Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту

25.09.2026, 20:50 71

 HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда қалалық мәслихаттың кезектен тыс 57-ші сессиясы өтті. Онда шаһар басшысы Нұржан Ахатов халық қалаулыларына биылғы жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыр елінің бас шаһарында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жүйелі өсімі қамтамасыз етіліп келеді. Қаланың бюджеті жыл басында 94 млрд 200 млн теңге болып бекітіліп, қазіргі уақытта облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы 230 млрд теңгеге жетті. Қаржылар құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру және кенттер мен ауылдық округтерді дамытуға бағытталуда.

Қыркүйек айына қала бюджетінің түсімдері 117 млрд 906,6 млн теңгеге орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 148,1 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 244 млрд 385 млн теңгені құрады. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 180 млрд 224,1 млн теңге, ол өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 116,1%-ға артты.

Құрылыс жұмыстарының көлемі болса 113 млрд 570 млн теңгеге жетіп, 111,8%-ға орындалды. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 364 601 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,7%-ды межеледі. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд 130 млн теңгені құрады. Өсім әлі де қалыптасуда.

«Алдымызда жүзеге асыратын ірі жобаларымыз жетерлік. Ол – «Қызылорда қаласының орталық көшелерін реновациялау» жобасы. Жоспарға жалпы ұзындығы 3,8 шақырым болатын А.Тоқмағамбетов, Қазыбек би, К.Байсейітова және Сұлтан Бейбарыс көшелерін жаңартуды енгіздік. Жоба аясында жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту, бірыңғай сәулеттік дизайн-кодты енгізу, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ көше бойындағы бос жатқан аумақтарды тиімді игеру қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 5,4 млрд теңге. Бұл бастаманың басты ерекшелігі оны іске асыру моделінде. Жоба EPC – «дайын күйде тапсыру» қағидатымен жүзеге асады. Яғни, жеңімпаз мердігер компания жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, оны мемлекеттік сараптамадан өткізеді және құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап, пайдалануға береді», — деді Нұржан Сәбитұлы.

Тағы бір игі бастама – «Эдельвейс» саяжайындағы көл жағасында «Балалар мен жасөспірімдер спорты мен белсенді демалысты дамытуға арналған көпфункционалды орталықтың» құрылысы жоспарлануда. Бұл нысан да EPC моделімен салынбақ. Мұнда екі қабатты әкімшілік ғимарат, заманауи су сырғанау аймағы, бассейндер, пирс, велосипед тебу, триатлон және жүгіруге арналған алаңдар ашылады. Сонымен қатар, Әл-Фараби шағын ауданында инновациялық-шығармашылық орталығы бой көтереді. Бүгінгі күні құрылыстың бастапқы кезеңіне облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді.

Сонымен қатар, Тасбөгет кенті тұрғындарының ұзақ жылдар бойғы арман-тілегі орындалатын уақыты жақын қалды. Өйткені, кент орталығындағы Есенов көшесінің бойынан жаңа 400 орындық типтік емхана құрылысын салу үшін 1,5 гектар жер учаскесі белгіленді. Қазір жер құжаттары рәсімделуде.

Сессияда депутаттар қаланың дамуын бағытын айқындайтын басқа да жобалармен танысып, көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: