Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңдеу өнеркәсібі өнімін ұлғайту жолдары талқыланды

03.10.2023, 15:00 165

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері қаралды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін арттыруға арналған жобаларды уақытылы іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биылғы 8 айда Қызылорда облысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 192,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артты. Тек, Қызылорда қаласында 99,1%-ға орындалды. Осы ретте, 9 ай қорытындысымен Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына облыстық статистика департаментімен бірлесіп, аймақтағы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, өңдеу өнеркәсібі пулы аясында аймақта 715 млрд теңгенің 46 жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде жыл соңына дейін құны 7,2 млрд теңгеге жуық 7 жоба іске қосылуы жоспарланған. Қазір 2 жоба нәтижеге жетіп, өнім шығара бастады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жыл аяғына дейін қалған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшадин Амитов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Аймақта жол-көлік оқиғаларының салдарынан соңғы бес жылда және биылғы 8 айда 668 адам қаза болып, 3323 адам жарақат алған. Маусым айында облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осы мәселе арнайы қаралып, құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Дегенмен, 8 айдың қорытындысымен облыс көлемінде 306 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, көрсеткіш 24 пайызға өскен.

Облыс әкімі жол қауіпсіздігін сақтау деңгейін арттырып, жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек екенін айтты. Облыстық полиция департаментіне электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылдануына байланысты көліктің жаңа түрлерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды. Жол апаттарының алдын алу мақсатында автомобиль жолдарындағы авариялық қауіпті учаскелерді анықтауды, кемшіліктерді жою және сол аумақтарды жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар енгізуді, мүдделі органдармен бірлесіп, қалаішілік және облысаралық бағытта заңсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды ескертті.

«ҚазАвтожол» акционерлік қоғамының облыстық филиалына облыстық полиция департаментімен бірлесіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізін тексеріп, қауіпті аймақтарда жүргізушілер үшін арнайы құралдар мен жол белгілерін орнату тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: