Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жынды

02.11.2023, 9:40 176

HALYQLINE.KZ

(Әңгіме)

Аспанның сұрқы қашқан, жаумаса да репеті суық сұр бұлт қала үстіне төніп келеді де, гүжімдігін көрсете соққан желге шыдас бермей, ығыса жөнеледі. Көшедегі бұта-тал атаулы гөй-гөй ызыңға басқан, жазды жоқтап, ырғала теңселуде. Сонау алыстан, көз жетпес қиырдан анда-санда тізбектен қалып қойған жалғыз қаздың мұң толы сыңсығаны жетеді. Сірә, оның да мұңы бір басына жетерлік-ау… Ия… Топтан бөлінген оңай дейсің бе?!

Ол тездете киінді, басына милицияның көнетоз фуражкасын киіп, қолына ала таяғын ұстады, анасының тағы да дегбірі қашты.

– Жарығым-ау! Күн де суық, шықпай-ақ қоймадың ба?

– Апа! Болмайды! Шығуым керек. Қазіргі жұртта ес бар дейсің бе, жандары шығып, ышқынып жүрген бір халық, рөлге қолы тиді – бітті, көздері ақиып кетеді де, ыскорысты басады кеп, өлетінін білмей ме бұлар…

Ол сыртқа беттеді, анасы жасын сүрте: «Алла-ай, не жазығымыз бар еді, ешкімге болмасын деген жоқпыз… Жалғызыма жар бола гөр! Жұрт псих деп күледі… Анда-санда ұстамасы бар демесең… ештемесі жоқ… Қайтейін, адамнан болды ғой… Жаратқан өзіңе тапсырдым…Үйленбеді де… Машинаны жай айдасаңдар бірдеңелерің кете ме, жұртым-ау…» деп күбірледі. Ана жүрегі тілім-тілім… ұлының екі көше қиылысына барарын да сезді, талайлардың балағаттайтынын да білді, құдай-ай, құдай-ай… Не істей аларсың тағдырға…

Ұлы беске толғанда жол апатынан күйеуі қайтыс болған Ұлжан жалғызын ешкімнен кем қылған жоқ. Баласы да жігіттің сұлтаны боп өсті, мектепте үздік оқыды, әскери борышын абыроймен атқарды, одан соң Алматыдағы арнайы милиция мектебін бітірді. Тура әкесі сияқты жақын тартқанына жаны жайлау, досқа адал, әділетсіздікке, өтірікке жаны төзбейтін, өз дұрыстығын білсе алған бетінен қайтпайтын қайсар боп шықты. Милиция оқуына барарда «Балам-ау, таңдағаның өте ауыр жол болды-ау, пойыздың оқуы да жететін еді ғой бізге…» дегенде баласы: «Апа! Көкемді ана жауыздар басып кетті ғой, сонда да сотталмады. Неге? Өйткені соттың баласы еді. Әділдік қайда? Біз қиналдық, қайғы жұттық, оны олар түсінді ме? Міне, мен ондайларға жол бермеуге тиіспін. Көкемнің аруағы үшін солай жасауым керек» дегесін үнсіз қалған еді. Сол кезде ұлының бесте болса да біраз нәрсені есінде сақтап қалғанын ұқты, Алладан тілеуін тіледі.

Ол елге келіп, қызметке кірісті, әділдік үшін күрескен жас жігіт аз уақыт ішінде-ақ қатал автоинспектор ретінде танылды. Анау-мынауға, ағайындыққа көнбейтін лейтенантты ең алдымен автокөлік жүргізушілері неше түрлі өсекке таңса, содан соң айтқанын тыңдата алмаған басшылары да құртудың жолын ойлай бастаған болатын.

***

Тұрғанбай бүгін «Ташкент – Самара» автожолының Шиелі мен Қызылорда аралығында патрульдік қызметке кірісті. Бес-алты ай облыс орталығындағы ең ауыр нүктелердің бірінде – жол-көлік оқиғасы жиі болатын 50 жылдық ВЛКСМ көшесі мен 30 жылдық Жеңіс көшелерінің қиылысында міндетін атқарды. Бұл кеңес билігінің күні бітуге таяу тұс еді және қалада неміс, жапон автокөліктері көбейіп, қалтасы қалыңдардың байлықтан аусыл тиген сиырдай көздері айналып, әлгі көліктермен қала көшесі деместен құйғыта бастаған шағы еді. Бұл олардың талайына айыппұл салды, талайын жүргізуші куәлігінен айырды. Бірде, тіпті, жас прокурорға да хаттама толтырды, ананың «Әй… ше… Ен-ді… ба-сыңды шабамын… Милиция деген біздің байлаулы итіміз емес пе, әй… көрсетемін саған…» дегеніне де қараған жоқ, машинадан түсірді. Әжептәуір қызып алған ол әкіреңдеген қалпы, қисалаңдай басып, қасындағы бойжеткенмен такси ұстады да кетті, бұл көлікті қалалық ішкі істер бөлімінің қорасына апарып қойды. Сонысы басына бәле болды, мұның әрекеті дұрыс болса да, бастықтар мұны шеттете бастады. Енді мынау мидай далада, желдің өтінде тұрысы. Көзі – жолда, сана – сарсылтқан сұраққа толы. «Қызық. Заң деген қоғам үшін, ел үшін ғой, адамдардың барлығына бірдей емес пе?! Әлде, бастықтар, сот, прокурорлар одан тысқары ма? Түсіне алмай-ақ қойды, бұл тоқтатпаса ана жігіт біреуді майып қылар еді, не біреу, тіпті, өзі өліп кетуі де мүмкін ғой. Соны неге түсінбейді бұлар?! Бұған өштеседі кеп, айтпайтындары жоқ сыртынан, керісінше бұл соларды қорғап жүрген жоқ па? Соған ақылдары жетпегені ме?! Әскерде жүргенде комбаттың «Мына өмір – сайқал, түрмеде отыруы тиіс талай адам – бастық болып шәниіп отыр, ал бастық болуы керек небір марқасқа жазықсыз түрмеде отыр. Психбольницада жатуы керек небір жынды жұртқа ақыл айтып жүр, ал жұртты бастар небір жайсаң психбольницада жатыр. Сотталып кетпес үшін талай жауыздың әдейі психбольницаға жатып алғанын да білемін» дегені есіне түсті. Сұмдық… Сонда біз қайда барамыз осы… Қайтіп ел боламыз…?!».

Күн тұсау бойы көтерілді дегенше бұл өлке тамұқтың тайқазанындай от боп балқып шыға келеді, тіпті, демалсаң да өкпеге ыстық ауа толатынын қайтерсің, сондықтан күре жолда күндіз көлік қозғалысы сиректеу болады да, кешкі салқын түскеннен таң атқанша ауыр жүк көлігі бар, жеңіл машинасы бар ағылады да жатады, ағылады да жатады. Мұның Шиелі мен Қызылорда аралығында жүргенін жұрт біліп үлгірген, оңтүстіктен келетіндер де, солтүстіктен келетіндер де жол ережесін бұзбай өтуде, бұл соған ырза, тіпті, кейбір қауын-қарбыз тиеген «КамАЗ» тізгініндегі ала тақиялы ағайындар қол көтеріп сәлемдесіп те қояды. Олардың мұның бақылайтын аймағынан шыға ақысы кеткендей жылдамдықты үстей түсетінін бұл қайдан білсін. Осылайша түн ортасы ауды, қараңғылық қоюлана түсті… Осы сәт! «Өй… мынау… жынды ма, мас па?!». Санасында жалт еткен осы оймен қабаттаса қатты жылдамдықпен келген жеңіл БМВ көлігі мұны жаншып кетердей тақап тоқтады, жарқыраған шамдар көз қарықтырады, нөмірі көрінбейді. Бұл жолдың екі бетіне көз салып үлгерді, көлік түгіл жан баласы жоқ екен, әп-сәтте машинадан түскен, беттеріне маска киген төрт жігіт мұны соққыға жықты. Аналарға: «Тоқта! Кімсіңдер?» деуге ғана шамасы келді, басына қатты бірдеңенің тигенін сезді, одан арғысы есінде жоқ. Бір қап-қараңғы түнекке сүңгіді де кетті…

***

Ертеңіне ел гу ете қалды, «МАИ-дағы қайтпас шетелге қашып кетіпті» дегендер де, «Біреулер қастандық жасамаса болар еді» дегендер де болды, әйтеуір, таусылмайтын қаңқу бір үйден шығып, бір үйге кірді. Жоғарыдағылар айғайына ренжігенмен, милиция бастықтары іштеріндегі «Өзіне сол керек, сауап болды» деген пиғылдарын қанша жасырғысы келгенмен, өңдерінен масайрау белгісі байқалар еді. Жағалылардың бірі «Мас болып бір жерде жатқан шығар» десе, екіншісі «Ол ішімдікті аузына алмайтын жігіт. Оған бірдеңе болды» дегенді айтты. Жол жиегінде тұрған оның «ВАЗ-2106» қызметтік көлігі бөлімге жеткізілді, машинадан сезік алар түк табылмады.

Бір тәулік өтті, Ұлжан үйге бір кірді, бір шықты. Өзі де тағат таба алмай жүргенде ауық-ауық «Келген жоқ па, хабар жоқ па?» деп екпіндей келіп, ентіге кететін милиция қызметкерлері де шаршатты, көзінен жас та шықпай қалды, «Жалғызым, жалғызым! Алла-ау, аман қыла гөр!» дегенді қанша қайталағаны есінде жоқ, жүрегі құрғыр бір сұмдықты сезгендей шым-шым етіп шаншып-шаншып кетеді. Түс ауа тіпті мазасы қашты, үйде отыра алмасын сезді, жүрегі аузына тығылғандай болғасын, сыртқа шығып, көшедегі терек түбіне орындық әкеп отырды. Көп өтпей-ақ милиция машинасы көшенің арғы басынан бері қарай бұрылғаны сол еді, мұның тізесі қалтырап, көз алды тұманданып кетті. Ол көзін ашқанда қасында тұрған милиция қызметкерін көріп, үзіп-үзіп: «Жал-ғы-зым! А-ман ба?» деуге шамасы жетті. «Аман. Апа, жағдайы жақсы. Ауруханада. Қазір сонда барамыз» дегенді естігенде бүкіл тұла бойын, алпыс екі тамырын бір қуатты жалын қуалай жөнелгендей болды. 

Ауруханада ұлын көрген ана есін бір жиса, бір талықсып кетеді. «Ойбай-ау, ойбай… Заң, заң деп жүріп… Үкімет қайда… Заң қайда… Құлдығым-ау, не болды бұл… Не боп кетті өзі…». «А-па..!». Басы ақ дәкемен ораулы, тек көзі сығырая көрініп жатқан ұлы тіл қатты. «А-п-а! Жы-ла-ма! Жан қ-қ-ал-ды. Тә-уе-кел… Жы-ла-ма!». Он шақты күннен соң ұлы қалыпқа келе бастады. Жұрттан есітті ғой не болғанын. Ой… Алла-ай, адам да осынша жауыз болады екен-ау… Оларды да бір шеше туды-ау, адал азамат бол деп тіледі-ау… Нағылет жауғырлар-ау, соншама азаптағандары… Адам емес шығар олар…

Дәл осы сәтте, шетелдік көліктерін қаңтарып қойып, сырт көзден таса дария бойындағы тал арасында оңаша сыралатып отырған төрт жігіттің әңгімесін тыңдап тұрған періштелермен тілдесе алар жан болса мынаны есітер еді. «Нағыз өлмес екен… Қалай аман қалған, ә?». Міне, досының дауысына ілесе автоинспекторға өштесіп жүрген прокурордың да дауысы естілді. «Шеш… ана дальнебойшик өзбектерді айтам-ау, тура соны көмген жерге тоқтағандары… Ананы көріп, қазып алғаны…». Әңгімеге үшіншісі араласты. «Не болса да бізден аулақ болса екен». Төртіншісі мыналарға үстемдік жүргізіп қалған біреу болар, сірә, тістене сөйледі. «Ауыздарыңа ие болыңдар. Бірдеңе болса – групповой кетеміз. Бір ментті таяққа жықтық – онда тұрған не бар?! Оның үстіне прокурор бар арамызда, неге ол мұның намысына тиеді? Тем более қасында қыз бар… Біз правпыз. Сен… Шакон, былжырай берме».

Иә, өткенде түн жамыла барып Тұрғанбайды соққыға жығып, оны көліктеріне салып Қызылордаға қарай оншақты шақырым жүріп барып, жерді қазып, автоинспекторды ессіз жатқан күйі тепкілеп, тек басын сыртқа шығара көміп кеткен осылар еді. Өледі деп ойлаған-ды, алайда Алла сақтады, келесі күні сол тұсқа тоқтаған екі жолаушы байқап қалып, қазып алды, ауруханаға жеткізді. Жігіттің көрер жарығы бар да…

Құйрық-жалы сүзіліп, алға зымыраған уақыт араға бес-алты жыл салды. Баяғы Тұрғанбай қиылысында тұратын көшелер Жеңіс және Төле би көшелері болып өзгерді, көше бойы дүкен, көлік жөндеу орталықтарына толып кетті. Тұрғанбай да өзгерді, басы ауыратын болды, мүгедектікпен қызметтен босатты, жылына екі рет жүйке аурулары ауруханасына жатып шығады, ел мұны құстың келу-қайтуымен байланыстырады. Басқа уақытта алып бара жатқан ешнәрсесі жоқ, тек, жұртты таңғалдыратыны да, өсек отына май тамызатыны да – оның сол екі көше қиылысына және ара-тұра Шиелі мен Қызылорда аралығына барып тұратыны, ақжемі шыққан милиция формасын киетіні, ала таяғын қолына алатыны, сөйтіп өзінше жол қауіпсіздігін бақылауға кірісетіні. Не дерсің бұған?! Қатты жылдамдықта келе жатқан жүргізушілерге сес көрсетеді, «Жындысың ба? Өлесің бе?» деп айғайлайды. Мұны естіген талайлар ойланған болар. «Шынында да, ол жынды ма, әлде, біз жындымыз ба?» деп, кім білген… Оның әрекетіне күле қарап: «Өй!.. Жынды! Жындымысың деген… Жанын қинап жүргенін…» деп мазақ қылатындар да жетерлік еді.

***

Тұрғанбай бүгін де әдеттегі тұсқа – Жеңіс пен Төле би көшелері қиылысына келсе, тағы да бағдаршам істен шыққан екен, «Во время келген екенмін» деп қойды ол іштей. Жүргізушілердің бірі түсіністікпен қараса, енді бірі қалайда өзі өтуге тырысып, кептеліс жасапты, бұл тез арада қозғалысты ретке келтірді. Көлік ішіндегілердің бірі: «Жынды дейміз-ау мұны, бірақ нағыз маман ғой» десе, біреулері: «Осы адамдарда ес жоқ, бір жындының айтқанына көніп…» деп бара жатты. Осы кезде қалалық ішкі істер басқармасы жақтан келе жатқан қара түсті, екпіні қатты «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігі көрінді. Көліктегі екеудің бірі Тұрғанбайға өш прокурор да, қасындағы оның досы Шакон еді. Олар да көше қиылысына жақындады.

«Ойбай, ана қара! Мынау баяғы… ғой!». Шакон дауысымен қатар гүжілдеген прокурордың да үні қабаттасты. «Сонда асыққан екенмін. Осы кезге дейін әкеліп, пәленбай жылға соттатып жіберуім керек еді мұны». Шакон шын айтып отырсың ба дегендей оған бұрыла қарады, бірақ, сазарған беттен не байқар бұл, байқатар ма ол?! Сөйткенше болмады, машиналар жылжып жүре берді, прокурор машинаны жұлқи қозғады. Ышқына, ысқыра қатты жылдамдықпен қозғалған машина лебінен жол жиегіндегі бұталар да шошына кейін жапырылды. «Өй! Мынау жынды ма?». Санасындағы осы оймен қабаттаса Тұрғанбайдың айғайы да қоса шықты. «Әй! Өлесің ғой! Жайлат!». Шакон жақ терезені түсіре еңкейген прокурор да айғайға басты. «Әй! Шешеңнің… Жынды… Кет бұ жерден». Ол өз орнына тіктелемін дегенше Шаконның жан даусы шықты: «Ой-бай! Өлдік!». Тарс ете қалған дауыс шықты да, көше тым-тырыс бола қалды. О, тоба! Мұндай да тыныштық болады екен-ау! Меңіреу… Қорқынышты…

Қиылыстан кейінгі екінші үйдің жанында тұрған «КамАЗ» жүк машинасына соққан жол талғамайтын көлік төңкеріліп түскен, жұрт тез жиылғанмен, асфальтқа бензин тама бастаған соң машинаға ешкім жоламады. Осы кезде біреу жанұшыра келіп, ұшып кеткен алдыңғы терезеден әлгілерді суырып алмақ болып еді, қауіпсіздік жастығы қысып тастағандықтан шығара алмады да, есікті бірнеше рет теуіп жібергенде, майысып қалған есік ашылып кетті. Тез қимылдаған ол жанталаса жүріп екі жаралыны да машинадан алыстатты. Жол-көлік полициясы да, жедел жәрдем де жетті. Сәлден соң төңкеріліп жатқан машина «гүрс» ете жарылып, жалынға оранды. «Алла-ау, әйтеуір, адам аман. Темірдің бір жөні болар» деп дабырласқан жұртты полиция қызметкерлері тарата бастады, жол-көлік оқиғасының сызбасы жасалды, оқиға жайлы сұрастыра бастаған отыз бестердегі инспектор апатқа түскендерді жанкештілікпен құтқарған азаматпен сөйлеспек болып, оған жақындады да: «Жігіт! Жарайсың!» дей бере ауызы ашылған күйі аңырып тұрып қалды. Иә, ол Тұрғанбайды енді таныды, қарсы алдында тұрған азамат алдында айыпты жандай төмен қарады.

***

Жол апатына түскен екеу арнайы жабдықталған оңаша палатада, келушілер науқастардың рұқсатымен ғана кіреді. Ал, көңіл сұраушылар аз емес, екеуінің де жағдайы тәуір болып қалған. Прокурор танауы аспанда, ірі мекеме басшыларының күн құрғатпай келгеніне көңілі кәдімгідей өсіп қалған, тіпті, жанындағы Шаконға менсінбегендей кейіп танытады, кеуілінде «Көрдің бе, сен – кім, мен – кім!?» деген ой да қылаң береді.

Кезекші медбике: «Өткенде сіздерді құтқарған азамат келіп тұр, кірсін бе?» дегенде екеуі де елең етті. Өз-өзіне келе бастағаннан Шаконда «Кім болса да мені ажалдан құтқарды, қарыздармын оған. Қалай өтермін оны…» деген ой болса, прокурор іштей «Менің прокурор екенімді біліп құтқарды ғой. Әйтеуір бір көмегі тиер деп ойлаған болар. Несі бар, көмектесерміз қолда мүмкіндік барда, қайтарармыз еңбегін» деп түйген болатын. Медбике соңынан ере кірген адам ілгері озғанда екі науқастың үні шықпай қалды, палатада тек кері бұрылып кетіп бара жатқан кезекшінің аяқ дыбысы ғана естіледі. Ол аналарға әкелген пакетті терезе алдына қойды.

– Ау, жігіттер қалайсыңдар? Жақсысыңдар ма?

– Жақсы…

Шаконның тамағы құрғап қалғандай дауысы әзер шықты, прокурорда үн жоқ. Әңгіме жараспады, бұл мына екеуі өзін ұнатпайды деп ойлады, Шакон болса санасын піскілеген «Шакон-ау, сорлысың ғой… Адам емессің ғой… Осындай жігітті де өлімге қидың-ау… Ол саған не істеп еді соншама… Құдайдан таптың ғой…» деген ой құрсауынан шыға алмай жатқан-ды, ал прокурор жындымен сөйлесуді өзіне ар санап, тілсіз қалған болатын. Аздан соң Тұрғанбай шығып кетті де, медбике кірді. Прокурор үні тым зілді шықты:

– Мұндай жындыны неге кіргізесің… А…?

– Өзіңіз кіргізген жоқсыз ба. Біз тек сіздер рұқсат бергенді ғана кіргіземіз.

Тағы да тыныштық орнады. Шаконның дауысы естілді, бәсең болғанмен анық, бір ойға бекінгені анық.

– Қарындас, сіз кінәлі емессіз. Кінәлі біздер. Әлгі азамат та жынды емес, нағыз жынды біздерміз. Солай…

Ежірейе қараған досын көргісі келмегендей ол жүзін қабырға жаққа бұрды. Осыны күткендей майда тамшылар терезені қаға бастады, жаратушым жамандық атаулыны жуып жібергісі келді ме екен, кім білген…

Алдажар  ӘБІЛОВ

Сурет  ашық  дерекөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: