Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Ер есімі – ел есінде

06.11.2020, 17:15 545 0

HALYQLINE.KZ

Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына арналған тағылымды шаралар қалаға қарасты Қараөзек ауылында жалғасын тапты.

Ауылдың төріне батырға арналған ескерткіш белгі қойылды. Шараға қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, батырдың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараның маңыздылығына, Нағи Ілиясовтың өнегелі өмір жолы мен еңбек жолына тоқталып, ерлік істері кейінгі ұрпаққа тағылымды тәрбие көзі екенін атап өтті. Шара барысында батырдың баласы Ринат Ілиясов ауылды алға сүйреген әке қызметін атап өтіп, естеліктерімен бөлісті.

Нағи Ілиясов майдан даласында ерен ерлік көрсетіп, соғыстан оралғаннан кейін ел басқару ісіне араласып, ұлылығы мен ұлағаттылығының арқасында, түрлі қызметте жүріп қала мен облыстың экономикасы мен мәдениетін көтеруге айрықша үлес қосып, саналы ғұмырының барлығын туған жерін түлетуге арнады.

Бүгін ескерткіш белгі қойылған Қараөзекте 1956-1960 жылдар аралығында кеңшардың директоры қызметін атқарып, ауылдың қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосып, республика бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Арда тұлға ауыл басқарған кезеңде кеңшарға көшіп келушілер қатары көбейіп, халыққа қажетті мәдениет үйі, мектеп, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бой көтерген.

Шара соңында батыр рухына Құран бағышталып, ауыл тұрғындарына Нағи Ілиясовтың өнегелі өмір жолы мен ерлік істерін бяндайтын «Батырдың үш өмірі – үш бақыты» атты кітабы таратылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: