Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде жыл соңына дейін газдандыру 85 пайызға артады

28.07.2026, 19:22 26

Қызылорда облысында тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл өңірде ауыз су, газ, электр және жылумен қамту салаларында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, инженерлік желілерді жаңғыртуға басымдық берілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ізмағамбетов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, бүгінде облыстағы 4 қала мен 222 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған. Қазіргі таңда ауыз сумен жабдықтау және су бұру бағытында 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде су құбырлары желілерінің тозу деңгейін 33 пайыздан 31 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуын 32 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Сонымен қатар, Арал және Қазалы аудандарының 160 мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ететін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының екі тармағының құрылысы жалғасуда.Газдандыру бағытында да жұмыстар қарқынды.

-Қазіргі уақытта облыстағы барлық қала табиғи газға қосылған. Газдандырылған ауылдық елді мекендер саны 56-ға жетсе, жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңірді газдандыру деңгейі 85 пайызға дейін жеткізілмек.Электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту аясында биыл 605 шақырым әуе желісі мен 190 қосалқы станция қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар электр желілерінің тозуын 60 пайыздан 59 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірде жалпы қуаты 148 мегаватт болатын бес күн электр станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жалпы қуаты 234 мегаватт болатын бір жел және бес күн электр станциясының құрылысы жоспарланған.Жылу беру маусымына дайындық та жоспарға сай жүргізілуде. Жылу желілерін жаңғырту, насос станцияларын, газтурбиналық қондырғыларды, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының орындалуы 68 пайызды құрайды. Сондай-ақ, алдағы жылыту маусымына қажетті отын қорын қалыптастыру жұмыстары бақылауда. Бүгінге дейін облысқа 8 мың тоннадан астам көмір жеткізіліп, қоймаларда қосымша 12 мың тонна көмір қоры жасақталған. Қызылорда жылу электр орталығында мазут пен дизель отынының нормативтік қоры толық қамтамасыз етілген. Өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге басымдық берілмек,- деді Бауыржан Нұрланұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: