Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақиқат айтылмаса не болады?

15.03.2024, 18:00 272

HALYQLINE.KZ

«Ештеңе білмейтін және бірдеңені білейінші деп талпынбайтын адам – өте жаман адам. Оның бойына екі кесел бірдей ұялаған» депті бір данышпан. Біз кейде қазіргі жасөспірімдер, бозбала мен бойжеткендер туралы осылай ойлап қалатынымыз рас. Бірақ… болашақта біздің қоғамның, елдің тұтқасын ұстайтын жандар оқитын нәрсесін оқи алады, үйренетін нәрсесін үйрене алады, ақылға салар сәтте ең қажеттісін таңдай да алады. Кеше елордадағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушыларымен жүздесіп, ашық сұхбаттасқанымда, осыған көзім жетті.

«Журналист болғың келе ме?» деген тақырыптағы дәріс-вебинардың басында залда отырған оқушылардан: «Араларыңда болашақта журналист, медиа маманы болғысы келетін балалар бар ма?» деп сұрадым. Бір қыз бала ғана қолын көтерді. Сәлден кейін екі-үш бала медиаға қатысты сұрақтар қойды. Сөйтсем, олар көп нәрсеге үйренудің ұлы өнері – ә дегеннен аздан бастауды жақсы меңгеріпті. Айтылған сөзге, келтірілген мысалдарға құлақ түріп отырған оқушылар көп ұзамай алуан түрлі сұрақтарын қарша боратты.

«Сіз өмірде өзіңіз таңдаған мамандығыңыздан әбден жерініп, оны мүлдем тастағыңыз келетін кездеріңіз болды ма?», «Кәсіби міндеттеріңізді атқару барысында жеке басыңызға қауіп төнген кездер болды ма?», «Жасанды интеллект шығармашылық жұмыспен айналысатын мамандардың, соның ішінде журналистердің жұмысын тартып алып, медиа индустрияда басымдыққа ие болса, не істейсіз?», «Біздің елімізде сөз бостандығы салтанат құрған ба? Кез келген журналист қоғамдағы кеселді зерттеп, ащы шындықты айта алып жүр ме?», «Журналистік қызметіңізде билік тарапынан қысым жасалып, жазамын және қоғамдық пікірдің талқысына саламын деген мәселені жеткізе алмаған кездеріңіз болды ма?», «Қоғамда ақиқат айтылмаса не болады?» деген өткір, тосын, батыл, шынайы сұрақтар қойған балаларға ризашылығымды жеткіздім. Осылайша, жас ұрпақтың сөзіне құлақ қойып, өзімнің біліміме білім қостым. Жаңа нәрсені меңгердім. Кешегі күн сонысымен бақытты, шуақты, пайдалы күн болып тарихтың парағына жазылды.

Осы жүздесуді ұйымдастырып, өткізуге мұрындық болған Желтоқсан-86 ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы әрі ардагері, осы мектеп-лицейдің география және музыка пәнінің мұғалімі Бәтима Емілбайқызы Абылғазинаға, директордың міндетін атқарушы Гүлжазира Сейдуәлиқызына, мектеп кітапханашылары Салтанат Аукенқызы Айтбаева мен Айгүл Теміржанқызы Бахаеваға, тарих пәнінің мұғалімі Ербол Әлиевке шын жүректен алғыс айтамын!

Төлен  ТІЛЕУБАЙ.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: