Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылық кәсіпкерлердің балаларға тартуы

22.10.2022, 16:00 300

Бүгін Қазалыда Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында балалар жылына тарту ретінде демеушілердің қолдауымен Сарбұлақ ауылында саябақ ашылып, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекенінде спорт алаңдары пайдалануға берілді.

Сарбұлақ ауылындағы саябақ пен Әйтеке би кентіндегі спорт алаңының ашылуына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Бала – біздің болашағымыз. Балалар жылына орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарда бюджет көздерінен тыс, демеушіліктің есебінен спорт және ойын алаңдарын салу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма Қазалы ауданында толық жүзеге асырылды. Бүгінгі күні Сарбұлақ ауылында саябақ, Әйтеке би кентінде 2, Байқожа елді мекенінде 1 спорт алаңы және аудан орталығында 1 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тағы да жерлес кәсіпкер азаматымыз Темірхан Кенжебаевтың демеушілігімен Аранды ауылынан спорт және балалар ойын алаңы құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жалпы бүгін Қызылорда облысында балалар жылына тарту ретінде аймақ басшысының бастамасымен қала мен аудандарда демеушілердің қолдауымен құны 1.6 млрд. теңгеге бір мезетте 80 спорт ойын алаңы ел игілігіне берілді, – деді аудан басшысы.

Сарбұлақтағы саябақ осы ауылдың төл тумасы, жеке кәсіпкер Ержан Дәріқожаевтың демеушілігімен ашылса, Әйтеке би кентіндегі спорт алаңын жергілікті кәсіпкер, «Намыс құрылыс» ЖШС директоры Әбдімәлік Өтеулиев салып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берді.

Балалар жылына орай пайдалануға берілген қос нысанның ашылу салтанатында тұрғындар да сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Бүгін Майлыбас ауылдық округіне қарасты Байқожа елді мекенінде де демеушілердің қолдауымен спорт алаңы пайдалануға берілді. Жаңа нысанның салынуына ауыл халқы мен балалар дән риза.

Ал, бұған дейін оқушылар үйінің ауласында жеке кәсіпкер Жасұлан Шамұратовтың демеушілігімен балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: