Жаңақорған ауданында инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүруде.
Бүгін ауданға арнайы сапармен келген облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл, аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекпен бірге бірқатар ірі өндірістік және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Алдымен жақында іске қосылған «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы таныстырылды. Құны 5,5 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп қана қоймай, оны өңдеу бағытындағы мүмкіндіктердің де артып келе жатқанын көрсететін жобалардың бірі.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Шалқия кентіндегі бірқатар ірі өндірістік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Солардың бірі – «СП Қызылорда цемент» ЖШС-нің цемент зауыты. Жобаның құны 47,6 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы. Өндіріс іске қосылған кезде 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланған.
Шалқиядағы ең ауқымды жобалардың бірі – «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның кен байыту фабрикасы. Жобаның жалпы құны 414,7 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 4 мың тонна қорғасын және мырыш концентратын өндіруге бағытталған. Жоба толық қуатына шыққанда 1 540 адамды жұмыспен қамту көзделген. Іске асыру мерзімі 2027–2028 жылдарға жоспарланған.
Сонымен қатар «Горнодобывающая компания Хонда» ЖШС-нің кен байыту фабрикасы жобасы жүзеге асырылуда. Құны 62,3 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 60 мың тонна қорғасын және мырыш концентратын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 350 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпорынды 2027–2028 жылдары іске қосу көзделіп отыр.
Шалқия кентінде құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жобалар да жүзеге асуда. «Шалқия тас» ЖШС-нің асфальт және темірбетон өндіретін зауыттары іске қосылған. Екі жобаның жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды. Өндірістік қуаты жылына 2 мың тонна асфальт және 30 мың текше метр темірбетон өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорындарда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұдан бөлек, «Shalkiya Minerals LLP» ЖШС-і минералды ұнтақ өндіру зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Құны 220 млн теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 30 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 20 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар «Қуат керамзит» ЖШС-нің керамзит және керамзит блоктарын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба құны 130 млн теңге. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3 млн дана блок шығаруға есептелген.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында да жаңа өндіріс қолға алынуда.
Жаманбай батыр ауылдық округінің Кеңес ауылында «QazaqAgroProcessing» ЖШС томат пастасы мен көкөніс пюресін өндіретін кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 3 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 18 мың тонна томат пастасын өндіруге мүмкіндік береді.
Жалпы, таныстырылған 8 жобаның инвестициялық құны 534,85 млрд теңгені құрайды. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда ауданда 2 340 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру, өндірістерге қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету және жобалардың аудан экономикасына беретін нақты тиімділігін арттыру бойынша тиісті тапсырмалар мен ұсыныстарын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!