Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайдың түпнұсқа заттарына қауіп төніп тұр

09.06.2023, 18:14 205

HALYQLINE.KZ 

Туризм саласы Абай ауданы мен облысы ғана емес, Республикалық маңызы бар үлкен кіріс көзі. Жергілікті жердегі халықтың әл-ауқатын көтеруде Жидебай қорық-мұражайының мүмкіндіктері дұрыс пайдаланылмай келеді. Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр.

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абайдың 175 жылдығы аталып өтті. Шара аясында «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйі 2 млрд теңгеден астам сомаға реставрациядан өтті. Бірақ, той тарқағаннан кейін рухани орын баяғы таз қалпына қайта түскен. Қаншама қаражат құйылған мемориалдық кешен сапасыз салынғандықтан, көп ұзамай сыр беріпті. Жидебайдағы Абай музей үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөс асқынған мәселенің жай-жапсарын бізге күйзеле жеткізді. «2020 жылы Абай -Шәкәрім мемориалдық кешеніне алматылық мердігер компания «Level s-8» жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда құрылыс сапасыз жүргізілгендіктен мемориалды кешеннің «Шежірелі Шыңғыстау» музейіне су кірген. Ол аздай, музей төбелеріндегі терезелерінің барлығы көгеріп кеткен. Қазір де жидіген төбе сылақтары сауылдап түсіп жатыр. Кешеннің басындағы электр шамдарының жартысы істен шыққан. Электр шамдары түнде жанып тұрғанде келушілер қараңғыны қармамас еді. Тағы бір проблема – музейлердегі істен шыққан жылу қазандықтары.

«Шежірелі Шыңғыстау» музейі, «Шәкәрім саятқорасы экспозициясы» жылу қазандықтары әбден ескіріп біткен. Абай музей-үйінің жылу қазандығы 2019 жылдан бері бірнеше мәрте күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Бұл жөнінде реставрация жұмыстары кезінде мердігерлерге талай рет ескерту жасалып, олқылықтары айтылыпты. Бірақ, апыл-ғұпыл жасалған шаруадан соң қазандық «қайнап» кетпеген. «Қыс уақытында музейде отыру мүмкін емес. Мәдени жәдігерлерге қауіп төніп тұр. Әсіресе, Абайдың домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуі, Абайдың қолжазбалары, Санкт-Петербургтан 1909 жылы басылып шыққан кітабы сияқты түпнұсқа жәдігерлер өте көп. Температураның бір қалыпта тұрмай, өзгеруі, салқындауы құнды мұраларға кері әсер етеді»,-дейді Нұржан Мейізханұлы. Мердігер компания Абай тойы кезінде жолаушыларға арнап жол-жөнекей аялдамалар да салған. Дегенмен, ол аялдамалар көп өтпей аянышты халге түскен. Сыртқы жабуларына күн өткендіктен, ыстыққа төтеп бере алмай шіріп кетіпті. Мердігерлер үш жылға кепілдеме берген. Сонымен қатар, музейдегі амфитеатрдың айналасы қоршалып жабылуы керек болған. Асығыс жабылғанмен, дауылды күндері жабын парша-парша болып ұшып кетіпті. Қазір құр қаңқасы тұр, төбесі сол беті жабылмай қалған. Оған бөлінген ақша сметада қамтылған. Ақыр аяғы, жөнделеді деген жұмыстар нәтижесіз біткен.

Музей меңгерушісінің айтуынша, Жидебай жеріне келуші қонақтар жазда тіпті көбейген. Әсіресе, Абай туған жерді көріп, танысуға келетін шетеліктер, арнайы делегациялар көп нәрсе күтеді. Бір өкініштісі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» бәрі жақсы жазылғанымен, Абайға баратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Бұл бұрыннан бері айта-айта жауыр болған тақырып. Семей мен Абай ауданы арасындағы күре жол мәселесі туристерді титықтатып жібереді. Абай тойына дейін бір мәрте күрделі жөндеуден өткен екен. Десе де қазір жолдың ахуалы мәз емес. Ойқы-шойқы, кедір-бұдыр, қырық жамау. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінің өзіне келу мұң болып тұрғанда, Тақырдағы Көкбай кесенесі мен медіресесіне, Оспан көліне, Зүлпатан мекеніне бару тіпті қиямет-қайым.

Жидебайда жұмыс күші жетіспей отыр. Мемориалдық кешенге жұмысшылар қатынап істейді. Н.Байтөстің айтуынша, «жұмыстың бәрі солардың күшімен атқарылады. Бес жұмысшымыз бар. Үш қорықшы, төрт жұмысшы, бір тракторшы ғана осынау 6400 ГА жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалпы саны 17 адам. Жұмысшылардың айлығы төмен. Көпшілігі осы жерде туып-өскендіктен, кіндігі осы жерге байланғандықтан жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар, Абай музей-үйі, Шәкәрімнің саятқорасы экспозициясы, «Шежірелі Шыңғыстау» музейі, Кеңгірбай кешеніндегі музейлер үшін бір аға ғылыми қызметкер, үш экскурсавод, төрт зал қараушы ғана бекітілген. Туризмнің басты нысаны үшін бұл қызметкерлер тым аз. Бізде бір емес, бірнеше музей бар». Кешен топырағын аттап қалсаң проблемаға жолығасың. Ақыр аяғы кәдімгі дәретхананың өзі әбден ескірген, есік-тесігінен жел заулап тұрады. Заманға сай дәретханалардың көбі істен шығып қалған.

Жидебай қорығының жалпы аумағы 64 км2 жерді алып жатыр. Бір сорақысы – қорық аймағы «мәдени мұра» бағдарламасына енсе де, қорғалмаған, қоршалмаған. Бұл маңайда он алты тарихи ескерткіш бар. Олардың қатарында Кеңгірбай би жерленген Самалтөбе, «Абай,Шәкәрім мемориалдық кешені», Зере мен Ұлжан жерленген «Құдайберді қорымы», Абай музей-үйі, Құнанбай құдығы, Оспан көлі, Мұсақұл төбесі, Махмұт қорасы, Орыс қорасы, Ырыздықбай қорасы, Зұлғарыш, Зүлпатан мекендері, Өртен тауы сынды қастерлі жерлер бар. Тарихи мұралар мен ескерткіштерді қорғау бағдарламасы негізге алуға тиіс аймақ осы Жидебай болатын. Қорық шекарасы 55 шақырымға жетеді. Музей меңгерушісі өңірдің флорасы мен фаунасына қауіп төніп тұрғанын айтады. «Қорық аймағында Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлар мен құстар мекендейді. Оларды бақылауға ала алмай отырмыз. Демеушілердің бірі Абайдың 175 жылдығына орай 60 қырғауыл сыйға тартқан. Бірақ, құстарды ұстап отыру қиынға соғып тұр. Алайда, қорық шекарасы қоршалмағандықтан ол құстар қорғалмайды. Жидебайдағы техникалық мүмкіндік мүлдем жоқ. Қорық аймағына, инфрақұрылымына, шаруашылық жұмыстарына техника бөлінбеген. 1995 жылы хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай берілген ескі трактор ғана бар. Барлық тазалық-санитарлық жұмыстарға КАМАЗ жүк көлігі, қосалқы тіркемелі трактор, инфрақұрылымын суару үшін арнайы суармалы көлігі, жұмысшы тасымалы көлігі ауадай қажет»,-дейді ол. Мейізханұлы таратқан тағы бір мәліметке назар аударайық. «Қорықтың іші көк шалғын. Биіктеп өскен шалғынды мал азығы үшін шауып алатын кәсіпкерлер бар. Олар шөп шапқаны үшін демеушілік есепшотқа қаржы төлейді. Бірақ, ол қаржы қайда кетіп жатқаны белгісіз».

Интернеті жоқ музей

Шенеуніктердің назарынан тыс қалған жағдайлардың бірі – Жидебай қорығы интернет жүйесіне қосылмаған. Алыс-жақыннан ағылған меймандар Жидебай аумағына өткен соң Абайлардың заманындағыдай күйге түседі. Хат-хабар алмаса алмайды. Музей меңгерушісі Нұржан Мейізханұлы басқа жақтармен салыстырсақ, Абай-Шәкәрім кешені өркениеттен алыс қалғанын айтады. «Мысалы, Түркістан облысына барсаңыз таң қаласыз. Ғайып-ерен қырық шілтен деген жерда болдық. Дәрет алуға құман алдық. Ақшасын қалай төлейік десек, «wi-fi тұр, сол арқылы төлем жасайсыз» дейді. Айдалада интернет іске қосылып тұр. Ал, біздің кешенде ол жағы өкінішке қарай ешкімді ойландырмапты» деп күйзеледі.

Бұл аздай, музейдің ғылыми құрамына аса қажет компьютер, принтер, сканер сияқты күнделікті пайдаланатын жұмыс техникаларымен мүлдем қамтамасыз етілмеген. Күрмеуі шешілмеген тағы бір мәселе – қызметтік үйлердің жағдайы. Осы ретте айта кету керек, музей қызметкерлері тұратын баспаналар әбден мүжіліп, тозығы жеткен. «Өткен ғасырдың 60-70-жылдары саланған үйлер апаттық жағдайда тұр. Оның үшеуі ғана 1995 жылы бой көтерген екен. Яғни, салынғанына отыз жыл болған. Қысы-жазы музейдің отымен кіріп, суымен шығатын қызметкерлерді жаңа баспанамен қамту кезек күттірмейтін іс.

Музей меңгерушісі Нұржан Байтөс 2021 жылы Жазушылар одағының сол кездегі басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек арнайы комиссиямен келгенін айтты. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерімен және кешенге құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания өкілдерімен кездесу өтіп, хаттама толтырылған. Келеңсіздіктер мәселе болып қозғалғанымен, атқарылған жұмыстар аяғына жетпеген.

Тойға дейін – ғажап, той өткен соң – азап

Талай мәселенің түбі науқаншылдықтан шығып отыр. Абайдың 175 жылдығы өткенше Жидебайға Президент Тоқаев екі мәрте, экс-премьер министр Мамин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ахметов сан рет барды. Басшы-қосшылар, әкім-қаралар келгенше жергілікті билік жаманын жасырып, жақсысын асырып «бәрі жақсымен» қайтарған. Құйылған миллиардтарды «игергенше» Қарауылды қарауылдағандардың қарасы көп еді. Одан бері көп уақыт өткен жоқ, Абай музейі «іс бітті, қу кеттінің» керін киіп отыр. Абай облысы құрылғанымен Абай ауданының, ондағы тарихи жерлердің жағдайы оңалатын түрі жоқ. Ақын айтқандай, «баяғы жартас – бір жартас». Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Жидебайға қайырылып баратын уақыты келген жоқ па? Мәдениет және спорт министрлігіне де айтарымыз – осы. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық- музейінің директоры Тұрдығұл Шаңбай мырза әзірге бұл мәселеге орай жұмған ауызын ашар емес.

Олжас Қасым

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: