инвестиция.
Өңірдің байлығы тек табиғи ресурстарымен өлшенбейді. Нағыз байлық білімді азамат, адал еңбек, қоғамдық сенім және жауапкершілік мәдениеті.
Тарихқа көз жүгіртсек, әлемдегі табысты мемлекеттерді алға сүйреген бірінші кезекте табиғи байлық емес, адами капитал болғанын көреміз. Олар ең алдымен адамның сапасын көтерді. Себебі сапалы адам сапалы қоғам қалыптастырады, ал сапалы қоғам тұрақты дамуға жол ашады.
Біз де өзімізге бір маңызды сұрақ қоюымыз керек.
Ертеңгі Сыр елі қандай болуы керек?
Жауапты тек мемлекеттік бағдарламалардан іздеудің қажеті жоқ. Жауабы өзімізде.
Егер әр мұғалім бір баланың тағдырын өзгертуге ұмтылса, әр дәрігер өз кәсібін миссия деп қабылдаса, әр кәсіпкер адал еңбекпен қоғамға пайда әкелуді мақсат етсе, әр мемлекеттік қызметші халықтың сенімін ең жоғары жауапкершілік деп түсінсе, онда өңірдің болашағы да өзгереді.
Қоғам үлкен өзгерістерден емес, күн сайын қайталанатын кішкентай жауапты әрекеттерден қалыптасады.
Сыр елі ұлы тарихы бар өлке. Бұл Қорқыттың даналығы сақталған мекен. Сырдария мыңдаған жыл бойы тіршілік нәрін сыйлаған аймақ.
Бұл — Аралдың қасіреті арқылы бүкіл әлемге экологиялық жауапкершіліктің сабағын көрсеткен өңір. Бұл, адамзаттың ғарышқа ұшуына жол ашқан қасиетті жер. Осындай тарих бізге мақтану үшін ғана емес, жауапкершілік жүктеу үшін берілген.
Өткен ұрпақ бізге мұра қалдырды. Енді біз келешекке қандай мұра қалдырамыз?
Менің ойымша, өңірдің болашағы жаңашыл адамдар санымен өлшенеді.
Өйткені ұлы өзгерістер үлкен мінберлерден басталмайды. Олар адамның өзіне қойған бір ғана сұрақтан басталады, яғни «Мен туған жерім үшін не істеп жүрмін?» деген. Осы сұраққа әрқайсымыз адал жауап бере алған күні ғана біз жаңа дәуірдің іргетасын қалаймыз.
Нұрбек Дәуренбеков,
қоғам белсендісі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!