Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкіміне аралдықтар не айтты?

28.10.2022, 9:55 218

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Арал ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық Оқушылар үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаменті бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов пен төтенше жағдайлар департаменті бастығы Руслан Қайрақбаев қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 70-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 30-ға жуық тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу, жол сапасына мән беру, сор көлдер мен каналдарды тазалау, балабақша, мектеп салу және субсидияға қатысты мәселелер көтерді.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 40 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Аймақ басшысы мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысы Жаңақорған ауданында жеке қабылдау өткізіп, өзекті мәселелер реттілігіне қарай шешімін тапты.

Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасы аясында орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді.

Еске салу керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшысы болып келген сәттен бері 21 рет қабылдау өткізіп, 200-ге жуық азаматтың мәселесін саралады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жарлық аясында М.Мақатаев көшесіндегі балықшылар аллеясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: