Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Исламды күйретудің амалдары көмектеспеді

27.02.2024, 16:15 253

HALYQLINE.KZ

Христиандық миссионерлер алғашқы кезеңнен-ақ исламға жау болды. Бұл, әсіресе, Англияда айырықша байқалды. Сол үшін Лондонда Отаршылдық жөніндегі арнайы министрлік құрылды. Ағылшындар жөйттердің амалын қолданып, исламға шабуыл бастады. Министрліктің мыңдаған шпионының қатарында қанын ішіне тартқан Хамфер деген сұмырай да болды. Ол 1713 жылы Басра қаласында Неждадан шыққан он төрт жастағы Мұхаммад ибн Абд аль-Уаххааб деген баланың сеніміне кіріп, оған ұстаз болып жүреді. Оның алдап-арбауына түскен Мұхаммад ақыры уаххабистік секта құрады. Бүгінгі уаххабистік ағым солай шпиондық әрекеттердің нәтижесінде құрылған. Мұхаммадтың Эд-Дирьия деген өлкеге барып, сол елдің әмірі Мұхаммад ибн Саудпен тіл табысуы түптің түбінде уахаббистік салафизм негізінде Сауд Арабиясы деген мемлекеттің пайда болуына соқтырды.

Британдық миссионер Хамфер кейін қартайған шағында «Ағылшындардың исламға дұшпандығы» туралы кітап шығарған. Бұл кітапта Ислам дінін жер бетінен түбегейлі сыпырып тастау үшін істеліну керек басты міндеттер жоспарланған.

Онда ислам дініне қалай іріткі салудың жолдары туралы баяндалады. Тыңшы миссионерлерге министрліктен орасан қаражат бөлінетіні айтылады. Миссионерлердің исламға қарсы жұмысына нұсқаулық ретінде ұсынылған бұл кітап кейін зымиян әрекеттерді әшкерелеу үшін «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» деген атпен түрік, орыс, т.б. тілдеріне аударылды. Төменде сол кітапта баяндалған әдіс-тәсілдер легі көрсетіледі.

Онда ең алдымен ішімдік, құмар ойындары, зинақорлық жəне шошқа етін ашық жəне жасырын түрде жаю керектігі басты нысана етіледі. Бұған қоса партиялар арасындағы, спорт клубтарының арасындағы қақтығыстарды өрбіту көзделеді. Мақсат – олар бір-бірімен арпалысып жүргенінде діни кітап оқуға, ислам дінін үйренуге уақыт таппай қалсын дегені.

Нұсқаулықта зымияндық жоспарларды жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Солардың бірқатарын келтірейін:

«Тұзағымызға түскен адамдардың қолымен күнделікті саяси газеттер мен журналдар шығартамыз. Бізге қызмет ететін адамдарымызды сол халықтың қаһарманындай қылып мақтаймыз. Дініне берік жəне иманы бүтін болған лауазымды кісілерді жамандап, қаралап, халық алдында беделін түсіреміз».

«Діни тəрбие берудің бұлағы болған отбасы жанұяларын қиратамыз. Ол үшін спорт, күрес, фитнес деген сылтаулармен ұятты жерлері, əуреттері ашық қыз-жігіт сүреттерін басып, жастарды зинақорлыққа жəне гомосексуализмге итермелейміз».

«Мұсылмандардың бойындағы ислами мінез-құлықты, ислами əдептілікті бұза алсақ, Исламды да жою оңайға соғады. Бұл арада мұсылмандарды шошытып алмау үшін, көп мешіттер салдыртамыз, бірақ ол жерлерге шынайы мұсылман ұстаздарын емес, біздің тəрбиеден өткен миссионерлерді, мазһабсыздарды имам қылып сайлап қоямыз».

«Мешітке жиі баратын жəне əйелдері шариғи талапқа сай киінетін мемлекет қызметкерлерін, əскер қатарындағы офицерлерді тыңшыларымыз анықтап, олардың жұмыстан босатылуына күш-жігер саламыз. Намаз оқитын жастардың университет студенттері қатарына қабылдануына, ал оқып жатқандарының диплом алуына кедергі жасаймыз».

Келесі нұсқауда: «Жихадқа қарсы күмəн тудыру, оның белгілі уақытқа ғана парыз болғандығы, енді оның уақытысы өтіп кеткендігіне мұсылмандарды сендіру керек» дейді.

«Мұсылмандардың ғибадаттарына кедергі болуға тырысып, «Аллаһ адамдардың ғибадаттарына мұқтаж емес» деп, оларды ғибадаттарын жасау мəселесінде күмəнға түсіресің. Қажылық, жамағатпен намаз оқу сияқты мұсылмандардың басын қосатын ғибадаттардан əртүрлі сылтау айтып, оларды суытасың. Дəл солай мешіттердің, кесенелердің, медреселердің салынуына жəне Кағбаның жөнделуіне де кедергі болуың керек».

«Мұсылмандардың сенімдеріне (ақидаларына) бидғаттар (дінде жоқ жаңа нəрселер) қосып, Исламды кері тартпа жəне террор діні деп айыптайсың. Ислам мемлекеттерінің кері қалғандығын айтасың, сол арқылы мұсылмандардың Исламмен байланысын əлсіретесің».

«Мына нəрсе де өте маңызды: балаларды өз əкелерінен алшақтатып, үлкендердің діни тəрбиесін алудан махрұм етеміз. Оларды біз тəрбиелейміз. Өйткені балалар əкелерінің тəрбиесінен ажырағаннан соң ақидадан, діннен жəне ғалымдардан да қол үзіп қалады».

«Мұсылман əйелдерін «құқықтарың жоқ, тұмшаланып қалғансыңдар» деп ызасын келтіріп, орамалдарын тастауға итермелейсіңдер. Орамал, хижаб діннің талабы емес, ол Аббасидтер заманында пайда болған əдет деп ұқтырасыңдар. «Адамдар Пайғамбардың əйелдерін ашық көретін еді жəне əйел барлық жұмыстарға қатысатын еді» дейсіңдер. Əйелдерді хижабтан шешіндіріп алған соң, енді еркектердің қөздерін ойнатып, екеуінің арасында зинақорлық жасалуына барынша ат салысасыңдар».

«Мешіт имамдарының фасық (күнəһар), пиғылы бұзық екендіктері жайлы өсек-əңгіме таратып, олардың қателерін көзге басып, əр мүмкіндікті жібермей имамдармен олардың арқасында намаз оқып жатқан жамағаттарының арасына іріткі мен дұшпандық отын тұтатып, жамағатпен намаз оқуды ұмыттырасыңдар».

«Пайғамбардың заманында болмаған, бидғат нəрсе деп кесене, мазарлардың бəрін құлатылуы тиіс деп айтыңдар. Əсіресе, пайғамбар, халифа, ғұлама жəне əулиелердің қабірлерінің орны туралы шиеленіскен қарама-қайшы деректер шығарып, мұсылмандарды зиярат етуде күмәнға түсіріп, соңында кесенелерге барудан бас тартқызасыңдар. Мұсылман мемлекеттердегі барлық мазарлар мен күмбездердің құлатылуы парыз болғаны сияқты Мадинадағы «Бақи» мазаратын да жермен-жексен етіп тегістеп тастау керек» деп үгіттейсің»!

«Барлық мұсылмандарға бас бостандықтарының құндылығын сылтау етіп, «əркім қалағанын жасай алады. Əмри биль-маъруф уə нəһи аниль-мункар жəне Ислам үкімдерін үйрету фарз емес» дейсің, (Негізінде Исламды үйрену жəне үйрету фарз. Мұсылмандардың бірінші міндеті). Əсіресе, мына пікірді таратасың: «Христиандар өз діндерін, яһудилер де өз діндерін ұстанады. Ешкім ешкімнің жүрегіне кіре алмайды. Əмри-маъруф уə нəһи-мункар (уағыздау) – халифаның міндеті, оған ешбір мұсылман араласпау керек».

«Мұсылмандардың көбеюіне кедергі болуы үшін бала туу саны шектеліп, біреуден көп əйелге үйленуге тыйым салынады. Үйленуге кейбір шарттар қойылады. Мысалы: араб ирандықпен, ирандық арабпен, түрік арабпен үйленуіне болмайды дегендей шарт қойылуы тиіс».

«Исламның тарауына жəне мұсылман еместерге үйретілуіне тыйым салынады. Ислам тек арабтардың діні деген пікір таратылады».

«Қайырымдылық мекемелерінің қызметтерін шектеп, оларды жеке тұлғалардан тартып алып, мемлекетке өткізіп жіберу қажет. Соңында жай азаматтарды өз қаржысына мешіт, медресе жəне осыларға ұқсас қайырымдылық мекемелерін құра алмайтындай жағдайға келтіру керек».

«Мұсылмандарды Құран жайында күдіктендіресің, ішінен аяттарды шығарып немесе артық сөйлемдер енгізіп, өзгертілген бірнеше Құран аудармаларын дайындап: «Көрдіңдер ме? Құран бұзылған. Бір-біріне сəйкес келмейді. Бірінде бар аятты екіншісінен таба алмайсың» деп айтасың».

«Құранды басқа тілдерге, мысалы: түрік, парсы, үнді тілдеріне аударып, Араб мемлекетінен басқа жерлерде арабша оқылуына кедергі боласыңдар жəне араб мемлекеттерінен басқа жерлерде «Азан», «Намаз» жəне «Дұғалардың» араб тілінде оқылуына жол бермейсіңдер. Дəл сол сияқты Құранға жасалуы жоспарланған аударма, сынау, өзгертулер хадистерге де қолданылуы керек».

P.S. Имамдарға, молдаларға тиісудің төркінін аңдадыңыз ба? Діни басқармаға шабуыл нені мақсат ететінін байқадыңыз ба? Ішмерездік қайдан қаржыландырылатынын түйдіңіз бе? Сонда да Исламды күйретудің амалдары көмектеспеді. Ислам жаулары қаншама дұшпандық жасаса да Аллаға шексіз шүкіршілік, ислам діні өркендеп келеді. Қасиетті Құранның Хижр сүресінің 9-аятында: «Расында біз Құранды түсірдік әрі оны сақтаймыз» делінуі тегін емес!

Марат  Бәйділдаұлы  (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: