Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Машбекұлын мазалаған не?

07.07.2020, 14:50 856

Тақырыпты осылай турасынан қойғанды жөн көрдік. Әрі-беріден соң мақаланың «тақиясын» жұмсартуға болар ед (і). Бірақ қала басшысы құрылыс жүріп жатқан нысандарды аралау барысында кейбір мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алды. Әсіресе, Н.Машбекұлы А.Тоқмағамбетов көшесінің бойындағы кварталаралық жылу желілерін қайта жүрізіп жатқан «Ерқанат сервис» серіктестігінің салғырттығына шамданды.

Ұзындығы 1,3 шақырым болатын жылу желісі жоспар бойынша қыркүйек айында тамамдалуы тиіс. Алайда қала әкімі мердігер мекеменің сылбыр қимылдап жатқанын айтты.

– Бұл – орталық көше. Құрылыс жұмыстары басталғалы бақылап жүрмін. Күнделікті таңертең, кешке келіп кетемін. Жұмыс күші өте аз. Бұдан бөлек, Сіздер қаншама кәсіпкердің есігінің алдын апыр-топырын шығарып, қазып тастағансыздар! Тиісінше, олар қаншама «клиеттерден» айырылып отыр. Қажетті сақтық шаралары мүлде жасалмаған. Құрылыс жұмыстарының айналасы ашық-шашық жатыр. Құдай бетін ары қылсын, ойын баласы шұңқырға құлап кетсе, кім жауап береді? – деп шүйлікті қала әкімі.

Осыдан соң жауапты мердігерге құрылысты сапалы, әрі жылдам аяқтауды тапсырды. «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК филиал директоры Бақытжан Молдимановтың айтуынша, биыл «Жұмыспен қамту Жол картасы 2020» бағдарламасымен шаһарда тозығы жеткен 7 шақырым жылу желісі жөнделмек.

Осы жылы облыс орталығында 200-ден аса көшеге орташа және күрделі жөндеу жасалып, 68 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Мәселен, ұзындығы 2,2 шақырым болатын И.Журба көшесін орташа жөндеуге 173 млн 600 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, мұнда жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Қазіргі күні «УАД» серіктестігінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында 30 адам еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, М.Көкенов атындағы көшеге ұзындығы 3100 метр болатын тротуар төселуде.

Бас шаһарда күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер баршылық. Алайда бұның барлығын бір күнде жаңалауға бюджеттің мүмкіндігі жоқ. Аспаннан ақша жаумайтыны айдан анық. Әйтсе де, қазынадан бөлінген там-тұм тиынды мақсатты жұмсап, жоспар тап-тұйнақтай орындалса, оның өзі жетістік.

Жалпы, биыл қалада «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде 4 мектеп, 1 балабақша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақсуат ауылдық округінде орналасқан №143 орта мектеп, Халықаралық жобалар арқылы 3 мектептің есік-терезелері мен шатыры жаңалануда.

Іргетасы 1985 жылы қалаған №23 орта мектеп күні бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Есік-терезелері әбден тозған. Сылағы түсіп, сұрқы қашқан. Жөндеу жұмыстарын көзбен көрген қала әкімі мердігерге құрылыс материалдарының талапқа сай болуын баса айтты.

 – Ең бастысы, істеріңізде сапа болсын. Құрылыс материалдарының әрбірі талапқа сай болғаны жөн. Бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген білім ошағы бұл. Мемлекет дағдарысқа, қиын жағдайға қарамастан қаражат бөліп отыр. Сол себепті, берілген мүмкіндікті пайдаланып, ел игілігіне жұмыс істейік, – деді Н.Машбекұлы.

Бұдан әрі қала әкімі Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында халықаралық жобалар арқылы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына барды. Бұл нысан 1976 жылы пайдалануға берілген. Жалпы аумағы – 5 мың шаршы метр. Орын саны – 964. Жапон мемлекетінен халықаралық жобалар грантын жеңіп алған мектептің шатыры жөнделуде. Өз кезегінде қала басшысы халықаралық жобада жеңімпаз атану оңай еместігін айта келе, мектеп директоры Ғ.Әбдіқайымовқа алғыс білдірді. Бүгінде аталған жұмыстарды «Спортмастер СБ» серіктестігі жүргізуде.

Осыдан кейін Н.Нәлібаев №173, №112 мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қалалық білім бөліміндегілер қазіргі күні шаһардағы бірнеше ықшам ауданға мектеп салу қажет екендігін айтты.

– «Арай», «Саяхат», «СПМК-70» шағын аудандарына мектеп қажет. Оны біз жеке кәсіпкерлер арқылы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» шағын ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 600 орындық мектеп салынуда. Келер жылы пайдаланылуға берілмек. Бұл аумақтағы балалар Әл-Фараби шағын ауданы мен Досан ауылындағы мектептерге қатынап оқиды, – деді қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Парасат Жаңабергенов.

Айта кететін жайт, бүгінде облыс орталығында 54 мектеп орналасқан. Білім ошақтарының жағдайы зерттеліп, 12 жобаның сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке өтінім ұсынылған.

ТҮЙІН. Қазір ел экономикасы «қыл көпірдің» үстінде тұр. Қазынадан бөлінген әр тиынның өтеуі бар. Құрылыс жұмыстары жылға жетпей сыр беріп, қайта жөндеуді қажет етсе, халық оның сұрауын серіктестіктен бұрын әкімнен алады. Сондықтан Машбекұлының мазасыздануы заңдылық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: