Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Реверанс» алған асу

14.06.2022, 12:00 285

HALYQLINE.KZ

«Балалар жылына» орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың басым бөлігі түрлі байқаулармен басталуда. Осы жылы Сыр өңірінің балақайлары көптеген жарыстың үздігі атануда. Солардың бірі – қызылордалық «Реверанс» би ансамблі. Олар жақында өткен республикалық би сайысынан жеңімпаз болды. Осыған орай олар өңірлік коммуникациялар қызметінде жеңіс жолындағы төгілген тері туралы брифинг берді. Оған «Реверанс» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Тимур Анжіжанов пен үздік атанған би тобының оқушылары қатысты. №267 орта мектептің оқушыларына би үйірмесінен сабақ өтетін Тимур Алдамжарұлы өзінің жеке би студиясын ашып, қазір сонда балаларды биге баулып жатыр екен.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Хореография» мамандығы бойынша тамамдадым. Қазір өзімнің саламда оқушыларды биге тәрбиелеу арқылы биіктерді бағындырып жатырмын. Мамандығым бойынша алғашқы жұмысымды №267 орта мектебінде үйірмеде би үйретуден бастадым. Бүгінге дейін жұмысым өз жалғасын тауып отыр, – деді би үйірмеснің жетекшісі Тимур Алдамжарұлы.

Иә, «сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген мақалдың тегін айтылмағанына осы тұста көз жеткізе аламыз. Себебі, Тимурдың мектептен бастаған қызметінен алған үлкен тәжірибесі балалардың республикалық, облыстық, қалалық байқаулардан олжалаған жүлделерінен байқалады. Сонымен қатар, 2021 жылы өзінің авторлық би студиясын ашып, қазір онда 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды биге дайындауда. Сондай-ақ, мектепте құрылған би тобында 90-ға жуық бала болса, жеке би орталығында 40 шақты оқушы биге қатысады екен.

– Би үйірмесінде түрлі бағыттағы, көп ұлттың билерін үйренеміз. Маған заманауи үлгідегі билерді билеген ұнайды. Және осы жолда өзімді әлі дамытқым келеді. Болашақта танымал бишілердің қатарына қосылу – басты мақсатым,– дейді «Реверанс» би ансамблінің шәкірті Қарақат Бекенбай.

Кастинг арқылы қабылданатын би орталығының жұмысы қарқынды жүргізілетіні көрініп тұр. Өйткені, «бұл студияны құрудағы басты мақсатым – ақша табу емес, ең бірінші өзімнің және балаларымның бағындарған белестері» дейді үйірме жетекшісі. Айта кететін болсақ, жерлестеріміз халықаралық «Жеті өнер», «Алатау шыңы», «Біз бақытты баламыз» және тағы да басқа республикалық сайыстардан бас жүлде мен бірінші орыннан көрініп келеді. Ұлттық биді нақышына келтіріп, мың бұралып билейтін бишілердің қазіргі замандағы би стилі «хип-хоп», «джаз» түрлерінде де асқан шеберлік көрсетеді. Сонымен қоса, олар алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Сыр бойының мақтаныштарына айналған шығармашылық би тобы өздерінің жеке кешін беруді жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ, би студияларын жаңартып, жаңа техникалармен жабдықтауды көздеуде. Би үйірмесі жетекшісі өнерлі балаларды қолдайтын демеуші табылса, шәкірттерін шетелде өтетін байқауларға апаруды армандайды.

Алтын мен күмістері мойнында тағылған биді сүйетін жас өрендердің келешекке деген талпынысы мен көзқарастары жаман емес. Барлығы «менмін» деген жұлдыз боларына кәміл сенеміз. Ендігі уақытта «Реверанс» би ансамбліне шығармашылық табыс, жоғары байқаулардан жеңіс, қолдау көрсететін жомарт  жан табылсын деп тілейміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: