Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киім

20.06.2026, 7:00 25

 HALYQLINE.KZ

БОЯМАСЫЗ

Киім қарап жүрмін. Бір ғана пиджакқа 63 990 деген баға қойыпты. Бұл – жалғыз жалақымен күн көретін мен үшін өте қымбат. Сатушы екі жас қыз екен.

— Неге 64 000 емес, — деп күлдім.

Келесі бутиктегі бір көйлек 29 900 екен. Сатушы – үлкендеу екі әйел.

— Неге 30 000 емес, — деп, оларға да әзілдедім.

— Енді, бұл бизнестің подходы ғой, — деп күлді.

Иә, әрине, білем ғой. Тіпті 999 теңге деп көрсетілетін бағалар болады. Бұл маркетингте «психологиялық баға қою» деп аталады. Мәселен, 39 999 бен 40 000 арасындағы айырмашылық небәрі 1 теңге ғана болса да, адамдардың миы бағаны солдан оңға қарай қабылдайды. Сондықтан көбіміз 39 999-ды саналы түрде болмаса да «отыз тоғыз мың теңге» деп қабылдаймыз, ал 40 000-ды «қырық мың теңге» деп көреміз. Нәтижесінде бірінші баға арзанырақ болып сезіледі. Сондықтан мұның «сыры» – адамдардың бағаны қабылдау психологиясын пайдалану.

Өткенде Тұтынушы құқығын қорғау департаментінің өкілдері болған брифингке қатыстым. Сонда қымбат көйлектердің этикеткасын алмаған күйі бір киіп болып, «маған ұнамады» деп сатушыға бір апта ішінде қайта әкеліп өткізетіндер де кездеседі деді. Қызық!

Айтпақшы, өзім кірген бутиктерден киім іздеп жүрген әке мен қызды қайта-қайта көріп қала бердім.

— Мынау ше, балам, жақсы ғой, — деп бір көйлекті көрсетсе, қызы:

— Түу, папа, қарасаңшы, түсі онша емес қой. Выпускнойға мұндай көйлек жарамайды, — деп бұртиып «ұрысып» тастады. Әкесі қызының ізінен еріп томпаңдап шығып барады. Еріксіз езу тарттым. Дүкен аралайтын әкелер тым сирек қой, олар өздеріне де киімді олай іздемейді.

Сонымен, жақсы көйлек сатып алдым. Бағасын сәл түсірді, егер қолма-қол төлейтін болсаңыз деп.

Қызық! Сатушы түбіртекпен бірге AlpenGold шоколадын ұсынды. Саудада ондай қатынас та бар екен ғой.

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист.

Алматы  қаласы

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: