Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанға тәуелсіздікті Назарбаев әперген жоқ!

16.12.2023, 9:00 611

HALYQLINE.KZ

Жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында ұраншылдар 1991 жылдан бастап санамалап тәуелсіздігімізге – 30 жыл, 31 жыл деп айта береді. Биыл тәуелсіздігімізге 32 жыл деп нақтылайды кейбіреуі. Осы цифрлар қайдан шыққан? Ол Н.Назарбаевтың «Қазақстанға тәуелсіздікті мен әпергем» деген эгоистік ұстанымынан шыққан.

Біз әлі күнге экс-елбасының идеологиялық құрсауынан ажырай алмай келеміз. Ақиқатында Қазақстанға тәуелсіздікті Назарбаев әперген жоқ! Ол – қазақ халқының отаршыл жүйеге қарсы қиян-кескі күресінің жемісі. Бодандық кезеңінде қазақ халқы отаршылдыққа қарсы 400 реттен астам қарулы көтеріліске шыққан. Сол күресте ең кемі 2,5 млн қазақ опат болды. «Әділет» бірлестігі коммунистік билік кезінде үш ашаршылықтан ғана 7 млн (!!!) адам құрбан болғанын дәлелдеді. Яғни тәуелсіздік бізге еш құрбансыз төбеден түсті деген – былжырақ сөз. Тәуелсіздік – орасан құрбандықтардың нәтижесі.

Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде 1465 жылы құрылғанын ескерсек, биыл оған 558 жыл болып отыр. Керей мен Жәнібек хандар көтерген қазақтың тәуелсіздік туы араға 260 жыл (1731 жылдан 1991 жылға дейін бодандық) салып 1991 жылы қайта көтерілді. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, 558 жылдан 260 жылды шығарып тастағанда 298 жыл азаттығымызға тиесілі екен. Үш ғасыр! Оны кім жоққа шығарады? Сонда біз 1991 жылы 16 желтоқсанда азаттыққа алғаш қол жеткізген жоқпыз, біз халық күресінің нәтижесінде бұрынғы тарихи тәуелсіздігімізді қайтарып алдық! Ақиқаты да, менің талап етіп жүргенім де осы!

Мұндай мысалдар тарихта баршылық. Айталық, Әзірбайжан Демократиялық Республикасы 1918 жылы 23 мамырда құрылған. Әзірбайжан мемлекеттілігі 23 ай ғана өмір сүрді. 1991 жылы 18 қазанда Әзірбайжан Жоғарғы Кеңесінің тәуелсіздік туралы конституциялық акті қабылданған дата «Тәуелсіздік қайтарылған күн» деп аталды. Мереке қазірде де солай аталады.

Сондықтан Қазақстандағы Тәуелсіздік күні ресми түрде «Тәуелсіздігімізді қайтарып алған күн» ретінде мерекеленуі керек! Енді екі жылдан кейін Қазақ хандығы құрылғанына 560 жыл толады. Соны бүкілхалықтық мереке ретінде тойлаудың іс-шаралары қазірден қарастырылғаны жөн.

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушыпублицист.

Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: