Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАЛЫ:  Биыл  ауданда  4  ауыл  «көгілдір  отынға»  қосылады

08.07.2026, 16:06 74

Қазыналы Қазалы – өндірісі өркендеп, экономикасы артып, әлеуеті дамып жатқан аудан. Тарихы терең бұл өлкенің бүгінде даму қарқыны жоғары.

Өңірдің солтүстік беткейінде тұғыр тепкен аудан халқының ауызбіршілігі бекем. Мұнда қай саланы алып қарасаңыз да, қылаудай шикілік таппайсыз. Құдды бір қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай болып тұр. Тақтайдай тегіс жолдар, самаладай жарқыраған түнгі жарық шамдар, сонау жерден көз тартар балалар ойын алаңы, сарбаздай сап түзеген тұрғын үйлер бәрі-бәрі көңіл құсын көкке шарлатады. Тіршілік қазаны қыж-қыж қайнаған бұл ауданды көпшілік екінші Түркістан деп атап кеткені сондықтан болар бәлкім.

Сексен мыңға жуық халқы бар қазыналы ауданда атқарылып жатқан игі іс, жағымды жаңалық жетерлік. Бұл ел игілігі  жолындағы ортақ еңбектің  жемісі  екені  хақ.

Бүгінде Қазалы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның негізгі салаларында оң өсім қалыптасып, бірқатар маңызды  жоба  жүзеге асырылуда.

Бұл  туралы  Өңірлік коммуникациялар  қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының  әкімі  Алмасбек Есмаханов  хабарлады.

Оның айтуынша, алты айдың қорытындысында ауданда өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс және тұрғын үй сала­ларында өсім қарқыны байқалды. Сонымен қатар, ауданның өз кіріс­тері жоспардан жоғары орындалып, жергілікті бюджеттің тұрақтылығы қамтамасыз  етілді.

Қазалы бүгінде  кәсіпкерлік әлеуе­ті жоғары аудандардың біріне айналып отыр. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, жаңа кәсіпкерлік  нысан­дары ашылуда. Бұл жергілікті жұртшылықтың әлеуетінің артуына оң септігін тигізбек. Жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында өндіріс пен қызмет  көрсету салаларында  да жаңа  жобалар іске қосылып, тұр­ғындар  тұрақты  жұмыспен қам­тылуда. Мұның  игілігін жастар да жақсы пайдала­нып, өз  кәсіптерін  қолға  алуда.

– Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беруде. Соның ішінде Басықара ауылындағы тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы өңірдің балық шаруа­шылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. Жоба толық  іске қосылғаннан кейін ішкі нарық­ты сапалы өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама аясында көптеген тұрғын өз кәсібін бастап, жаңа жұмыс орын­дары ашылуда. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде, — деді аудан  әкімі.

Аймақта  ауыл  шаруашылығы кең көлемде дамыған аудан – осы Қазалы.

Биыл аудан диқандары 12 мың 245 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оның ішінде күріш дақылы 2447 гектар жерге орналас­тырылды. Сонымен қатар, дәнді дақылдар 2837 га, майлы дақылдар    196 га, картоп, көкініс, бақша 2293 га, мал азықтық дақылдар 7119 гектар жерге себілді. Табиғи ауыл шаруашылық өнімін дамытқан аудан халқы егіс көлемін жыл сайын жақсы жолға қойып, жыл қорытындысымен межелі мүддеден шығып келеді.

 – Ауданымызда есепті кезеңде Ресей, Грузия, Польша, Англияға,  Дания, Германия, Түркия, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 167,2 тонна күріш, 444 тонна балық, 1 791,8 тонна қамыс, жалпы 2 403 тонна өнім экспортқа шығарылды. Бүгінде аудан бойынша мал басында да өсім бар. Инженерлік-инфрақұрылым жобасы жолға қойылған. Ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыс­тары жалғасуда. Өткен жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарына мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық, облыстық және арнайы есеп шоттан, барлығы 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде аудан халқы     100  пайыз таза ауызсумен қамтылды, — деді  Алмасбек  Әбілқасымұлы.

Баспасөз мәслихатында аудан тұрғындарын электр энергия­мен қамту бағытында да ауқымды жұмыс­тар  атқарылып жатқаны да сөз  болды.

Биыл Қазалы қаласының электр желілерін  толық жаңғырту жұ­мысын жалғастыруға  (2024 жылы 110,1 млн тг, 2025 жылы 336,7 млн тг) 132,5 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыс­тар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 442,8 млн теңгеге Қожабақы ауылының және 242,8 млн теңгеге Ү.Түкті­баев ауылының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізі­ліп, бүгінде елді мекен тұрғын­дары жаңа электр желілерінің игілігін көріп жатқанын атап өтті.  Мұнымен қоса жақын күндері Құмжиек және Қарашеңгел ауылдарының электр желілерін 100 пайыз толық  жаңғыртылатыны  хабарланды.

– Ал, биыл республикалық бюд­жеттен бөлінген 680 млн теңге қаржы есебінен Жанқожа батыр, Бека­рыстан би, Майдакөл және Түкті­баев ауылдарында орамішілік газ желілерінің құрылысы қарқынды  жүргізілуде. Атап айтқанда, Жан­қожа  батыр, Бекарыстан би, Май­да­көл, Түктібаев ауылдарына тиісті қаржысы бөлінді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыс­тары белгіленген мерзімде аяқ­талып, қазан  айында аталған төрт ауыл «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қазалы  ауданында  халықты табиғи газбен қамту деңгейі 77,6 пайызды құрайды. Жоспарланған 4 ауыл толық­тай газ желісіне қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 86,3 пайызға дейін  өседі, — деді  аудан  басшысы.

Ауданда көптен қолға алынған «Қарлан» көпірінің жұмысын жал­ғастыруға 758,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыс­тары атқарылуда. Көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі  деп  күтілуде.

Баспана мәселесі – қай кезде де күн тәртібінен  түспейтін өзекті тақырып. Қазіргі уақытта аудан бо­йынша тұрғын үйге кезегінде барлы­ғы 3374 адам тіркелген. Жыл сайын заңдылақтарға сәйкес кезек реттілігімен  табысталып  келеді.

 – Бүгінде Қазалы ауданындағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Білім саласы бойынша биылғы оқу жылында ауда­нымызда 1015 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 943 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қаты­сып, 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгі», 116-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Денсаулық сақтау сала­сы бойынша елді мекендердегі денсаулық  сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, аудан­да санитар­лық автокөлікпен қамту мәселесі толыққанды шешілді. Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту мақсатында биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында барлығы 110 жас  маусымдық еңбекке тартылуда. Жасақ мүшелері аудан­ның санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыс­тарына белсенді қатысу­да. Аудан тұрғындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз  етуде Қаза­лы аудандық поли­ция бөліміне 7 авто­көлік берілді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Күшті Прези­дент, ықпалды Құрылтай, еститін Үкімет» қағидалары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасы  шеңберінде жүйе­лі жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың 6 айын­да аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 990 өтініш келіп түскен. Өтініштер бойынша толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, олардың орындалуына қатаң бақылау жүргізілді. Әрбір мәселе ұдайы назарымда, — деді Алма­сбек  Есмаханов  өз  сөзінде.

Қазалы ауданы – қарышты қадам­дарымен қарқынды келе жатқан өңір. Бұл – бекем бірлік пен тату тірліктің жемісті нәтижесі. Баспа­сөз мәслихатында айтылған тоқсан ауыз сөздің  тобықтай  түйіні  осыған  саяды.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: