Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫТАЙ ПЫШАҒЫ немесе тектілік тамырын жетесіз шаппасын!

04.04.2024, 12:00 907

Құрметті  оқырман, үйіңізде пышақ  бар ма? Қызық сұрақ, ә! Жауабын  біліп  тұрып  сауалдай  жөнелетін  жандардың  қатарына жатқыза  көрмеңіз.  Жай  ғана  тақырыпты  кішігірім  мысалдан бастағанымыз  абзал. Арғысы Алтайды, бергісі Ертісті айналмай әуелгі  сауалымызға  оралайық. Әрине, кез  келгеннің  үйінде бір-бір  пышақ  бар. Пышақ  болғанда  қытай  пышағы  ғой. Арнайы ұстаның  маңдай  тері мен адал еңбегінен туған суық қаруды тек қасапшы  пайдаланбаса,  көптің  қажетіне  өздерін  Аспанасты  елі деп таныстырып  жүргендердікі  өтеп  жүр. Сол пышақты қолыңызға  алып, мұқият зер салыңызшы. Не аңғардыңыз? Жетесіз! Сізді  сөгіп,  не  ғайбаттап  жатқанымыз жоқ. Шын жетесіз. Біз  қолданып  жүрген  пышақтың  денінде жете болмайды. Құрылысы – сап және пышақ жүзі. Ал жете – пышақтың  беріктігін  қамтамасыз ететін бөлік. Кейде  әлемде  қазақтан асыра  сөз  айтқан жұрт жоқтай көрінеді. Өзімшілдік  деп  білмеңіз, дана да дара қазақ  «Жеті  атасын білмеген – жетесіз» дегенді  айтыпты. Қалай  дөп  айтқан?..

ТЕКТІЛІК  ТЕГІН  СӨЗ  ЕМЕС

«Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Бұл құбылыс жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді». Ғаламтор «әжей» осылай дейді. Шынында  тектіліктің  аксиомасы  осы.

Көп жерде қазақ халқының тектілігі жөнінде сайрай жөнеле­міз. Қаннан қанға, әкеден балаға берілетін қасиеттің қалыптасуы мен оның нық орнауына кім себепкер? Қазақ елінің негізін қалаған әз Жәнібек хан заманынан қара үзіп шыққан шипагер, ғұлама Өтейбойдақ Тілеу­қабылұлын сарайына шақыртып, қандай ауруды емдей алмайтынын сұрайды. Сонда емші тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиындығын алға тартады. Хан: «Оның алдын алуға бола ма?» деп сұрайды. Билеушінің екінші сауалына: «Болады, жеті атаға дейін туыс адамдар бір-бірінен қыз алыспау керек» деп жауап берген екен. Аты аңызға айналған емшінің мына сөзі ханның жарлық шығаруы­на сеп болыпты. Жәнібек ханнан бастау алар жеті атаға толмай үйленбеу  күні бүгінге дейін жетті. Біз содан  тектіміз.

М.Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» еңбегінде: «Тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға де­йін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» деп Жәнібек­тің қазақ халқының тазалығы мен тектілігін қалыптастырудағы  рөлін  ашып  көрсеткен.

«Алма сабағынан алысқа түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қия­ғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі». Бұл – қазақ танымындағы тектілікке қатысты сөздер. «Жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса – емі болмас»  дейді  тағы  ұлттық  философия.

«Аяз би» ертегісін оқыған біледі, хан  уәзірлері  тапқан Жаманға  өз  тегін, яғни тектілігін сынатады. Аяз би ханға қарадан шыққанын айтып салады. Жеті атасынан бері хан болдым деген билеушінің мұны күтпегені ақиқат. Себебі патшаның қара басынан басқа тегінде хандық жоқ-тын. Билеушінің әкесі он тоғыз әйел­ді ұл таппай, жарық дүниеге қыз әкелгені үшін өлтіре беріпті. Кілең қызды босанғандардың соңғысы болып би­леушінің шешесі тәуіптерден қыз табарын біліп, наубайшымен келісімге келеді. Сол уақытта наубайшы қатынының аяғы ауыр еді. Екі тарап бала айырбастап, хан тұқымы осылайша ұлды болды. Хан мән-жайға қаныққан соң мініп жүрген жылқысын сынатыпты. Асыл тұқымды, жалына жел жармасқан сәйгүліктен туған жылқыны мінген Аяз бидің көңілі қалыпты. Жылқысының асылдығына сенетін, оның асыл тұқымдыдан туғанын білетін хан Жаманның сандырағына сенбейді. Алайда, Аяз би жылқыны судан өткізіп көрмей ме, қанша жерден сәйгүлік болғанмен судан шыққанда артқы аяғын сілкіп шығыпты. Бұл жылқының қасиеті емес-тін. Сиыр­дікі. Себебі, құлын жетім қалып, сиырдың сүтін емген еді. Хан жаман­ның тапқырлығына тәнті болып, тағын береді. Айтылған мысалдар тектіліктің атақ пен дәрежеге қарамайтынын, тектіліктің қанмен, сүтпен, тәрбиемен берілетінін аңғартады.

КӨРДЕМШЕ  –  ТЕККЕ  ТҮСКЕН  КӨЛЕҢКЕ

Нарықтық қоғамда не сатылмай жатыр? Базар барсаң, адамнан өзгесі сөреде тұр. Сырт қарағанда мінсіз көрінетін бұл қоғамның көлеңке бетінде қитұрқы әрекет боп жатқанын былайғы жұрт қайдан білсін? Бәлкім, біз де білмеспіз?! Бірақ бір білеріміз, бәрі сатулы қазір. Жер де, көл де, көр де, төр де сатулы. Ар да, жар да саудаға салынған. Сатылмаған не қалды? Қазақ, яғни мен, сіз, ол. Біз бен сіздің сатылмасымыз белгілі, ал оның жайы беймәлім. Өйткені, жатырынан жеріген ана, отбасынан жиіркенген әке тұрғанда оның сатылмасына кім кепіл? Осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдарынан баласын сатқан ана туралы талай рет естіп-білдік. Жатыр сатқанды ше? Жуырда «суррогат бола­мын» деген жарнаманы көз шалды. Бұл – баз біреудің баласына жатырын жалға беру. Әрине, қылмыс.

Бірді айтып бірге кеттік. Ойды ой қуған жөн. Сөз қумасын. Әрмен кеттік. Тап қазір елімізде 6,7 миллионға жуық бала бар. Қуантарлық сан. Дей тұрғанмен, некесіз туған балалардың саны да жеткілікті. Кей дерекке сүйен­сек, соңғы он жылдықтағы сан 700 мыңнан әрі жығылған. Кей ақпарат құралы шата бала санын миллионға апарады. Бұл дәйектерге сүйен­сек, әрбір алтыншы бала некесіз туады. Сан  соқтыратын  цифр.

Бұрынғының қазағы некесіз туған баланы көрдемше не шата бала, кейде қызталақ атаған. «Ақырзаман туғанда көрдемше көбейеді». Мұны да баба жұрт айтқан. Некесіз туғанның бәріне топырақ шашып, тексіз дей алмаспыз. Әкесін біліп жүргендер де бар болар. Бірақ, оң жамбаста отырып, туғанының кімнің қанынан тулағанын білмейтіндер тексіздік бастауы. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, тек деген әуелі қанмен беріледі. Алты Алаштың ұрпағы осы қанның тазалығын таза ұстау үшін жеті атаға дейін қыз алыспаған, қыз беріспеген. Медициналық тұрғыда түсіндірсек, қан – ДНК, яғни ген. Адамда гендiк ерекшелiк 100 пайыз болса, бұл оның баласында 50 па­йыз мөлшерде сақталады. Анығын айтқанда, жатырда 46 хромосомадан балаға айналу процесі жүзеге асса,  сол  46-ның 23-і – әкеден, 23-і – шеше­ден. Нәтижесінде  бала 50 па­йыз – әкеден, 50 пайыз – шешеден. Ал немересiнде – 25 пайыз, шөбересiнде – 12,5 пайыз, шөпшегiнде – 6,25 пайыз, неменесiнде – 3,125, жүрежатында – 1,5625 пайыз, туажатында 0,78125 пайыз атасының генi болады. «Жетi атасын бiлмеген жетесiз» дегеннiң неден шыққаны түсiнiктi де. Сегiзiншi ұрпақ бiр-бiрiмен қыз алысса, қан тазалығы жойылмай,  тек  сақталады.

Мақұл, бала некесіз туды делік. Одан келер қауіп қандай? Заңды сұрақ. Уақыт өтер, шата бала өсер. Жігіттік келіп, шаңырақ көтерер шақ туар. Сол кезде өзінің биологиялық әкесінен неке арқылы туған қызды жар етпесіне кім кепіл? Неме­се бойжеткен білмейтін бауырына тұрмысқа  шығуы  да  бек мүмкін ғой.

ҰРЫҚ  ДОНОРЛЫҒЫНАН  ҰЛТ  ҰТЫЛМАЙ  МА?

Әлемнің құрамдас бөлігі саналатын Қазақстанда да бедеулік пен белсіздік күн тәртібінен түскен емес. Жыл сайын көтерілген 150 мың шаңырақтың 20 мыңында осы мәселе туындайды. Қарап тұрсақ, көп жұрттың айтары ұл да бедеу, қыз да бедеу. Қаптаған бедеулік. Дендеген белсіздік. Белсіздік түбі – елсіздік. Бірақ, осы мәселені ЭКО және ұрық донорлығы шешеді деп сендіреді сала мамандары. Алғашқысының қау­пі аз, тек қуанышы болмаса. Екіншісінің төндірер залалы, келтірер зардабы орасан. ЭКО арқылы дүние­ге бала әкелуде Қазақстан нәтижесіз емес. Елімізде 23 репродуктивті орталық бар. Соның біреуіне жылына кем дегенде 4 мың жұп жүгінеді екен. Қуантарлық жайт. Бір ескерер жайт, бедеулікті жоятын, еркектің азаматтық әлеуетін арттыратын медицинада әлі күнге мүмкіндік жоқ. Егер әйел бала көтеруге жарамды, ері жарамсыз болғанда көмекке ұрық донорлығы келеді. Осы ретте біз айт­қалы отырған мәселе қылтиып басын көте­реді. Қазақстанда донорлық жүргізу қағидалары мен шарттары туралы заңда «Бір донордан 10 бала­ның тууы реципиенттері үшін бұл донорды пайдалануды тоқтатудың негізі саналады» деп бекіткен. Бұған сай бір донордан 10 бала дүниеге келеді. Бірақ, елімізде аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға лайықталған 8 криобанк бар. Біріне донор болған адам екіншісіне де қызметін көрсете алады. Сегізін аралап шыққанда, бір донордан 80 бала дүниеге келеді. Себебі, донордың аты-жөні, шыққан тегі толық жазылмайды. 8 криобанк арасында ортақ тізімдеме  жасалмайды.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде ұрық донорлығын реттеуді әлдеқашан қолға алған. Италия 2004 жылы ұрық донорлығы мен суррогат ана болуға заңмен тыйым салған. Канада осы ретте алға озып тұр. Бұл елде бір ғана «ұрық қоймасы» болып, онда донор ұрығын ақылы тапсыру­ға жол бермейді. Ұлыбританияда болса бір еркек тек 10 баланың ғана биоло­гиялық әкесі бола алады. Жаңа Зелан­дияда  бұл шектеу төртеуге дейін қысқартылған. Аустралиядағы ереже әр өңірде әртүрлі болғанымен, бір донор­ды 5 отбасыдан артық қолданбау нақты белгіленген. Қоңсы жатқан Қытайда бір ұрық бес әйел­ді жүкті  етуге ғана қолданылады. Ал бізде әр орталықта 10-нан, ұзын саны 8 орта­лықтан 80 әйел жүкті болуы бек мүмкін.  20 миллион халқы бар халық үшін тексіздік шека­расына өтіп кету қаупі басым емес пе? Себебі, Канадада 37,3 миллион, Ұлыбританияда 67,5 миллион, Аустра­лияда 25,3 миллион халық бар. Қытайды санамай-ақ қоялық. Ұрық донорлығы текті ұлттың тамырына балта  шауып  жатқан  жоқ  па?

ТІЛШІ  ТҮЙІНІ:  Фенимор Купердің Чингачгугін білесіз бе? Білмесеңіз айтайын,  Чингачгук – могикан тайпасының соңғы билеушісі, соңғы адамы. Еліне басқыншылықпен енген француздар мен ағылшындардың соғысы мен гурон тайпасының езгісіне қарсы күресті. Ақсүйектер тұқымынан шыққан Чингачгуктың жалғыз баласы бар-тын. Тегіне тартып туған ұл да адами құндылықтарды дәріптейтін. Парасаттылығы мен пайымы ағылшындар мен француздарды да тәнті еткен. Купердің баяндауы солай. Қанша текті болғанмен Чингачгук баласынан ерте айырылып, тегін жалғастырар ұрпақсыз қалды. Алайда, оның тектілігі әлі күнге айтылып жүр, жаңғырып жүр. Орыс ақыны Александр Твардовский «Бала әкесі үшін жауап бермейді» («Сын за отца не отвечает») деп жалпақ әлемге жар салып еді. Қытай пышағы іспетті ұрпақтың жетесіз болмасы үшін баршамыз жауаптымыз, көзіқарақты оқырман!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: