Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылықтар жолда қалған жолаушыларға көмектесті

13.01.2022, 17:30 430

HALYQLINE.KZ Өткен күндерде тұтастай ел аумағын шарпыған сын сәтте Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданының жұртшылығы адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты жергілікті теміржол вокзалында екі күнге жуық жолда аялдап қалған жолаушыларға жергілікті тұрғындар көмек беріп, ыстық тамақ ұйымдастырып, қажетті бұйымдарын тегін жеткізген. Осынау қиын күндердің куәгері болған жолаушылар бүгінде Қазалы жұртшылығына ризашылығын жаудырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 5 қаңтарда болған еді. Сол күні еліміздің көптеген өңірінде жаппай тәртіпсіздік салдарынан жолаушылар қатынасында едәуір қиындық туындағаны белгілі. Төтенше жағдайдағы белгісіздікке орай, №33 Алматы-Ақтөбе, №77 Алматы-Маңғыстау аралығында қатынайтын жолаушылар пойызы Қазалы теміржол вокзалында тоқтап тұруға мәжбүр болды. Өңірлердегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты аталған пойыздарға әрі қарай жүруге рұқсат етілген жоқ. Осы екі пойыздың ішінде 700-800-ге жуық адам болды.

Әрине, алғашқыда жолаушылар шыдамдылық танытты. Бірақ уақыт өте келе олардың да мазасы қаша бастады. Біреуі тамақ, екіншісі дәрі-дәрмек пен қажетті затын іздеп, сабылуға мәжбүр болды. Вокзал іші нөпір халыққа толды. Жолаушылардың қолма-қол ақшасы да, ішер тамағы да таусылды. Вокзал маңындағы банкоматтардағы ақшаларды тиісті мекемелер қауіпсіздік жағдайына байланысты шешіп алған болатын. Бұл да жолаушылардың қажетін алуына біршама қиындық туғызды. Ақшасын банкоматта ұстайтын жолаушылар абыржып қалды.

Бұл жағдайдан аудан басшылығы мен жергілікті еріктілер толық хабардар болды. Жолаушылардың мұқтажын шешу мақсатында тиісті іс-шаралар дереу қолға алынды. Аудан әкімінің тапсырмасымен теміржол вокзалында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов, аудандық аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ғалым Сматуллаев және өзге азаматтар, еріктілер белсенді қимыл жүргізді. Жолаушылар пойызында сырқаттанып келе жатқан науқастарға дәрі-дәрмек жеткізді. Одан кейінгі кезекте жергілікті кәсіпкерлер және еріктілердің күшімен вокзал маңына арнайы ошақтар мен қазандар жеткізіліп, жолаушыларға ыстық тамақ дайындалды. Уақыт өте келе жолаушыға көмек беремін деушілердің саны молайып, қос пойыздағы жолаушылар толық тегін аспен, қажетті заттармен қамтылды. Ел ішіндегі дүрбелең шақта Қазалы теміржол вокзалына екі күнге жуық тоқтауға мәжбүр болған жолаушыларға жергілікті жұртшылық осылай бір кісідей қол ұшын созды. Сын сәтте адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсеткен аудан халқына пойыздағы көпшілік әлі де алғысын жеткізіп жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: