Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі

24.04.2023, 15:30 485

HALYQLINE.KZ Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қызылорда облысының 85 жылдығына орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған құнды жәдігерлерден ұйымдастырылған «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрмені Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев ашып, Сыр өңірінің терең тарихына тоқталып өтті.Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев өз құттықтау сөзінде аталмыш көрме Қарағанды облысы мен Сыр жұртшылығы арасында мәдени ынтымақтастық қалыптастыратындығын айтып, естелік сый тарту етті.

Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов барша қонақтарды Қызылорда облысының 85 жылдығымен құттықтап, музей қызметкерлеріне табыс тіледі. Сыр өңірі – Қазақстан жеріндегі көне өркениет іздері мол сақталған өлкенің бірі. Өлкенің тарихы археологиялық деректер бойынша бес мыңжылдықты қамтиды. Ежелгі заманнан бастап осы аймақта өмір сүрген халықтар Батыс және Шығысты байланыстыра отырып, өзіндік шаруашылық пен мәдени типті қалыптастырды. Жыр боп жауһарланған, өлмес өнердің отын жаққан киелі мекен, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған көрмеге Сыр өлкесінің тарихынан, өнері мен мәдениетінен сыр шертетін 100-ге жуық құнды экспонат қойылды.

Тарихи көрмеде б.з.д. 4-2 мыңжылдықтарды қамтитын Шірік-Рабат қалашығының алтын әшекей бұйымдары, 10-18 ғасырлар аралығында өмір сүрген Сығанақ қалашығының алтындары, 7-11 ғасырлардағы оғыздар пайдаланған Жанкент қыш бұйымдары, мәдени құндылығы аса жоғары археологиялық артефактілер, бірнеше ғасырлық тарихы бар жәдігерлер, сан ғасырлар сынынан өтіп шираған, қазақ халқының табиғи дарынымен өзектес, халық өмірімен, тұрмысымен бірге өсіп, біте қайнасып келген қолөнерінің әсем үлгі-нұсқалары, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар Арқа жұртшылығының назарына ұсынылды. Көрменің мақсаты – Сыр өңірі тарихы мен мәдениетін, көненің көзіне айналған жәдігерлерімізді, киелі өлкеміздің мәдениеті мен руханиятын Арқа жұртшылығына таныстыру, ұмыт қалып бара жатқан ата-бабамыздың көне, бай мұрасын жаңа буынға, жас ұрпаққа таныстыру, аманаттау.

Іс-шара барысында «Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» директоры Сапар Көзейбаев пен «Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі» директоры Ержан Нұрмағанбетов музей ісі және тәжірибе алмасу саласында ынтымақтастық туралы МЕМОРАНДУМҒА қол қойды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: