Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік идеологияның тағы бір ақымақ жобасы

26.12.2022, 9:00 563

HALYQLINE.KZ

Бәрі өтеді, бәрі өзгереді, бірақ коммунистік партиядан шыққандардың жұмыс тәсілі өзгермейді екен. Оны Алматыдағы «Тағзым» ескерткішінің ашылуын естіп айтып отырмын. Меніңше, ар мен ұяттан безген жандар ғана осындай арсыздыққа, әруақтарды қорлауға барады.

Біріншіден, «Қаңтар қырғынының» шындығы ашылып, жазықсыз қаза болғандар толық анықталып, оларды атқан, азаптап қинап өлтірген жауыздардың аты-жөндері жарыққа шыққан жоқ. «Пантеонға» кімдердің аты-жөндері жазылмақ? Ажал құшқан 237 адамның қаншасының Президентіміз айтқан «Таяу шығыс, Ауғанстан, Орта Азия едерінен келген» террористер екенін де анықтай алмай отырмыз. Пантеонда сол содырлардың да аты-жөні бола ма, ең бастысы, олардың қай елден келгені көрестіле ме екен? Егер ажал құшқандардың ішінде бірде-бір «арнайы дайындалған, шетелдік содыр» болмаса, Президент мырзаның өте ыңғайсыз жағдайға қалары анық. Сондықтан, өз басым, пантеондағы жазудан 237 адамның емес, тек қана ақымақ бұйрықтың салдарынан қаза болған бейбақтардың аты-жөндерін көргім келеді. Ал қалғандарының – қолдарында қару болғаны және жоғарыдағы елдерден келгені толық анықталған жағдайда – аты-жөндері сот кезінде анықталып, оларды атқан адамдарға марапат бергенін көргім келеді.

Екіншіден, «Тағзым» ескерткіші кімдерге арналғанын анықтап алған дұрыс сияқты. БАҚ-та жарияланған арнайы ақпаратта «қаңтар айында жаппай тәртіпсіздік құрбандарына», «Алматы үшін күрескен батырлардың құрметіне» және «қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендердің есімдері» деген үш түрлі анықтама бар. Меніңше, «тәртіпсіздік құрбандары» аз да болса, шындыққа жақындайды, ал «Алматы үшін күрескен» деген анықтаманы түсіне алмадым. Мүмкін, оққа ұшқан 237 адам Президент айтқан 20 000 содырдан Алматыны қорғамақ болған шығар. Алайда осы уақытқа дейігі мәлімет бойынша, оққа ұшқандардың көпшілігінің не тәртіпсіздікке, не «Ауғанстаннан келген содырлармен» күреске ешқандай қатысы жоқ, бейтарап та бейкүнә жандар. «Қазақстанның қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендер» деген анықтама да ақиқаттан алыс жатыр. Мүмкін, бұның қатарына әскерилер мен тәртіп сақшылары кіретін болар, бірақ қонаққа бара жатып ажал құшқан отбасы, төрт жасар сәби, салт атты қойшы сияқты боздақтардың бұл тізімге енбейтіні анық. «Тағзым» ерлік жасап, сол ерлік үшін өз өмірін қиғандарға құрмет көрсету, тағзым ету болса, ақымақ бұйрық пен соқыр орындаушылардың салдарынан болған трагедияға қалай тағзым етеміз. Меніңше, егер «Қаңтар қырғынына» ескерткіш орнату қажет болса – оған «Қаңтар қырғыны» деген ат қана лайық.

Үшіншіден, ескерткіштегі жазылған сөздер де менің көңілімнен шықпады. «Дегенде дүние шіркін өтер-кетер, түбіне сұм дүниенің кімдер жетер, қадір тұт, бір-біріңе құрмет көрсет, тірлікте сыйластыққа бар ма жетер» деген сөздер «Соншама неге жылайсыңдар, дүние шіркін өтер-кетер, оған өкінбе (!). Дүниеқоңыз болма (?) – бұл дүниенің соңына ешкім жеткен жоқ (!). Тірі кезімізде бірі-бірімізді  сыйлап қадірлеп жүрейік (?), сыйластыққа ештеңе жетпейді» дегенді ғана білдіреді. Бұл жолдардың «Қаңтар қырғынына» ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймын. Ал сол жақта жазылған Ыбырай атамыздың өлең жолы – көңіл айтудың өлең жолында берілген бір нұсқасы. Олардың орнына «Кешірім сұраймыз. Бұндай зұлмат ешқашан қайталанбайды!» деген жазу орынды болар ма еді.

«Қаңтар қырғыны» да Желтоқсан көтерілісіне ұқсап барады. Жәбірленуші – бар да, жәбірлеуші – жоқ. Таяқ жегендер – бар да, таяқ ұстағандар – жоқ. Кінәсіз ажал құшқандар – бар да, сол ажалға алып келген бұйрықты берушілер – жоқ (Әрине, сержанттар, тергеушілер, төменгі шенді әскери адамдардың ішінде жазаға тартылғандары болуы мүмкін). Бір сөзбен айтқанда, өздері өлтіріп, өздері ескерткіш қоятын жүйе сол қалпы тұр. Ол «Назарбаев моделі» (Тоқаевтың сөзі) деп атала ма, әлде «Жаңа Қазақстан» (Тоқаевтың сөзі) деп атала ма, бәрібір…

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: