Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біртұтас тәрбие бағдарламасы: Ұлттық жаңа сананы ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастыруға болады

15.09.2023, 13:02 8423

HALYQLINE.KZ

                   Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ал келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан жас буын – мемлекеттің болашағы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Ал ақпарат тасқыны судай сапырылысқан мына жаһандану заманында қазақ жастарының ұлттық санасы қалай қалыптасып жатыр, қандай бағытқа бет алуда? Бұл бүгінгі күні санамызды өзге ұлттың, соның ішінде батыстың даңғаза музыкасы мен дарақы еңбектері аямай улап жатқан тұста ел басқарып отырған азаматтар мен зиялы қауымнан бастап, қарапайым әрбір азаматты ойландыруы  тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек» – деп Әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керектігіне баса назар аударды. Қасымжомарт Кемелұлы сөзінің өміршеңдігін алға тартып, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен білім алушылардың, тәрбиеленушілердің  патриоттық, азаматтық, жоғары моральдық және  имандылық сезімін қалыптастыру, қызығушылықтары мен қабілеттерін дамыту, балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы өз жұмысын жаңа оқу жылында бастап кетті.

Қай бір білім мекемесі болмасын, жаңа оқу жылының алдында өткенін тағы бір сараптап алып, алдағы кезеңге жоспар жасайды. Еліміздегі әрбір мемлекеттік мекемелер секілді біздің орталықта жаңа оқу жылы алдында өзінің 2023 – 2028 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын жасап, саралап, жаңа құжаттарға байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізуде. Осыған орай тәрбиелік әлеуеттің  тиімділігін арттыру бағытындағыорталықтың басымдықтарынайқындап алды.

Жаңа Қазақстанды құру құндылықтар бағдарын жаңартуды білдіреді. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мызғымас сипатқа ие. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында патриотизм құндылықтарын дәріптеу жалпыұлттық басымдық ретінде белгіленген. Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағыт ретінде айқындалады. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – аумақтық тұтастық, мемлекеттік тіл және береке-бірлігіміз – қазақстандық қоғамның дау тудырмас құндылықтары болып қала береді. Осыған орай, қазіргі жастардың бойында ұлттық құндылықтар негізінде ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.  Бұл сөзімнің дәлелі – ағымдағы жылдың 15-16 тамыз күндері елордамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру жоспары» атты семинары деп ойлаймын. Яғни Қазақстандық білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Аталмыш семинарға республикамыздың түкпір-түкпірінен 60 тәрбие мамандары қатысып, өз кезегінде біздің өңірден 3 өкіл қатысушы болдық. Семинар барысында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлы, Алтынсарин академиясы Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Анар Тәңірбергенқызы және өзге де тренерлер тәрбие бағдарламасының негізгі идеясы, құрылымы, индикатор, принциптерімен жан-жақты таныстыра отырып, алдағы оқу жылындағы негізгі жұмыс бағыттарын айқындап берді.

Бір ұлтты басқа ұлттан даралайтын – оның ұлттық құндылықтары, яғни, әдеби мұрасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек.  Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуіміз– жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызы мен берері мол деп сенемін. Себебі ұлттық тəрбие қазіргі таңда  елімізде орын алып отырған көптеген оңтайсыз мəселелерді жоюдың жəне олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы деп ойлаймын. Семинар барысында бағдарлама мазмұнына сай жобалар, жоспар негізінде өз ой-пікірлерімізбен бөлісіп, ұсыныстар жасадық. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы ашық диалог алаңында жаңа оқу жылында оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдарының маңыздылығын алға тартып, болашақ ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті сіңіру бағытында жауапты да нәтижелі межеге бірлесіп жетуге шақырды.  Біртұтас тәрбие бағдарламасының ерекшеліктеріне тоқталып өтетін болсам:

Тәрбие жұмысы біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Білім беру ұйымдарының барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс табуы қажет.

Білім беру ұйымдарында білім алушыларды тәрбиелеу ісі:

– оқу пәндерінің мазмұны;

– сынып сағаттары мен тәрбиелік іс-шаралар;

– сыныптан тыс іс-әрекеттер мен қосымша білім беру (үйірмелер, клубтар, секциялар, факультативтер және т.б.) арқылы жүзеге асырылады.

Күнделікті сабақтың қысқа мерзімді жоспарларын әзірлеуде Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында берілген жалпы білім беру мазмұнының базалық құндылықтары мен жалпыадамзаттық және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын кіріктіру ұсынылады. Мысалы, Қазақстан тарихын оқытуда еліміздің ұлттық мұрасы мен мәдениетіне құрметпен қарауды дәріптеу немесе әдебиетті оқыту барысында шығармаларды талдау арқылы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға басымдық беру, географияны оқыту барысында табиғатқа, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарау және табиғи ресурстарды үнемді әрі тиімді қолдану еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызды екендігін дәріптеу ұсынылады.

Сынып сағаттары мен тәрбие іс-шаралары шеңберінде:

  • ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтарын негізге алып әдептілік, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, отаншылдық, қамқорлық, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, ұлттық мұра мен қазақ тілін қастерлеу, қоғам игілігіне қызмет ету, денсаулық пен салауатты өмір салтын ұстану секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін дөңгелек үстелдер, пікірталастас, талқылау, рөлдік ойындар, кейстерді шешу және т.б. формада өткізу ұсынылады;

Сонымен қатар жаңа оқу жылының  тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезінде Төле бидің 360 жылдық, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық, Музафар Әлімбаевтың 100 жылдық, Халел Досмухамедовтың 140 жылдық, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық, Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық, Шәкен Аймановтың 110 жылдық, Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерей тойларына назар аудару қажет.

Білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларын ұйымдастыруда білім алушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және олардың жас, жеке, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып іс-шаралардың мазмұнын білім беру ұймының басшыларымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, педагог-психолог мамандармен алдын ала келісу ұсынылады.

Осынау ауқымды шаралардың нәтижелі жүзеге асып, сапалы орындалуы, ең бастысы – мекеменің имиджін көтеру, танымалдылығын арттыру, бәрі де орталық мамандарының ынтымақтастығына, жаңашылдығына, үндестігіне, ғылыми әлеуетіне, шығармашылығына тікелей байланысты болмақ.

Барлық айтылған ойларымыздың түйіні – жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі әр қадамымызды бүгінгі және келешек ұрпақтың өміріне әсер ететін қандай да бір проблемаларды шешуге байланысты білім, білік, көзқарастар үйлесіміне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені, бұлар – ғаламдық құзіреттер. Қазіргі әлемдік проблемалар біздің жеке емес, сол әлемдегі құбылыстармен санаса өмір сүруіміздің қажеттілігін де айқындап отыр.

Түйіндеп айтатын болсам, «қолымызды мезгілінде дөп сермеуіміз керек». Өйткені Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – білім беру мекемелері, ата-ана, қоғам, яғни баршамыздың парызымыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесі болмақ. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз. Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысу қажет.

            Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсінуіміз және түсіндіруіміз қажет.

Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді.

Ұлы Абай айтқандай, «толық адам» келбетіне жету –түпкі нәтижені меңзейді. Тәрбие – бұл көпжақты, үздіксіз, қоғамдық құбылыс. Сондықтан болашақ ұрпақ тәрбиесіне біртұтас ел болып ат салысу басты парызымыз!

Фархат ДОСАЕВ,

Қызылорда облысының білім басқармасы

«Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының директоры

Пікірлер:
  • Президентіміздің ұлттық құндылықты қолға алып отырғанына қуаныштымын,біз
    «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ең маңызды іс -ол ұлттық құндылық!!!

  • Ұлттық құндылықтарды жас жеткінщһшектердің бойына сіңіру-бүгінгі ұстаздың басты міндеті. Бағдарлама өте жақсы орайластырған. Енді мектепте мүмкіндігінше шынайы әрі сапалы жүргізу қажет.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: