«Мен оның үш жыл көңілдесі болдым. Өзімді ол үшін теңдессіз жанмын деп ойладым.
Ол бірден айтты: «Мен үйленгенмін», — деп. Ашық айтып тұр, демек – бұл маған деген адалдығы дедім.
Ол 41-де. Өзіне сенімді, сымбатты. Дауысы ғажап енді, сиқыры бар.
«Әйелім екеуміздің арамызда бос кеңістік. Тек балалар үшін өмір сүріп жатырмыз», — деді.
«Сенімен отырғанда ғана жаным шуақты», — деді.
Мен сендім.
Үш жыл.
Сейсенбі және бейсенбі – екеуміздің күніміз.
Кешкі ас, сырлы әңгімелер, жұмсақ алақаны, жағымды иісі…
Және ең соңында ылғи: «Мен кеттім. Әйелім телефон соғады», — дейді.
Ол жұбайының атын ешқашан атаған емес.
Мен де сұрамаппын. Себебі солай ыңғайлы, өмірде жоқ адам секілді бейне мен үшін.
Бірақ ол оған телефоннан «сүйдім» дейді де, менің ернімнен өбеді.
Сондықтан сенімдімін. Ол менімен қалғанда ғана шынайы.
Әйелін көргенге дейін осылай ойлап келдім.
Сосын бәрі түсінікті болды.
Мен жұбайын кездейсоқ көріп қалдым. Сол күні жұмыстан күндегіден ертерек шыққан едім. Офистің жанындағы кафенің алдынан өтіп бара жатып, терезе әйнегінің арғы бетінен екеуін байқап қалдым.
Ол әйеліне қарама-қарсы отыр.
«Әлдекімнің жанында» немесе «әлгі әйелінің қасында» отырған жоқ. Жанына жақын, ең қымбат адамымен отырды.
Әйелдің күлгені, жымиғаны әдемі екен. Бақытты, қадірлі әйелдің күлкісі.
Ал оның оған көзқарасы, ынтыға қарағаны… тіпті маған олай жымиған емес.
Менімен кездескенде жанарынан үнемі шаршаңқылықты байқаушы едім. Және оны «қазір өмір сүру оңай емес қой» дегенге балайтынмын.
Ал мына кездесуде еркіндік, жайлылық, жұмсақтық, бақыт байқалады.
Әйелі бірдеңелерді мәз бола айтып жатыр, айтып жатыр, ал ол оған қарай ұмсынып, маңдайына түскен шашын білдіртпей ақырын аялай қайырып қойды. Құдды екеуі үйінде отырғандай.
Селк еттім. «Әйелі оны түсінбейді», «бала үшін ғана өмір сүріп жатыр» деген жалған екенін, оның өзімнің ойым ғана екенін түсіндім. Керісінше мен ғой – сейсенбі мен бейсенбінің адамы ол үшін.
Терезе сыртында тұрып түсінгенім: оның шынайы күлкісі, ортақ әңгімесі, әзіл-қалжыңдары, олардың бірге кешкен жылдары, өмірі бар. Ал менде – оның тек жай сөздері ғана.
Және аптаның екі кеші ғана бар.
Сол күні қатты жыладым.
Қызық, бірақ ашуға мінбедім, айғайламадым да. Әдеттегіден тыс сабыр пайда бола қалды бойымда.
Кешке әдеттегіше: «Бүгін күндегідей уақытта ма?» деп жазғанда, бұрынғыдай бірден жауап бермедім.
Чатты сәлден соң аштым да: «Енді келудің қажеті жоқ» деп жаздым.
Ол бірден телефон соқты. Қайта-қайта қоңырау шалды.
«Не болды?».
«Сен дұрыс түсінбей қалдың».
«Сөйлесейікші», — деп жазды.
Бірақ енді сөйлесетін ештеңе қалмап еді».
Бұл – аударма, достар. Шетелдік бойжеткеннің өмірінен бір үзік сыр. Қысқа, нұсқа ғана әдемі жеткізіпті ішкі әлемін.
Менің бір танысым болды, отбасы бар жігітпен көңіл жарастырған. Содан бала сүйді. Кейін әйелі қайтыс болған азамат жолығып, екеуі үйленді. Сол кісінің қолынан ұстап, жақсы қызметін тастап ауылға тұруға кетті. Ол жай ғана бақытты болғысы келді себебі.
Біз жұмыс бабымен тағдырлы талай жанмен жүздесеміз, сұхбаттасамыз ғой. Таяуда бір адаммен кездесіп қалдым. Зейнеткер апай. 65-ке биыл толыпты. Дәу қалада жалғыз тұрады. Тұрмыс құрмаған. Әңгімелесе келе өзінің ұзақ жыл лауазымды бір кісімен көңілдес болғанын айтты. Ол кісімен үйленсем деп талпынбағанын да, әйелінің хабардар болғанын да айтып қалды. Жанында жүргенімнің өзі бақыт еді деді. Шынайы сүйген ғой. Жоғарыдағы жазбаны аударуға сол апайдың өмірі түрткі болды шынымды айтсам. Ол апай осында, фейсбукта бар…
Көңілдес болып жүрген уыздай жап-жас қазақ қыздары бүгінде аз емес. Ол дұрыс емес!!!
Нұржамал ӘЛІШЕВА,
журналист.
Алматы қаласы.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!