Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаныш ағаның ерлігі

12.04.2024, 15:15 399

HALYQLINE.KZ

Қаныш  Сәтбаевтың  туғанына  –  125  жыл

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының өмірінде талай зұлматтың болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ 1930-1933 жылдардағы қолдан әдейі жасалған аштықтың да зардабы өте зор болды. Халқымыздың жартысынан астамы сол зұлматтан аштан қырылды. Осындай қиын кезеңде өзінің азаматтық ерлігін көрсете білген ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қайырымды ерлік істері жайлы оқиғаға тікелей куә болған ҚР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы археология институтында ұзақ жылдар қызмет еткен академик Кемел Ақышев ақсақалдың айтқан естеліктерінен біліп отырамыз.

«Мен өз өмірімде халқымыздың біртуар ұлы Қ.Сәтбаевқа қарыздар адаммын, – деп бастады әңгімесін Кемел ақсақал. – Бұлай дейтінім, Қаныш аға, біріншіден, мені кішкентай күнімде ажал аранынан алып қалды. Екіншіден, кәмелеттік жасқа келгенімде мамандық таңдауыма ықпал етті. Үшіншіден, жұмысқа орналасуыма көмектесіп, өмір бойғы осы мамандығым археология ғылымына бағыт сілтеп жіберді. Түсінетін адамға осы жақсылықтардың өзі аз нәрсе емес, шырағым!..».

Кемекең – әкесі жағынан Баянауылдағы атақты Мұса Шормановтың ұрпағы, ал анасы Ғазиза Қаныш ағаның туған апасы екен. 1932 жылғы қазақ даласын жайлаған ашаршылық Қ.Сәтбаевтың да ауылын есеңгіретеді. Еліне аштықтан түгел қырылу қаупі төнеді. Ол кезде Қаныш Балқаштағы Қарсақбай мыс қорыту комбинаты геологиялық барлау қызметінің басшысы екен. Күндердің күнінде оған «жағдай осылай болып жатыр» деп Баянауылдан арнайы жіберілген адам келеді. Мына жаман хабарды естігенде Қаныштың жүрегі қан жылап, қапа болады. Бірақ дереу есін жиып, шұғыл шешім қабылдайды. Ол «Ұлытаудағы геологиялық барлау экспедициясына кеттім» деген сылтаумен, полуторка машинасына азық-түлікті мол қылып тиеп алып, қасына туған інісін ертіп, жүргізушісімен Баянауылға жолға шығады. Ит арқасы қияндағы Балқаш пен Жасыбайдың арасында қанша уақыт жүргені белгісіз. Елге келсе бір кездері 40-50 түтін болып отырған ауылының тоз-тозы шығыпты. Ісіп-кеуіп жатқан туыстарына әкелген азық-түліктерін үлестіріп жатып, көңілі құлазып, көзіне жас алып, жүрегі қатты қиналған ол ағайындарына: «Үлкен адамдарың – бір Құдайға аманат, ал балаларды маған беріңдер. Бәрін жиып алып кетейін, бұларды аман алып қалудың жолы осы» дейді. Қайтарда жолшыбай Керегетастағы қыстауда отырған жездесі Ақыштың отбасын білуге бұрылады. Келсе Ғазиза апасы қайтыс болыпты. Одан қалған кішкентай екі бала Кемел мен Рәшаттың аштықтан жүріп-тұруға шамалары келмей, көздері жылтырап қана жатыр екен. Орыс жүргізушісі екеуі балаларды арқалап, сайдағы машинаға әкеліп, кузов үстіндегі өзге балаларға қосып, Қарсақбайға қарай жүріп кетеді…

«Сол кездері мен сегіз жаста едім, – дейді Кемел аға ауыр күрсініп. – Машина үстіндегі арық-тұрақ балалардың арасында бір ғана ересек адам болды. Ол Қаныш ағаның інісі Тәрмізі ағай еді. Міне, сол туысымыз «қарнымыз ашты-ау» деген кезде үстіміздегі құрым киізді көтереді де, оның астында бүк түсіп жатқан біздің аузымызға су тамызады, қолымызға тілдей ғана қатқан нанды ұстатады да, жамылғымен қайта бүркеп тастайды. Сонымен төртінші күн дегенде таң атып келе жатқанда Қарсақбай көшелеріне де келіп жеттік-ау!

Қаныш аға үйге келісімен Тайсия жеңгейді зыр қақтыра жүріп, қаланың бір шетінде тұратын енесі Фелица Васильевнаны шақыртты. Олар бізді тамақтандырып, ауладағы үлкен қазанға су ысытып, бәріміздің шашымыз бен тырнағымызды алып, бүкіл баланы шомылдырды…

Содан 15 бала Қаныш ағаның 3 бөлмелі үйінде бір айдан аса уақыт тұрып, есімізді жиған соң Рәшат пен мені қолдарына алып қалып, басқа балаларды «Балалар үйіне» орналастырды. Рәшат екеумізді Қарсақбайдағы мектепке оқуға берді. Онан соң жоғарғы оқуға оқытты.

Жұмысқа орналасуыма ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеді… Міне, мен Қаныш ағамның осындай қайырымды көмегінің арқасында үлкен ғалым адам болдым. Оның мұндай жақсылығын қалайша ұмытпақпын?!

Ақылды, білімді, адал адамдардың атқарған істері әрқашанда ақылдылықпен аяқталады ғой. Қаныш аға сол кезде өзіне «өте аянышты» хабар айтқан адамның сөзіне селт етпей, «Балқаш қайда, Баянауыл қайда? Жұмысымды қайтіп тастап кетемін?» деп қарақан басын ғана ойлап, елге бармаса, барған күннің өзінде тек ауылына ғана соғып, Керегетастағы Ауғансайға бұрылмай өте шыққанда, «Алтын адамды» табу арқылы Қазақ елінің абыройын асырған атақты археолог-ғалым, мына алдарыңызда отырған Кемел Ақышев қазіргі осы өмірде болар ма едім, болмас па едім?…

Осыншама баланы аштықтан аман алып қалған қайырымды ісін, «Қаныш ағаның ерлігі» екенін неге айтпасқа?».

Осылай деген Кемел ақсақал сол өткен күндерін есіне алып, көзінің жасын тыя алмай қайта-қайта сүртумен болды… 

Қазақстанның кен байыту орындарын ашып, орасан зор еңбек еткен, халқымыздың біртуар азаматы, археолог-зерттеуші, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың осындай қайырымдылық, ерлік ісі кейінгілерге, әсіресе, қазіргі күнгі әкімдерге, мемлекеттік қызметкерлерге үлгі-өнеге, сабақ болар деген үмітпен Кемел ақсақалдың естелігін оқырмандарға жеткізуді өзімнің алдыма мақсат еттім.

Айбол  БИТУҒАНОВ,

«Досбол»  қайырымдылық  қорының  директоры

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: