Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың жаманы жоқ, жаман ұлт деген ұғым жоқ

21.12.2022, 15:15 299

HALYQLINE.KZ

Мұхаммед Хайдар Дулатидің: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің» деген сөзі бар. Бейбітшілік – адамның ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сарымайдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі. Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жылда, яғни 5 жарым мың жылда адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген.

Бұл өкінішті жайт адамзат санасының бағзы заманнан бері көп өзгермегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын ше­гіп келеді. Мұның бар­лығы – бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жай­лайтын­ды­ғының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі боп тұр. Біз неліктен мыңдаған жыл бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Сонда бізге не жетпейді? Жалпы арандатып, үгіттеушілердің қитұрқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз
амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жанды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуіміз керек?

Адамзат бұл өмірде емтиханнан өтіп жатқанын ұмытып, пенделік тірліктен, кеудемсоқ өркөкіректіктен арыла алмай келеді. Шексіз амбициясымен соғыс бас­тап жүрген, өздерін ұлы санайтын кейбір держава басшылары басқа мемлекеттің ішкі тірлігіне араласып, оның қалай өмір сүруін неге шешуі керек? Олар құдай емес қой. Мен өнер саласында қызмет етіп жүргендіктен, әлемнің көптеген елінде болдым, түрлі халықтың мәдениетімен танысып жүрмін. Осы уақыт аралығында түсінгенім – халықтың жаманы жоқ, жаман ұлт деген ұғым жоқ. Тек сол уақыттың еншісіне көз жүгіртсек, осы күнге дейін сол халықтың ойын бұрмалап, өзінің арам пиғылын жүзеге асырып жүрген мемлекет басшылары ғана бар. Бұл – шындық.

Айтпағым, бәріміз нәсілге, ұлтқа, дінге, түрлі елге бөлінеміз. Бірақ біз бәрімізге ортақ Жер-Ананың баласы екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Бәріміз бір аспан астында тұрып жатырмыз. Ешбір қасиетті кітап адамды жауыздыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды. Дінаралық соғыстың қайдан туындап жатқаны мен үшін түсініксіз. Ересектердің қателігі үшін өскелең ұрпағымыз, сәбилеріміз зардап шекпеуі керек деп ойлаймын. Осы себепті біз дүрдараздыққа жол бермей, әрқашан достаса алуымыз қажет. Адамзат пен әлемнің ертеңі бүгінгі біздің қолымызда. Біз – бір үйдің, бір мекеннің, бір аспанның перзентіміз.

Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН,

әнші.

Орталық Азия медиа форумында сөйлеген сөзі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: