Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерекеге жаңартылған аулалар тарту етілді

19.10.2023, 15:30 148

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Қала күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өткен Абай даңғылы №47 үйдің ауласына барып, жерлестерді мерекемен құттықтады. «Туған жерді түлетейік» бастамасына белсенді атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

«Аймағымыздың бас шаһарында тұрғындардың мақтаныш сезімін оятып, көз қуанышына айналатын бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Қаламызға сән берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар мерейтойға арнап тарту етілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты, яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек» деген болатын. Қала – өз үйіміз. Оған қамқорлықпен қарау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Туған жерімізді, туған қаламызды бірге түлетейік!», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы ойын және футбол алаңдарындағы жеткіншектерге естелік сыйлықтар табыстады, тұрғындармен пікірлесті. Аулаларды жаңартуға демеуші болған «Қыран» компаниясы мен оның басшысы, кәсіпкер Жайсаң Сыздықов Құрмет грамотасымен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мекемелердің қызметкерлері алғыс хатпен марапатталды.

Бүгінде Сыр өңірінің кәсіпкерлері мен меценаттар туған жерді түлету жобаларына 37 млрд. теңгеден астам қаржы құйды. Жаңашыл бастамалардың басым бөлігі Қызылорда қаласында жүзеге асуда. Жақында «Анаға тағзым» орталығы және «Отбасы орталығы» пайдалануға берілді. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы, кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Орталық алаң қайта жаңғыртылуда. Заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. Жыл соңына дейін музыкалық колледж ғимараты бой көтереді. Маусым айынан бері 1,1 млрд.теңгеге облыс орталығындағы 28 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды, 1 млрд.теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Өткен жылы аймағымызда демеушілер құны 1,6 млрд теңге болатын 80 балалар ойын алаңын салып берді. Оның 50-і – Қызылорда қаласында.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: