Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқыс полигондары: Қазақстан экологиялық мәселені қалай шешпек?

15.02.2026, 11:06 27

Қоқыс полигондарының жағдайы мен заңсыз қоқыс үйінділері Қазақстандағы өзекті экологиялық мәселелердің бірі болып қала береді. Неліктен полигондардың басым бөлігі талапқа сай емес және бұл түйткіл қалай шешілмек? Толығырақ тілші материалында. 

Ауылдағы полигондар неге талапқа сай емес?

Қазіргі таңда еліміздегі полигондардың 90 пайызға жуығы ауылдық жерлерде орналасқан. Алайда олардың небәрі 20 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Қалған 2 400-ге жуық полигонның рұқсат құжаттары жоқ. Соған қарамастан олардың жұмысы тоқтамады, өйткені көптеген ауылда тұрмыстық қалдықтарды жеткізетін басқа орын жоқ.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде қала мен ауыл полигондарына бірдей талап қойылатынын айтады. Оны орындау ауылдық әкімдіктер үшін қаржылық тұрғыдан қиын.

Мәселені шешу үшін министрлік ауылдық аумақтарға арналған нормативтерді жеңілдетуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2029 жылға дейін елде 100 жаңа полигон салу көзделген. Оның жетеуі пайдалануға берілген, қалғаны жобалау және құрылыс сатысында. 

Мамандардың бағалауынша, бір ғана облыстағы полигондарды толық экологиялық талаптарға сәйкестендіру үшін 200 млрд теңгеге дейін қаржы қажет болуы мүмкін. Себебі жұмыс істеп тұрған полигондардың басым бөлігі кеңестік кезеңде салынған.

– Полигондардың жағдайы әсіресе Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында күрделі. Бұл өңірлерде талаптарға сәйкестік деңгейі небәрі 3–5 пайызды құрайды. Біз ауылдық полигондарды заңдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл олардың толыққанды рұқсат құжаттарын алады деген сөз емес. Сол талаптарды орындау арқылы әкімдіктер полигондарды кем дегенде қоршап, үйінділерді ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл – ауылдық аумақтардың мүмкіндігіне сай әрі орындалатын шаралар, – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Абылай Алмұханов.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта полигондардың 80 пайыздан астамында гидрооқшаулау, сүзінді суды жинау және полигон газын шығару жүйелері жоқ. Сондықтан мәселе инженерлік инфрақұрылымның ескіруінде  жатыр.

Заңсыз қоқыс орындары азайып келе ме?

Қолданыстағы полигондардың жағдайы шешімін күтіп тұрғанымен, тағы бір өзекті мәселе – заңсыз қоқыс үйінділері. Соңғы жылдары оларды анықтау мен жою жұмыстары күшейтілгенімен, проблема толық шешілген жоқ.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықовтың айтуынша, биыл елімізде 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталған. Оның 196-сы немесе 22 пайызы жойылды.

– Заңсыз қоқыс полигондары ірі қалалар мен ауылдар үшін өзекті экологиялық мәселелердің бірі болып қалып отыр. Олардың пайда болуына кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі, қалдықтарды басқару жүйесіндегі кемшіліктер және халықтың экологиялық сауаттылығының төмендігі себеп. 2018 жылдан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, спутниктік мониторинг арқылы заңсыз қоқыс орындарын анықтап, олардың жойылуын бақылап келеді. Мониторинг жыл сайын сәуірден қарашаға дейін жүргізіледі. Биыл 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталды, оның 196-сы жойылды. Ең көп полигон Абай облысында – 137, Қостанай облысында – 113, Ұлытау облысында – 100, – дейді комитет төрағасы.

Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғарыштық мониторинг жалғасып жатыр.

Ұзақмерзімді көрсеткіштер оң өзгерісті аңғартады. Егер 2020 жылы елімізде 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны анықталса, өткен жылы олардың саны 3 828-ге дейін қысқарған. 

Бұл нәтижеге Экология министрлігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы ықпал етті. Сонымен бірге спутниктік мониторингтің қамту аумағы да айтарлықтай кеңейді. Егер 2018 жылы бақылау небәрі 16 елді мекенде жүргізілсе, 2024 жылы олардың саны 46-ға жетті. Қазір мониторинг республикалық маңызы бар қалаларды, облыс орталықтарын, ірі елді мекендерді және «Баянауыл» мен «Бурабай» ұлттық парктері сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қамтиды.

Қалдықтарды басқару жүйесіндегі өзгерістер

Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау мен жою – мәселенің бір ғана бөлігі. Ұзақмерзімді нәтиже үшін қалдықтарды басқару жүйесінің өзін жаңғырту қажет. Осы мақсатта ведомство өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындауды растау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжатта қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жарату жұмыстарын өз күшімен жүргізетін кәсіпорындардың міндеттемелерін растау тәртібін жетілдіру ұсынылған. Сонымен қатар нақты орындалған жұмыстарды дәлелдейтін құжаттарға қойылатын талаптар нақтыланады.

Министрлік мамандарының түсіндіруінше, бұл өзгерістер рәсімдердің ашықтығын арттырып, қалдықтарды басқару саласындағы бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Мәселе бұған дейін Парламентте де көтерілген болатын. Экс-мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым арнайы қоқыс алаңдары болғанымен, қалдықтардың көп жағдайда белгіленген орынға жеткізілмей, елді мекендердің маңына төгілетінін айтқан. Оның пікірінше, бұл халықтың денсаулығына да, қоршаған ортаға да елеулі қауіп төндіреді. Бұл орайда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев тиісті жұмыс жалғасатынын жеткізді. Өткен жылы ғарыштық мониторинг арқылы анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 98 пайызы жойылған. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол берген тұлғалар мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін нақтылау, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, экологиялық талаптарға сай полигондар санын көбейту, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру және жауапкершілікті күшейту қатар жүзеге асқанда ғана елде қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға болады.

М. Серікболқызы

Фото: ТЖМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: