Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көшбасшыға ерген құр қалмас

09.04.2020, 11:29 307

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған қазақстандықтарға арнаған үндеуін интернеттен толық оқып шықтым. Онда ҚР-ның тәуелсіздік жылдарындағы ең қиын кезеңдерінен де қазақстандықтардың қалай шыққандығы туралы тәжірибелерді айта келе, бүгінгі күні әлем халқының басына төнген індеттен де құтылудың ең басты жолы баршамыздың сабырлы, байсалды болуымыз керек екендігі туралы үндеген ақ тілегі жария етілген.

Әлем бойынша бүгінде 1,4 миллионнан астам адамды сырқатқа шалдықтырып, он мыңдаған адамның өмірін қиып кеткен бұл зауалдың алдын алуда еліміз алғашқылардың бірі болып сақтық шараларына кірісіп, әлем мемлекеттерімен бірлесе коронавирус дертіне дауа іздеп, осы күнгі ғылым-білімнің жетістігіндегі ең соңғы жаңа табылған емдерге дейін жер жүзі болып бірлесе пайдалануға еліміздің күш салып жатқанын ел-халыққа жеткізіп, осы ортақ іске баршамыздың жұдырықтай жұмыла түсуімізді үндеген.

Тәуелсіздік жылдарының өн бойында алыс-жақын шетелдермен парасаттылықпен орнатылған байсалды саяси қарым-қатынастың, пандемияның өршіп бара жатқан бұл кезінде де өз жемісін беріп жатқанын, соның нәтижесінде шетел мемлекеттері осы қиын-қыстау кезеңде бір-біріне ерікті түрде бауырмалдықпен қол ұштарын созып жатқанын баян еткен.

Осындай кезеңде, сөз жоқ, экономика мен елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да оңай тимейді. Бірақ осы қиындықтардың барлығын ел экономикасын әртараптандыру үшін жасалған «Қазақстан-2050» стратегиясы аясында жүргізілген реформалардың, соның нәтижесінде жинақталған Ұлттық қордың бүгінгі қиындықты еңсеруге, сөйтіп әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларға берілетін көмектерге зор ықпалы тиіп жатқаны сөз болған.

Осы жұмыстарды әрмен қарай жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен әрекет етіп, осы уақытша қиындықтан шығуға барлық деңгейдегі басшыларды күш салуға шақырған.

Рухы мықты, өзіне сенімді адамдар қиындық арқылы шыныға түсіп, өзгелерді бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылта отырып, халықпен бірге шыңдалып, індетке қарсы тұруда «бірлесе отырып тірлік жасап», аға ұрпақ пен зиялы қауымға: осындай қиын-қыстауда бас болып халықты ынтымаққа, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға, жаңа өскіндерге: өз қатарлары мен іні-қарындастарын үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-бірімен шынайы дос бола алуға шақыру керектігіне бағыт сілтеген.

Сондықтан мен осы үндеуді оқып, қысқаша түйген ойларым мен әсерлерімді сіздерге жеткізе отырып, шынында аузымызды әр жаққа қисайтпай, жығылып жатып сүрініп кеткендерге күлмей, жел сөздерге ере бермей Аллаға құлшылық еткен «құл» болмайтынын, көшбасшыға ере білген ешқашан еш нәрседен құр қалмайтынын сезініп, Жаратқанның осы бір сынағынан шынығып өтейікші дегім келеді.

Шарафадин  АЛТЫНБАЙ,

«ШДАМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қазалы ауданының құрметті азаматы.

ардагер-ұстаз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: