Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорқыт ата – Түркінің құты

23.03.2021, 12:00 1397

HALYQLINE.KZ

Исі түркілердің ішінде жалпы халықтық сипатқа ие болып, ортақ тұлғаға айналған тұлғалар аз емес. Солардың ішінде шоқтығы биік, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі аралыққа түгел таныс ол – Қорқыт. Әлемнің түкпір-түкпіріне ойшыл, абыздығымен танылған бабамыздың мәңгіге тыныс тапқан жері – жердің кіндігі аталған Сырдың бойы. Оғыздың ұзаны Қорқыт жайлы талай ғалымдар мен музыкатанушылар зерттеу еңбектерін жазды. Қазақ ғалымдары арасында бағзыдағы абызымызды зерттеуге түрен салған ғалымдар Ш.Уәлиханов (1835-1865ж.ж), Әлкей Марғұлан (1904-1985ж.ж) мен Әуелбек Қоңыратбаевтар (1905-1986ж.ж) болса, орыс ғалымы Василий Владимирович Бартольд (1869-1930 ж.ж) Қорқыт шығармаларының орыс тіліндегі тұңғыш әрі үлгілі аудармасын жасаған. В.В.Бартольд «Қорқыт жыршы, халық тағдырына қиыншылық туғанда, ол ел басшыларына даналық ақыл, Отан қорғайтын батыр ұлдарына ақ бата беретін, ол ата-бабаларының дәстүрін жалғастырушы Ұлы тұлға» – деп жазды. Зерттеуші ғалымдардың аттарын қысқаша келтірсек, ол Х.Ф.Дицтен бастаған бірнеше неміс және көптеген батыс-еуропа оқымыстылары, ресейліктер И.Кастанье, В.Радлов, Ә.Диваев, В.Жирмунский, В.Басиловтар, түркі зерттеушілері – Ш.Гөкәй, М.Қырғызоғлы, әзербайжандықтар – Г.Аслы, М.Тахмасиб, Х.Көроғлы, қазақ ғалымдары – Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Ыбыраев, Е.Тұрсынов және т.б.

Академик Әлкей Марғұлан былай деген: «Қорқыт Ата – халықтың рухани санасында ұлы сәуегей, қазақ бақсыларының пірі, табынатын тәңірісі. Бақсылар оны әрдайым бабам деп Қорқытқа сыйынып отырған» [ежелгі жыр, аңыздар, 214-б.]. Кейбір түркітілдес елдердің ұғымында, ол мысалы, философ, жырау, әскери қолбасшы, эпик болып, кейбіреулерінде – дана, батагөй, шебер музыкант, ал қазақ өнерінде Қорқыт бақсылардың пірі, қобыз аспабының, оның музыкасының негізін салушы ретінде жоғары бағаланып келеді. Көне заманнан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақтың төл музыкалық аспабының бірі – ысқымен ойналатын қыл шекті қобыз өнері ұлттық өнерімізде үлкен орын алады. Қазақтың музыкалық өнері мен аспаптың пайда болуы Қорқыттан (VIII-IXff) бастау алады. Бізге жеткен мол мұралары: «Қорқыт күйі», «Қорқыт зары», «Ұшардың ұлуы», «Аққу», «Желмая» және т.б. күйлері халық қобызшылары дәстүрлі өнерінің мұрасы ретінде, кейінгіге сабақтасып, жалғасын табуда. Қобыздың ерте кездегі суреттері бейнеленген тас мүсіндер Ұлытау мен Қарқаралы төңірегінде (IV-VIIIғ.ғ) табылған. Ежелгі Қытай жазбаларында ғұндардың кезінде қылқобыз бен сыбызғы болғаны жөнінде айтылған. Осы деректерден қобыздың пайда болғаны Қорқыттың өмір сүрген кезінен ерте екенін көруге болады. Сондықтан да, қобызға қатысты аңыздардан аспаптың тым көне екендігін көрсетеді. Қылқобыз аспабы Қорқытпен байланысып, оның күйлері мен сарындары, бақсы-балгерлердің болмысында, салттарында сақталған.

Осы орайдағы тағы бір мәселе, қазақтың музыкалық мұрасы санатында Қорқыттан жеткен 11 күй бар. Бір айта кетерлігі, бұл Қорқыт мұрасын ортақ мұра санайтын әзірбайжанда да, түрікте де, түрікменде де жоқ, яғни Қорқыт күйлері – тек қазаққа ғана тән өлшеусіз байлық. Демек, Қорқытты қазақ музыкасының атасы деп санауға толық негіз бар. Түркі халықтарының «қобыз атасын» қазақ музыкасының негізін салушы ретінде тани алмай жүргеніміз өкінішті дей келе фольклортанушы профессор, академик Ш.Ыбыраев Қорқыттың музыкаға ерекше міндет жүктегендігін айтады. Дана абыз күй тарту арқылы тыңдаушысына эстетикалық ләззат беруді ғана көздемеген, өнер арқылы өмірдің мәнін іздеген және «музыка, жалпы өнер арқылы кез келген нәрсеге әсер етуге, барлығын жеңуге болады» деп білген.

Сонау көне дәуірден бері атадан балаға, яғни ұрпақтар жалғасында көздің қарашығындай сақталып келген, оның ішінде әсіресе бақсылар, қобызшылар, жыршылар өнерінде киелі музыка іспеттес болмысын тапқан Қорқыттың оннан астам (нұсқаларымен бірге) күйлері бар. Оларды атап айтқанда мыналар – «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана»,

«Елім-ай», «Әуппай», «Сарын», «Қоңыр», «Башпай», «Желмая». (С. Күзембай1 1M.O. Auezov Institute of Literature and Art(Almaty, Kazakhstan)

ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ)

Күйдің бір тобын қобызшылардың тартуымен оның ішінде Қанқожа Уәлиханов, Досжан, Жанақ ақын, Өтеболат, XIX ғасырдың ортасында Шоқан жазып алды. Олардың ішінде көзге ерекше түсетін Уақ Баян батырдың «Сыбызғыда тартқаны», Бағаналы Балақай бақсының «Қорқыт күйі», «Суға кетті ер Қотан», «Ала байрақ» (Досжанның тартуымен), «Қызыл қайың» (Өтеболат), «Тарғыл бұқа» (Досжандікі), «Қапыда өткен қарбалас», «Тайлақбайдың сыбызғыда тартқаны», «Тәңірі күйі» (осы күйдің қазіргі аты «Қоңыр» Шоқанда «Аллах всевышний»). «Ер Шедегей еткейсің» деген қобызбен тартатын фәлсафалық күй. (XIII ғ.) Ал, «Аққу» күйін 1906 жылы Жайық бойының ақыны Қазақбай Орынбордың архивінде ғалымдардың алдына тартып көрсетеді (Затаевич, XV). Бұл туындылардың барлығынан әуен мен сазды түсінетін әр адам ескі сарынды байқай алады. Олардың жартысы дыбыстық еліктеуіш сипатты болды және тірі табиғат дауыстарын жеткізді, жартысы – тұрмыс, өмір және өлім маңызы туралы философиялық ойлар болып көрінді. Бірақ, барлық шығармаларда бір күйден екіншісіне өтетін және қайта-қайта қайталанатын музыкалық сарындар құлаққа оңай ілігеді, олар қобыз дыбыстарында құдайға, рухтарға, табиғаттан тыс күштерге үнделген қайта тірілген ежелгі дұғаның, өсиеттің, арбаудың сөздері секілді. Енді Қорқыт мұраларына байланысты ғалымдарымыздың пікіріне ден қойсақ:

Мұстафа Синан Качалин, профессор, Түрік тілі ұйымының басшысы, Түркия:

Кейінгі зерттеулерге қарап отырсақ, ол туралы ақпараттар Түркияның Оңтүстік жағы, яғни Орта Азия, Қазақстан, Түркменістан жерлерінде көп сақталған екен. Әлбетте, бұл еңбектер әр түрлі тілде жазылған, ауызекі айтылып келген. Бірақ түпкі нұсқасын, мазмұның жоғалтпаған. Болашақ ұрпаққа және басқа тілдерде осы Қорқыт-ата туралы ақпараттар, мәліметтер жетіп жатса, бұл біздің ынтымағымыздың, бірлігіміздің факторіне айналады.

Әлкей Марғұлан

Қорқыт – Әл-Фарабидің жерлес атасы, оның тарихи заманындағы ұстазы. Қазақ аңыздарында Қорқыт қазақтың күй атасы, қазаққа ән, күй, музыка үйретуші. Халық музыкасында Қорқыттан қалған мұраның ең тамашасы «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңірі биі». Бұларға музыка мен философия қосылып ұласады. Қорқыт сарынында күйші өзінің ата-бабасын еске түсіреді, өткен замандағы ерлік дәуірді асқақтата толғайды, келешекке, ізгілікке үндейді. Көп ғасырлар ішінде Қорқыттың сазы әдемі аңызға айналып, ол қазақтың халық ән-күйіне, оның жырына негіз болған, кейбіреулері өзінің тарихи формасын жоғалтпай, сол өз қалпында сақталып келген–деп,санаған. [Ә.Марғұлан Ежелгі жыр,аңыздар,.].

Қорқыт музыкасын Қазақстан өлкесінде ғасырлар бойы сақтап келген бақсы-жыраулар, қазақ бақсыларының істеген кәсібі, әдеті, дағдысы музыканы жан күйімен сүюі. Олар Сібір халқының шамандарынан басқарақ – Өзбек ханның ислам дінін қабылдауына бүтіндей қарсы тұрып, үлкен зор қауымдық бағытқа ие болған адамдар. Бұлар ең алдымен Қорқыттың қобызына қосып сарын айтатын ақын-жыраулар, қобызбен боздатып күй тартатын күйшілер. Сондықтан ерте замандағы қазақ бақсылары көбінесе, түрікмендердегі бақсы-жырауларға ұқсас. Бақсы-жыраулар тұрмысын терең зерттеген қазақ ғалымы Шоқанның айтуынша, қазақтың бұрынғы бақсылары өзінің білімімен керемет ой иесі атанған, ол жай адамнан анағұрлым биік тұрған. Олар – әрі ақын, әрі музыкант, әрі сәуегей, оның үстіне емші. Елдің көбі ақын бола алмайтыны тәрізді қазақтың бәрі бірдей бақсы бола алмаған.

Шоқанның пікірі Рашидеддиннің Қорқыт туралы айтқандарына өте үндес. Қазақ бақсыларын көзімен көрген белгілі ғалымдар Г.Н.Потанин мен П.П.Семенов-Тяньшанский да оларды «әрі ақын, әрі домбырашы, әрі қобызшы» деп анықтайды

Тарихи дәуірдегі Қорқыт дана тәрізді, қазақ бақсылары да халықтың ақылшы, батагөйі, ақыны; музыканты, көмескіні болжайтын сәуегей қариясы, керемет ой иесі, әулиесі саналған. Бақсылардың бұл сипаты «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт күй» сияқты аңыз жырларда ашық суреттелген. Атақты жырау бақсылардан халық жырынан белгілі орын алған даңқтылар Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Жаман-сарт, Шүмен бақсы. Олардың әрбірі Қорқыт дәстүрінде тәрбие алған, оны қадірлеп, ұстай білген.

Бақсы жыраулар жаугершілік кезде қолбасшының қасында болып, қобызға қосылып, азынатып жауынгерлік дәстүрді жырлайтын болған. Әскер жауға аттанарда оларға рух беріп, қобызбен күй тартатын болған. Соғыс үстінде жәй (жада) тасымен күн жайлатып, ашық күнде «қар жаудырып, боран соқтыратын» қасиеттерге иелік қылған. Бақсының кереметі деп осыларды айтады. Бұл туралы қытай, араб, иран әдебиетінде айтылатын ғажайып әңгімелер орасан көп. Арабтар Орта Азияны жаулап алуға келгенде. Оғыздардың атақты бақсылары майданға шығып, жада (жай) таспен араб әскеріне қарсы «Күн жайлатып», боран соқтырып, қар жаудырып, олардың үрейін ұшырады (Ибн. Ал-Факих). Шыңғыс хан Орта Азияға аттанарда оның қасында атақты екі ұлы бақсы болады, біреуі – Мұңлық. Ежесе – асқан ойшы, кемеңгер қарт, енді бірі – оның баласы Көкше, халық оны «Төбе-тәңірі» деп кеткен. Екеуі де Керей тайпасынан, Оң-ханға жақын адамдар. Екеуінің де кереметі бар. (Рашидеддин, Сборник летописей. т.1. 1952, стр.167.) Сонымен Қорқыт дәстүрін берік ұстап, оны қадірлеген әсіресе, қобызбен күй, сарын тартатын бақсы, жыраулар, не Қорқыт жолын қуған атақты күйшілер. Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт қазақ жырауларының атасы, олардың пірі болып айтылады:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған тамам бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Осы қалыптас өзге әфсана бойынша, Қорқыт ең алғаш қобызды шығарған атақты күйші, барлық ән-күйдің атасы, қазақ күйшілерін бірінші рет қобызға үйреткен ұстазы. Аңызда қазақ музыкасының түбі осы Қорқыттан басталады. Бұл әңгімені бірінші рет қағаз бетіне түсірген Шоқан Уәлиханов.

Ел аузында Қорқыттың өлімнен қашып, желмаясына мініп, ел шарлағаны белгілі, соңында жердің ұшыр-қиясын бітпейтіндігін білген соң, өз мекені Сырдария өзеніне тоқтайды. Әулие атамыздың жер шарлауы, ұзақ уақыт өмір сүруі, соңғы мекені қылып Сырдарияны таңдауы, тұңғыш музыкалық аспап жасап, күй тартуы осының барлығы ежелгі рулық адамдардың ғалам төрбұрышты, оның ортасы болады деген түсініктен қалыптасқан. Тағы бір айта кететіні, Қорқыттың қайда барса да алдынан қазулы көрдің шығуының астарында «өлімнің бар екенін білу, еске алу», «о дүниенің барын ойлау», «өлімді сезіну» пәлсапалық идеясы жатқан секілді. Содан келіп, басқа біреу үшін қазылып жатқан көрді көріп, ажалдың барын сезініп, содан барып «Қайда барса да Қорқыттың көрі» деген ой қалуы мүмкін. Ислам қағидатында өлімді еске алу дәстүрі бар, мұндағы мақсат – адамды тәубеге келтіру, шүкіршілікке шақыру. Түбі бір түркіге ұстын болып, қазіргі кезде сол халықтардың біріктіруші күшіне айналған Қорқыт атаның мұрасына қол салып, кір жаққысы келгендердің жымысқы ойының түкпірінде не жатыр? Ондай жандардың ұлт руханиятына жасап жатқан шығындары мен тарих алдындағы қиянаттарын кім есептейді? Күллі түркі әлемі алдындағы ұлт жауапкершілігін немен ақтап аламыз? Біз атамызды дәріптейміз деп, адамзатқа ортақ үлы тұлғалардың атын тарихтан өшіргіміз келеді. «Ақтың отын ақымақ үрлеп өшіре алмайды»- деген тәмсілдің Қорқыт атадан қалғанын олар білмейтін шығар.

Аңыз кейпінде жеткен бабамыздың тарихилығы дәлелденген, алайда күйші Қорқытты жоққа шығарғанда ұтарымыз қайсы? Осы жағын сәл ғана ой елегені салайықшы…

Берік Саймағанбетов,

ҚР мәдениет қайраткері, жыршы,

Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: