Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхтар Шаханов 81 жасқа толды

02.07.2023, 13:33 558

HALYQLINE.KZ

Бүгін қазақтың аса көрнекті ақындарының бірі Мұхтар Шаханов 81 жасқа толды. Ол 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында туған. М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырған. Шығармалары әлемнің 50-ден астам тілдеріне аударылды.

Ақынның туған күніне орай оқырман қауымға бірнеше өлеңін ұсынамыз.

ТЖ-лар

Жағымпаздық бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Дәуірдің де даңқы солар төс керер,
Оны ойласаң жанарыңа жас келер.


Кеудесінде жалғандықтың мұзы бар,
Қажет кезде мұз үстінде қызынар,
Басшы алдында жас келіндей сызылар,
Кілең табан жалағыштар – ТЖ-лар.
Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.
ТЖ-ларға егер бөгет қоймасақ,
Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.


Ей, қарт ТЖ, қамқорсынып тасыма,
Қарасаңшы сақалыңа, шашына,
Ел сенімін ақтағаның осы ма?
Атанғанша жалғандықпен ашына,
Беделіңді намысыңнан асыра,
Күлкі болдың қасың түгіл досыңа.
Биліктің лас көн етігін тіліңмен
Жалайтындай не күн туды басыңа?


Оң мен солым сансыз ТЖ, күлем бе,
ТЖ-ларын көтерген даңқ-кілемге
Әлде қарғыс тиді ме екен бұл елге?
Тек күні үшін жалбаң қағып иілген
Пәс кеудеге асқақ рух түнер ме?
Самал қажет індет бұлтын түрерге.
Жағымпазын тау санаған,
Шыншыл ұлын жау санаған ұлттың
Мүмкіндігі аз мазмұнды өмір сүрерге…

Мінезсіз ұлт айналмайды ұлы елге.

БАҚЫТ ГЕОМЕТРИЯСЫ

«БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»

Бәлкім, Бақыт – байлық па екен сараңдықтан бас алған,

Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.

Талайларға байлық жинау болса-дағы бас арман,

Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған.

Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен,

Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген.

Әлде Бақыт билік пе екен қылыш мүдде ұстаған,

Тіпті қайсар қырандары рұқсатсыз ұшпаған.

Жағымпазы сырт көздерді шошындырып сұрқымен,

Бастығының көн етігін шөткелеген мұртымен.

Шын парасат иелері бірақ оған бармаған,

Олар өзін жаудан бұрын жағымпаздан қорғаған.

Иә, биліктің қадамы тоқ, қамалы жоқ алмаған,

Кей қасқалар биліктен де бақыт таппай сорлаған.

«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме»

Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты

Әбден қажып шашы ағарған ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты:

– Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің

Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.

Қане, менің соңымнан ер…

Мынау үйге қарашы:

Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.

Үй иесі – жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,

Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.

Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,

Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.

Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп

Шын жүректен қуана алмау – ең қауіпті қасірет!

Солай, солай… Енді, ақыным, мұнда бұрыл, – деп мені

ШЫНДЫҚ тағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері:

– Терезеден қара, – деді, жақын тұрып қарадым.

Төрде отырған қос жұбайға түсті кенет жанарым.

Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастарқан,

Дастарқанда тек қара нан, қос түйір қант тасталған…

Күйеуі айтты: «Жалақы алдым, ертең базар баралық,

Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық!»

– Көйлегім бар, – деді әйелі

(қабағына мұң қонды), –

Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды…

Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,

Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп,

Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,

Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.

Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,

Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.

Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті

Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.

«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»

Деп қиялдап әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,

Қымбаттым-ау, сөйтсек, бақыт ҚАНАҒАТта екен ғой!

Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,

Оған себеп – қанағатсыз адамдардың көптігі…

О, тәңірім,

Қанағатпен басар болса аптығын,

Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!

12-3=?

Қырқасынан қыран ұшқан, сен ержеткен аймақты,
Ертеде бip хан билептi, қайсар әрi қайратты.
Қартайса да, шапқан аттың құлағында ойнапты,
Қия тартқан мақсатына иек артпай қоймапты.
Өз елiнiң абыройын,
Қорғанысын, ақыл-ойын
Қайтсем биiк көтерем деп ойлапты.
Бip болса да бiрегейлi,
Хандығына түбегейлi
Жаңа өзгepic енгiзуге белiн мықтап байлапты.
Бipaқ сорлы жетiп алмай тоқтамының парқына,
Мынадай бip заң шығарып, таратыпты халқына:
Кемел ақыл қарттық шақта ғана деп,
Жастың ici (негiзiнен) шала деп
Есептелсiн.
Шалалықтан ел нeciбi шашылар,
Сондықтан да барлық билер, қазылар,
Барлық әскербасылар,
Iсiн мiнсiз атқарған
Сайлансын тек ақ сақалды қарттардан!
Жастық шақтың мерейiн аттап өтiп,
Таптап өтiп төске өрлей,
Оның ұлы мүмкiндiгiн ескермей,
Тек қарттықтан бастап ел әңгiмесiн,
Лезде ұмытты жас қауым тәрбиесiн.
Сенiмсiздiк жұрт қолын байлап алды.
Алаулаған жастық от қайда қалды?
Жиырма беске келсе де,
Өз көжесiн
Жылап iшep жасықтар пайда болды.
Өзек болар ел едi мың дастанға,
Ендi бүгiн мұңына мұң қосқан ба?
Жау дабылы естiлсе, бой көрсеттi
Қора айналып қашатын жүн бастар да.
Балғын гүлдiң шаттығын өмiрсiз ғып,
Қайдан шықты бұл мимырт көңiлсiздiк?
Танымастай өзгертiп жiбердi елдi
Жастық шаққа жасалған сенiмсiздiк.
Ханды тағы сайтан түртiп, ойға келдi мынадай:
Хандығымның төрт тағандап тұруы үшiн құламай,
Қимыл керек. Кенде емеспiз күштен де.
Тағдыр бiздiң даңқымызды, әлде келте пiшкен бе?
Жо-жоқ, тоба!
Соғыс ашып көрейiн
Көршi жатқан өзiмiзден үш-төрт есе кiшi елге,
Сөйтiп шырқау көтерейiн пәсең тартқан көңiлдi.
Соғыс ашып көpiп едi, тас-талқан боп жеңiлдi.
Мұнан асқан қорлық болмас, расында,
Eндi, мiнe, төрт yәзipi қасында,
Қос жанары жылай-жылай суалып,
Селеу шашы ызғар соққан боз жусандай қуарып,
Жолдас болған тәттi арманы балғын бала кезiнен
Бiр-ақ күнде бал-бұл ұшып көзiнен,
Өз кiнәсiн өзi ақтап ала алмай,
Теке сақал уәзiрлерiн атарға оқ таба алмай,
Тұтқында отыр хан сорлы,
Сел-тасқында қалт-құлт eтiп әрең тұрған аралдай.
Күндер қайда салиқалы, сымбатты,
Соққы болды-ау, соққы болды-ау бұл қатты.
Осы сәтте жеңген елдiң ақ сақалды әкiмi
Xaнғa қарап тiл қатты:
– Дара шауып кетiп едiң сен мүлде,
Қалай, шалым, ақылыңа келдiң бе?
Жұмбақ айтам.
Егер тапсаң, азатсың,
Таба алмасаң, өлдiм де!
Таба алмасаң, қанатыңнан сынғаның,
Тырысып көр, ақылыңда күш болса?
Мынау ғана менiң саған жұмбағым:
Не қалады он екiден үштi алса?
Үмiт, ойсыз отырған шал қуарып,
Бiлегiнен алынғандай бұғалық:
– Онда тоғыз қалады ғой, – деп күлдi,
Бәйбiшeci ұл тапқандай қуанып.
– Тапқырлық пен ақыл-ой,
Сынға түскен ұрыста
Жолың сенiң тағы тартты бұрысқа,
Таба алмадың,- дедi әмiршi мысқылмен,
Мойыныңды даярлай бер қылышқа.
Бip жас жiгiт алға шықты:
– Сiздiңше, ең ауыр жаза өлу ме?
Ауыр жаза – тipi қалып, өзiнiң
Тауысып бар төзiмiн,
Қателiгiн өз көзiмен көруде,
Және оны түзетуге
Қолда билiк жоқтығына көнуде.
Ұлы әмiршiм, ойланыңыз әлi де,
Ерте, кеш пе өлiм жұрттың бәрiне
Ашары хақ eciгiн…
Өтiнемiн, етiңiз бip кешiрiм.
Ханымыздың қасық қанын қисаңыз,
Мен айтар ем бұл жұмбақтың шешiмiн.
– Ал айта ғой, – дедi әмipшi, – талабыңды шектемен,
Балаусаға тас атқанды жек көрем.
Бердiм, ұлым, тiлегiңдi, төлеуiн
Қайтара алсаң кеудеңдегi отпенен?!
– Иә, иә, балаусаға тас атқан жан оңбайды, –
дедi жiгiт, – жұмбағыңыз күрделi-ақ,
Әйтсе де, оны жұмбақ деуге болмайды.
Заңдылық – ол. Заңды бiлмеу – зор қайғы.
Егер, егер он екiден үштi алсақ,
Ештеңе де қалмайды.
Айлар – жылдың ұланы.
Бiздiң әpбip жылымыз
Он екi айдан тұрады.
Он екi айда үш ай көктем бар екенi белгiлi.
Көктем деген – табиғаттың таңғажайып ерлiгi.
Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға алмайды шeткepi,
Ал жастық шақ – адамзаттың көктемi.
Мiне, осы көктем нәрлi болмаса,
Әр тiршiлiк өз қopeгiн қажетiнше алмаса,
Айрылмай ма бар мағына-көрiктен?
Онда шырын үмiтiңнен қараңды үз.
Көктемде гүлдемесе алмалар мен өрiктер,
Қалған анау тоғыз айда
Қандай жемiс күте аламыз одан бiз?
Қанша налып, жегенiңмен пұшайман,
Бұған қарсы табу қиын күш, айла.
Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры
Байлаулы тұр үш айға.
Оған тiптi жүрмек емес басқа заң.
Мұны және жұмбақ санау – зор қайғы.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Yштi алуға болмайды,
Алған адам мына бiздiң ханымыздай сорлайды!
Kiм өзi бұл, ойы – қылыш, cөзi – мip?
Хан түгесiп алардай бар төзiмiн
Қарап едi, қарап едi, о, ғажап,
Атқосшысын тани кеттi өзiнiң.
Еске түсiп қайдағы мен жайдағы,
Хан күрсiне бас бармағын шайнады.
Бiттi, бiттi, мен өлiкпiн, өлiкпiн…
Қол бастайтын жiгiттердi қорада ұстап келiппiн.
Сорлаппын-ау, қанаттыға болыппын-ау тар мекен,
Әттең-әттең, қорлаппын-ау жiгiттердi нарға тең…
Tым кеш келген игiлiктi ойлардың
Қайғысынан артық азап бар ма екен?!



Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: