Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өтеген Сейітұлы — 18 жыл бойы республика прокуроры болған тұлға

07.05.2026, 10:37 45

Еліміздің тарихында Отанымыздың тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығы үшін күрескен батыр тұлғалар аз емес. Солардың бірі — Өтеген Сейітов.

Бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнаған аса көрнекті заңгер, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, республика прокуроры болған, тұлғасы биік асыл азамат есімі халықтың жадында.

Өтеген Сейітұлы — Қазақстандағы құқық қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі. Ол 1966-1984 жылдар аралығында прокуратура саласында қызмет етіп, қарапайым тергеушіден республика Бас прокуроры деңгейіне дейін көтерілген.

Өтеген Сейітұлының балалық және жастық шағы ел тарихындағы күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келген. Ашаршылық, әлеуметтік қиындықтар, отбасы жағдайындағы ауыртпалықтар оның ерте есейіп, өмірге байыппен қарауына әсер етті. Балалар үйінде тәрбиеленуі, тұрмыстық тапшылықты бастан кешуі оның мінезін шыңдап, төзімділік пен еңбекқорлыққа үйреткен.

Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында ел қорғау ісіне үлес қосқан. Жауынгерлік еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Соғыс тәжірибесі оның азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал еткен.

Соғыстан кейін Өтеген Сейітұлы прокуратура органдарына қызметке орналасып, осы салада қырық жылдан астам еңбек еткен. Қызмет жолын төменгі буыннан бастап, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғары лауазымдарға көтерілген.

Ол 18 жыл бойы республика прокуроры қызметін атқарған. Осы кезеңде заңдылықты нығайту, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген.

Өтеген Сейітұлы бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, сондай-ақ партия органдарында қызмет атқарған. Бұл оның қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін көрсетеді. Еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген заңгері» атағына ие болған.

Өтеген Сейітұлы тек тәжірибелі басшы ғана емес, білікті мамандарды даярлауға үлес қосқан ұстаз ретінде де белгілі. Оның жетекшілігімен құқық қорғау органдарында қызмет еткен көптеген заңгерлер кәсіби тұрғыда қалыптасты.

Өтеген Сейітұлының өмір жолы – өзінің «Өмір өткелдерінде» атты кітабында және «Заңғар Заңгер», «Өз ісіне адалдық», «Өнегесі өшпейтін Өтеген аға» мақалаларында жарияланған.

Оның жүріп өткен жолы – кәсіпке адалдығы, жауапкершілігі, мемлекеттік қызметке берілгендігі әрдайым жас ұрпаққа үлгі, өнеге болып қала береді.

Қызылорда қаласының прокуратурасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: